ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Карачиде қанды қырғын орын алса, Бостон марафонында жарылыс жасаған Д.Царнаев өлім жазасына кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлем жұртшылығын елең еткізген жағымды да, жағымсыз да жаңалықтар желдей есті. Мәселен, осы аптада дәстүрлі өнер мерекелерінің бірі 68-ші Канн кинофестивалінің ашылуы әлемнің миллиондаған адамының назарын өзіне аударса, Пәкістандағы адамзат баласына жасалған қастандық талайдың жанын түршіктірді.

Киносүйер қауым назары Канн фестиваліне ауды

Сәрсенбінің сәтінде Францияда 68-ші Канн кинофестивалі ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне шақырылған өнер жұлдыздарының барлығы бірдей дерлік келе алмады. Олар фестивалді тамашалауға сәл кейініріек қосылмақ. Дегенмен, қызыл кілеммен кино индустрия мен әлемдік шоу бизнестің Катрин Денев, Наоми Уоттс, Сиенна Миллер, Натали Портман сынды жарқын жұлдыздары жүріп өтті.

Кинофестиваль әдеттегідей голливудтық блокбастердің алғашқы көрсетілімімен емес, басты рөлді Катрин Денев сомдаған қиын жасөспірімдердің өмірінен сыр шертетін «С Высоко поднятой головой» туындысымен ашылды.

Айта кетерлігі, кинофорум шымылдығын мұндай жанрда, бұған қоса кәмелеттік жасқа толмағандар түрмесінде түсірілген драма алғаш рет ашып отыр. Фильм режиссері - Эманюэль Берко. Бұл да кинофестивальдің шағын болса да таңқаларлық сәті десек те болады. Өйткені, бұған дейін Канн кинофестивалінде әйел түсірген туынды еш уақытта ең бірінші көрсетілген емес.

«С высоко поднятой головой» кинотуындысы кәмелеттік жасқа толмаған қылмыскер Мэлонидің есею жылдарынан сыр шертеді. Оны дұрыс жолға салу үшін судья мен әлеуметтік қызметкер тырысып бағады. Фемида қызметшісі рөлін фильмде Катрин Денев сомдаған.

Кинофорумды ұйымдастыру комитеті ұйымдастырған тағы бір қызықты сәт бар. Атап айтсақ, сонау 1964 жылы Каннда көрсетілген Жак Демидің «Шербурские зонтики» музыкалық туындысы К.Деневтің жұлдызды мәртебеге ие болуына жол ашқан еді. 68-ші халықаралық Канн кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына 50-ден астам фильм енгізілген. Бірақ, оның тек 19-ы ғана «Алтын пальма бұтағы» үшін сайысқа түсе алады. Көпшіліктің асыға күткен туындыларының бірі Канн фестиваліне 6 мәрте қатысқан әрі «Оскар» сыйлығының иегері Паоло Соррентиноның «Юность» фильмі десек артық емес. Туынды ағылшын ханшайымынан тосын ұсыныс алған кәрілікке бой ұрған дирижердің тарихынан сыр шертеді. Басты рөлді Майкл Кейн сомдаса, сондай-ақ фильмге Харви Кейтель мен Джейн Фонд та түскен.

Мұнан бөлек, жүлделі орынға Жак Одиярдың «Дипан», Стефан Бриздің «Закон рынка», Валери Данзеллидің «Маргарита и Жюльен», Маттэо Гарроннің «Сказка сказок», Тодд Хейнстің «Кэрол», Хоу Сяосяньнің «Убийца», Цзя Чжанканың «Горы могут ходить», Хироказу Корээдтың «Дневник Умимати», Джастин Курзеляның «Макбет», Йоргос Лантимостың «Лобстер», Майуэнн Ле Бесконың «Мой король», Нанни Мореттидің «Моя мать», Ласло Немештың «Сын Сола» Хоаким Триердің «Громче, чем бомбы», Гас Ван Сентаның «Море деревьев», Дени Вильневтің «Наемница», Гийом Никлудің «Долина любви» және Мишель Франконың «Хроники» фильмдері үмітті.

68-ші Канн кинофестивалінің қазылар алқасын режиссер және сценарий жазушылар, ағайынды Джоэл және Итан Коэндер басқарады. Осылайша, фестиваль тарихында алғашқы рет қазылар алқасының басында бірдей екі адам отырмақ. Айта кетерлігі, олардың сөзіне қарағанда, соңғы шешім шығарарда әрқайсысының бөлек дауыстары болады. Демек, «Алтын пальма бұтағы» сыйлығын беру барысында екеуінің арасында дау туындауы да мүмкін.

Ал қазылар алқасы құрамында мыналар бар: ағылшын актрисасы Сиенна Миллер, американдық актер Джейк Джилленхол, мексикандық режиссер Гильермо дель Торо, француздық актриса әрі режиссер Софи Марсо, испандық актриса Росси де Пальма, канадалық режиссер әрі актер Ксавье Долан, малилік композитор әрі әнші Мали Рокиа Траоре.

Карачидегі қанды қырғын

13 мамыр күні таңертең Пәкістандағы Карачиде, Сафура Готх ауданындағы бас жолда салонында 62 адам бар жүйткіп келе жатқан автобусты 3 мотоцикльге мінген 6 адам тоқтатты. Бастапқыда лаңкестер автобусты сыртынан атқылап, осыдан кейін салонға басып кірген әрі жолаушылардың барлығын оққа ұшырған.

Шабуылға ұшыраған автобус исламның шиіт тармағына қарайтын исмаилиттер жамағатына тиесілі екендігі белгілі. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, шабуыл жан-жақты жоспарланған. Қылмыскерлер полиция формасында болған әрі автобус қозғалысының бағдарын жетік білген.

Таратылған ақпаратқа сәйкес, лаңкестік акт салдарынан 47 адам қаза тапса, 15 адам түрлі дәрежеде өте ауыр жарақат алған. Бұл лаңкестіктің жауапкершілігін екі бірдей лаңкестік топ өз мойындарына алып отыр. Оның бірі - «Ислам мемлекеті» болса, екіншісі - пәкістандық талибтермен байланысы бар, бірақ бұған дейін онша танымал болмаған «Джандалла» ұйымы. Лаңкестер таяу күндері Пәкістандағы исмаилиттерге, шиіттерге және христиандарға қарсы жаңа шабуылдар жасалатынын айтып, қоқан-лоққы жасауда.

Айта кетерлігі, соңғы уақытта Пәкістанда шиітерге қарсы шабуылдар күшейіп тұр. Наурыз айында лаңкес-жанкешті Лахорда жарылыс жасап, 14 адам қаза тауып, 80-ге жуық адам жарақат алған еді. Содан бірнеше күннен соң жұма намазы кезінде Карачидегі Бохра мешітінде жарылғыш зат іске қосылып, тағы 2 адам мерт болды.

Ақпан айында елдің солтүстік-шығысында орналасқан Пешавар қаласында шиітердің мешітіне жасалған шабуыл салдарынан 20 адам көз жұмды. Ал қаңтар айында елдің оңтүстігіндегі Синд өлкесінде шиіттердің мешітіне жасалған шабуылдан тағы 60 адамның көз жұмғаны есте.

Пәкістан Премьер-Министрі Мухаммад Наваз Шариф автобусқа жасалған шабуылды қатаң айыптап, оқиғаны тыңғылықты тексеруге тапсырма берді. Жалпы, бұл лаңкестік әрекетті көптеген елдердің үкіметтері, сонымен бірге БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун да айыптап отыр.

Елдің құқық қорғау органдары Карачидің барлық аудандарынан қылмыскерлерді іздеу үшін толық дайындыққа келтіріліп, арнайы операцияны бастап та кетті. Соңғы деректерге сәйкес, қазіргі уақытта 100-ден астам адам тұтқынға алынған. Олар тергелуде.

Д.Царнаев өлім жазасына кесілді

Бостондағы марафон кезінде орын алған лаңкестік әрекетті жасағаны үшін айыпталып отырған Шешенстан тумасы Джохар Царнаевқа қатысты сот өлім жазасын кесті. Мұндай шешімді сотта төрелік жасаған алқа билер сотының 12 мүшесінің барлығы қолдады. Жаза денеге ажал уын себетін дәрі жіберу арқылы орындалады.

Үкім шығарылған сәтте ол өзін еркін ұстаған. Ал алқа билер сотының кейбір мүшелері үкім жария етілгеннен кейін көздеріне жас алған.

Джохар Царнаевтің әкесі Анзор Царнаев Associated Press тілшісімен телефон арқылы сөйлесіп отырып, баласының өлім жазасына кесілгендігі жайында естігенде терең күрсініп, трубканы қоя салған екен. Д.Царнаев Индиана штатындағы Терре-Хоте түрмесіне жөнелтіліп, ол осы жерде жазаның орындауын күтетін болады.

Ол айыптаудың барлық 30 тармағы бойынша да кінәлі деп танылды. Аталған тармақтың тек 17-сінің өзінде өлім жазасы көзделген.

Прокурор Стив Меллин алқа билер алдында сөйлеген сөзінде Д.Царнаев пен оның ағасы Тамерлан ұйымдастырған лаңкестік салдарынан үш адамның, оның ішінде 1 баланың қаза тапқанын атап өтті. Лаңкестік әрекет жасалғаннан кейін ағайындылар Массачусетс технологиялық университеті қауіпсіздік қызметінің 27 жастағы қызметкерін атып өлтірген.

Ал Царнаевтың қорғаушылары оның үлкен ағасының ықпалымен әрекет еткендігін айтып, жазаны жеңілдетуге тырысты. «Барлық қанішерлер өмірлерін бейкүнә болып бастайды. Бірақ, кейде осы бейкүнә балалардан жаман адамдар өсіп шығады», - деді прокурор адвокаттардың ұстанымына қарсы. Меллин өз сөзінде Царнаевтардың қылмыс жасағанда серіктес болғандықтарын атап өтті. «Өлім жазасы ол қалағанды бермейді. Ол оған өзіне лайықтыны береді», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостонда өтіп жатқан марафон мәреге жақындап қалғанда екі жарылыс болған еді. Жарылыстан үш адам қаза тауып, 260 адам жараланған. Джохар Царнаевтың ағасы Тамерлан Царнаев оқиғадан соң төрт күннен кейін полициямен болған атыста оққа ұшты. Джохар жараланып, ұсталды. Тергеу деректері бойынша, жарылыс жасау үшін ағайынды Царнаевтар "ішіне тез бөлшектенетін бытыра салынған бомба" қолданған.