ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Қытайда туристер мінген кеме апатқа ұшырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастықтың назарын аударған бірқатар оқиға орын алды. Мәселен, Қытайда бортында 456 адам бар «Шығыс жұлдызы» туристік кемесі суға батып кетті. Өкінішке орай, олардың тек 14-і ғана аман қалды. Ал, Канадада сот шылымқорлардың талап арыздары бойынша үш алпауыт темекі компаниясына шағымданушыға шамамен 11,8 млрд. доллар мөлшерінде өтемақы төлеуге міндеттеді.

Янцзы өзеніндегі қайғылы жайт

Дүйсенбі күні Янцзы өзенімен Нанкиннен (Шығыс Қытайдың Цзянсу өлкесінің әкімшілігі орталығы) Чунцинге (Оңтүстік-Шығыс Қытай) бет алған «Шығыс жұлдызы» туристік кемесі Цзяньли (Орталық Қытайдың Хубэй өлкесі) қаласы маңында апатқа ұшырады.

Қайғылы оқиға қас қарая, жолаушылардың барлығы өз каюталарына жайғасқаннан кейін орын алды. Кеме тосыннан бір қырына қарай жантайып, суға бата бастады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, лайнер небәрі 2 минуттың ішінде суға батып кеткен. Сондықтан кеменің суға батып бара жатқандығы туралы дабыл соғылып үлгермеген. Апат кезінде кеме бортында 405 жолаушы мен 46 экипаж мүшесі және лайнерді сақтандырған туристік компанияның 5 қызметкері болған.

Кеме апаты орын алған жерде кең ауқымды іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілді. Оны ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянның өзі басқарды. Апат ауданына 55-тен астам кеме мен 2 мыңнан астам маман, оның ішінде жүздеген сүңгуірлер жұмылдырылды.

Құтқару жұмыстары басталар сәтте суға батқан кеме ішінен адамдардың дыбыстары еміс-еміс есітіліп тұрды. Сол себепті құтқарушылар соңғы сәтке кейін кеме бортынан тірі қалған адамдарды тауға үміттенген еді. Алайда, күшті жел мен төпей жауған жауын құтқару жұмыстарына кедергі келтірді. Дегенмен, бейсенбі күні құтқару операциясы басшылығы суға батқан кеменің белағашын жоғары қарата төңкеріп, жүзбелі крандар арқылы көтеру туралы шешім қабылдады.

«Шығыс жұлдызын» көтеру туралы шешім оның ішінде тірі қалған адамдарды табуға үміт үзілгеннен кейін ғана қабылданып отыр», - деді арнайы өткізілген баспасөз мәслихаты барысында ҚХР Көлік министрлігінің ресми өкілі Сюй Чэнгуан.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары қайғылы оқиғаның шығу себебін анықтау үстінде. Соңғы деректерге сәйкес 14 адам ғана құтқарылды, ал қалғаны өкінішке орай қаза тапты. Тірі қалғандардың қатарында кеме капитаны мен аға механик бар. Олар қазіргі уақытта қамауға алынып, жауап беруде. Әзірше, кеме апат болар алдында қуатты дауыл тұрғандығы ғана хабарлануда.

Канада шылымқорларының жеңісі

Дүйсенбі күні СВС медиа компаниясы Канаданың Квебек өлкесінің соты үш ірі темекі компаниясына шылымқорлардың талап арыздары бойынша шамамен 11,8 млрд. доллар өтемақы төлеу туралы шешім қабылдағандығын жария етті.

Талап арыз Imperial Tobacco Canada (British American Tobacco еншілес компаниясы), JTI-Macdonald Corp (Japan Tobacco Inc Group құрылымына кіреді) және Benson & Hedges (Philip Morris International бас компаниясы) компанияларын берілді. Әлемдік темекі индустриясының үш алыбы сот шешіміне наразылық танытып отыр. Олардың адвокаттарының пайымынша, темекі шегу не шекпеу кез келген азаматтың өз қалауы.

Айта кетерлігі, істің мұнан ары қалай өрбитіндігіне қарамастан сот бизнесмендерге шылымқорлардың сот шығындары ретінде тағы да 790 мың доллар төлеуге міндеттеп отыр.

«Бұл темекі құрбанына айналған адамдардың 17 жыл бойы күткен шешімі қабылданған ұлы күн. Бұл ұзаққа созылған процесс болды. Дегенмен, ол соңына дейін жеткізілді. Бұл зор жеңіс», - дейді Канаданың Квебек өлкесіндегі темекі және оның денсаулыққа зияны жөніндегі кеңестің атқарушы директоры Марио Бужол.

Аталған үш компанияға шағымданған канадалықтардың қатарында 1,5 млн. адам бар. Олардың басым бөлігі 1976 жылға дейін темекіге әуес болған. Ал бұл уақытта тұтынушыларға темекінің зиянды екендігі туралы ақпарат айтылмайтын.

Шылымқорлар бұл істі 1998 жылы көтерген болатын. Алайда, бюрократтық қитұрқы әрекеттердің салдарынан іс 2012 жылдың наурызында ғана ашылған еді. Темекі шегудің салдарынан обыр ауруына шалдығып, никотинге тәуелді болған Квебек тұрғындарының шағымдары 76 талап арызға топтастырылған.

Нәтижесінде сот 1976 жылдың қаңтарына дейін темекі шегуді бастап, обырға шалдыққан шағымданушылардың әрқайсысына темекі компаниясынан 79 мың доллардан, ал аталған мерзімнен кейін темекіге әуестенгендерге 71 мың доллардан өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.

Ал эмфизема ауруына шалдыққандарға темекі компаниясы 19-23 мың доллардан өтемақы төлеуге міндетті. Шағымданушылардың басым бөлігі жаман әдеттен арыла алмай жүргендер. Олардың саны Квебекте миллионға тақау. Оларда өтемақыдан құр қалмайды. Сот оларға темекі алпауыттарынан 102 доллардан өтемақы алып бермек.