Әуежай мен метродағы жарылыс
Сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша шамамен таңғы сағат 8-дерде Брюссельдің халықаралық әуежайының ұшу алаңында 2 жарылыс орын алды. Жарылыс салдарынан терминал ғимараты жартылай қирады. Оқиға орын алғаннан кейін жолаушылар әуежайдан бірден қауіпсіз жерге көшірілді. Барлық әуе рейістері кейінге қалдырып, қонуы тиіс ұшақтар таяу қалалардағы әуежайларға бағытталды.
Бір сағаттан кейін кезекті жарылыс еуропалық институттар кеңсесі орналасқан көшеге тақау тұстағы «Маэльбек» стансасында орын алды.
Бельгия Премьер-Министрі Шарль Мишель осы оқиғадан кейін бірден Ұлттық қауіпсіздік кеңесін шақырды. Елде лаңкестік қауіптің ең жоғары деңгейі енгізілді.
«Бұл қасіретті, қаралы күн. Мен барлығын да тыныштық пен ниеттестікке шақырамын»,- деді ол.
Брюссельде қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылып, мемлекеттік мекемелер, балалар мен оқу орындары, сонымен қатар адамдар көп жиналатын сауда орталықтары, театрлар мен кинотеатрлар жабылды. Қоғамдық тәртіпті қорғау үшін қалаға мыңға жуық қосымша армиялық бөлімше тартылды. Брюссельдің бірқатар коммунасында полиция тексеру жүргізді.
Сәл кейінірек Бельгияның Федералды прокуратурасы барлық жарылысты лаңкестік әрекет деп танып, әуежай мен метродағы жарылғыш затты лаңкес-жанкешті іске қосқандығы туралы ақпаратты қуаттады.
Ресми деректерге сәйкес, лаңкестік салдарынан 300-ден астам адам зардап шегіп, қаза тапқандардың саны 31 адамға жетті. Дегенмен бұл соңғы мәлімет емес. Өйткені, бірнеше ондаған адам әлі де ауыр халде жатыр.
Терактіні тексеру жалғасуда
Сол күні кешке қарай бұқаралық ақпарат құралдарында Брюссель әуежайының бейнебақылауына түсіп қалған лаңкестердің суреті жарияланды. Фотода үш еркек бейнеленген, оның екеуі лаңкес болса, үшіншісі - олардың ымыраластары.
Сәл кейінірек полиция әуежайда өзін-өзі жарып жіберген жанкештінің аты-жөнін жария етті. Олар Брюссельде ер жеткен Наджим Лахрауи мен Ибрагим әл-Бакрауи болып шықты. Бір сағаттан кейін Ибрагимнің ағасы Халид метрода өзін-өзі жарып жіберді.
«Жарылыс пойыз «Маэльбек» стансасында тұрған кезде екінші вагонның ішінде орын алған. жанкештінің кім екендігі саусақ іздерімен анықталды. Ол Ибрагимнің ағасы 1989 жылы 12 қаңтарда Брюссельде дүниеге келген Халид әл-Бакрауи», - деді баспасөз мәслихаты барысында федералды прокурор.
Лаңкестік әрекеттерді тергеу және әуежайдағы үшінші жарылыстың алдын алуға лаңкестерді әуежайға алып келген такси жүргізушісі көп көмек көрсетті. Күдіктіні суретінен таныған ол жолаушыларының үш емес одан да көп сөмке әкелгендігін айтып берді. Дәл осы мәліметтер Брюссель әуежайындағы үшінші бомбаны табуға көмектесті. Мұнан бөлек, такси жүргізушісінің деректері құқық қорғау органдарына Брюссельдегі коммуналдардың біріндегі тұрғын үйде орналасқан жарылғыш заттар жасайтын жасырын зертхананы табуға септігін тигізді.
Жарылыстан кейін Бельгия Ішкі істер министрі Ян Ямбон мен Әділет министрі Коэн Генс отставкаға өтініш бергенімен оны ел Үкімет басшысы қабылдаған жоқ.
Брюссельдегі жарылысқа байланысты әлемнің көптеген елдерінің көшбасшылары беьгиялықтарға көңіл айтты. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Елбасы Брюссель қаласында болған террорлық актіге байланысты Бельгия Королі Филиппке көңіл айту жеделхатын жолдады. Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Мемлекет басшысы еліміз халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін айыптайтынын және осындай қиын сәтте Бельгия халқын жан-жақты қолдайтынын айтты.
Лаңкестер ядролық шабуыл ұйымдастырмақ болған
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, лаңкестердің негізгі нысаны бельгиялық атом электтр стансасы болуы тиіс еді. Өйткені, ағайынды әл-Бакрауилер ұзақ уақыттан бері бельгиялық атом энергетикасы саласындағы зерттеулер және даму бағдарламасы жетекшілерінің бірінің ізін аңдыған. Айта кетерлігі, Бельгияда «Дул» және «Тианж» деп аталатын екі атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Ал олардың апатқа ұшырауы бірнеше мыңдаған адамның өміріне қауіп төндірер еді. Алайда лаңкестердің жоспарын қылмыстық топ мүшелерінің бірі Салах Абдесламның тұтқынға түсуі бұзған. Ол өткен жылдың 13 қарашасында Парижде орын алған лаңкестік әрекеттерге басты күдікті болып отыр.
Лаңкестік әрекеттерді тергеу әлі де жалғасуда. Қазіргі уақытта 7 адамның тұтқынға алынғаны жайында ақпарат бар. Таяу аралықта әлем жұртшылығы Еуропа төріндегі лаңкестіктердің кім ұйымдастырғанын білетін болады.