ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Лаңкестік әрекет салдарынан Болгария мен Колорадода ондаған адам қаза тапты

АСТАНА. 21 шілде. ҚазАқпарат - Өкінішке орай өтіп бара жатқан осы апта әлем қоғамдастығының есінде бейбіт тұрғындардың қаза табуымен байланысты лаңкестік оқиғалармен қалатын болды.

Өйткені бірі Еуропада, ал екіншісі АҚШ-та орын алған екі лаңкестік әрекеттің салдарынан ондаған адам қаза тауып, одан да көп адам жарақаттанды.

 Болгарияда лаңкес өзін-өзі жарып жіберді

Сәрсенбі күні Болгарияның Бургас қаласының әуежайында жергілікті шипажайға демалу үшінТель-Авивтен ұшып келген израильдік туристер мінген автобус жарылды. Оқиға салдарынан 5 израильдік, болғар жүргізуші және лаңкестің өзі мерт болды. 30-дан астам азамат түрлі дене жарақатын алды.

Бастапқы кезде-ақ тергеу барысында АҚШ азаматының жалған құжатымен Болгарияға келген өз басын өлімге тіккен лаңкестің жарылыс жасағандығы белгілі болды. Ең басты нұсқа бойынша, лаңкес автобус салонына кіріп келе жатып жарылғыш құрылғыны іске қосқан.

Келесі күні жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары лаңкестік әрекетті шыққан тегі алжирлік және финдік болып келетін Швеция азаматы 36 жастағы Мехди Гезали жасады деген ақпарат таратты. Жария етілген ақпараттарға қарағанда, бұған дейін ол Гуантаномо түрмесінде қамауда болған, дегенмен Стокгольмнің қолдаухатымен бостандыққа шыққан. Сәл кейінірек бұл ақпаратты Болгария мен Швеция билігі жоққа шығарды. Бұған қоса ресми София лаңкестің Болгария азаматы еместігін мәлімдеді. Лаңкестің фотосы бүкіл әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарына тарады.

Бұл қайғылы оқиға сол сәтте-ақ Тель-Авив пен Теһран арасындағы онсыз да шиеленісті қарым-қатынасты қиындатып жіберді. Жарылыс жауапкершілігін Иран мойнына артқан Израиль Премьер-Министрі Беньямин Нетаньяху ирандық лаңкестік әрекетке Израиль тарабынан қарымта жауап қатаң болатындығын ескертті. Оның атап өтуінше, жарылысқа сонымен қатар «Хезболла» содырлар қозғалысының да қатыстылығы бар. Өз кезегінде Иран билігі израилдіктердің  кінәлауын «жөнсіз» деп атаса, «Хезболла» көшбасшылары ливан шиитерінің қозғалысы еш уақытта да туристермен соғыспайтындығын мәлімдеді.

Ал американдық шенеуніктердің нұсқасына сәйкес, Иран лаңкестік әрекетке дайындықты ұйымдастыру және басшылық жасауды «Хезболла» қозғалысына тапсырған. Сонымен қатар бұл лаңкестік әрекет ирандық физик, атом қаруын жасаушының өліміне жауап болуы да мүмкін. Өйткені Иран ғалымының өліміне Израилдің арнай қызметінің қатысы бар деп санайды.

Сарапшылар бұл лаңкестік әрекет таяушығысты реттеу ісіндегі әлемдік қоғамдастық қол жеткізген нәтижелердің тоқырауға ұшырап, қарым-қатынастың шиеленісуіне түрткі болатынығын жоққа шығармайды.

Айта кетерлігі, жұма күні кешкісін иран парламенті ЕО санкциясына жауап ретінде Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізу жолдарын жауып тастау идеясына қолдау білдірді. Иран Ислам Республикасына қарсы қосымша қатаң санкциялар қабылданса осындай шараларды қолға алынатындығын ескерткен елдің вице-президенті Мохаммед Реза Рахим: «Мұндай жағдайда Ормуз бұғазы бойымен энергетикалық шикізаттың бір де бір тамшысы өткізілмейтін болады», - деген еді. Енді аталған құжаттың қабылдануы үшін Президент пен Иранның  жоғары діни басшылығы тарапынан келісім қажет.

  Колородадағы қантөгіс 12 адамның өмірін қиды

Жұма күні кешкісін Денвар қаласындағы «Century 16 Movie» кинотеатрында «Қара рыцарь: Аңыздың оралуы» атты қаһарман Бэтмен туралы фильмнің премьерасы басталғаннан кейін кинозал сахнасына көтерілген қаскүнем көзден жас ағызатын газ шашып, көрермендерге қарсы винтовкадан оқ жаудырды.

Оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, шамамен 60 адам, оның ішінде үш айлық сәби жарақаттанды. Шұғыл арада қолға алынған шаралардың нәтижесінде 24 жастағы американдық Джеймс Холмс ұсталды. Оның үстінде оқ өткізбейтін жилет пен жанында винтовка мен 2 тапанша болған.

Белгілі болып отырғаны қылмыскер кинотеатрға өзінің жеке көлігімен келіп, қосымша есік арқылы ішке өткен. Фильмнің кезекті көрсетілімінен кейін сахнаға көтерілген ол көрермендерге қарата бей-берекет оқ жаудырған. Осыдан кейін сыртқа сытылып шығып, көшеден оқиғаның одан әрі қалай өрбігендігін бақылаған.

Полиция оның қылмысты жалғыз жасағандығын мәлімдеді. Бұл ретте ФБР тұтқындалған азамат ешқандай лаңкестік ұйымның мүшесі еместігін айтуда.

Қылмыстың қандай мақсатта жасалғандығы белгісіз. Дегенмен оның ақыл-есінің дұрыс еместігі айтылуда. Сонымен қатар қылмыскердің бұл іс-әрекетіне алдын ала тыңғылықты дайындалғандығы белгілі. Ол кинотеатр мен өзінің үйіне қолдан жасалған жарылғыш зат орнатып қойған. Полиция мәліметтері бойынша оның үйінде жарылғыш, сондай-ақ жеңіл тұтанатын заттар болуы мүмкін.