ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Лондондағы көлік коллапсы және Нигериядағы терактілер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта жағымды жаңалықтарымен де, қайғылы оқиғаларымен де есте қалды. Бір жағынан ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар тізіміне тағы 24 нысанды енгізіп жатса, Нигерияда күллі әлемді дүрліктірген лаңкестік оқиғалар орын алды. Ал Лондонның тұрғындары метрополитен қызметкерлерінің жаппай ереуілге шығуы салдарынан жүріп-тұрудан қалды.

Лондондағы көлік коллапсы

Лондонда сәрсенбі күні кешкісін метрополитен қызметкерлері соңғы онжылдықтағы ең ірі 24 сағаттық ереуілге шықты. Бұл оқиға британ астанасын тұралатып тастады.

Мәселе метрополитен басшылығы мен 20 мың қызметкердің мүддесін қорғайтын кәсіподақтың арасындағы нәтижесіз келіссөздерден туындаған. Лондондық метро қызметкерлері осы жылдың қыркүйегінде кейбір метро желілерінің тәулік бойы қызмет режиміне өтетініне байланысты жалақыларын көтеруді талап еткен.

Метро басшылығы қызметкерлерінің орташа жалақысын 2 пайызға көтеруге келіскен, бірақ кәсіподақ бұл ұсынысқа қанағаттанбай отыр.

Осының салдарын лондондықтар таңғы және кешкі қарбалас сәттерде анық аңғарды. Қала басшылығының ереуіл кезінде шығарған қосымша автобустары құжынаған халықты діттеген жерлеріне жеткізуге қауқарсыз болды. Өйткені Лондондағы ең көп қолданылатын көлік түрі метро болатын. Оның бір күндік жолаушы тасымалы 4 млн. адамға дейін жетеді.

Оның үстіне тұрғындардың бір бөлігі жеке көліктерін немесе велосипедтерін көшеге алып шықты. Бұл да өз кезегінде жағдайды одан бетер ушықтырып, қала көшелерінде көптеген шақырымдық кептелістер пайда болды.

Автобус аялдамалары ығы-жығы адамдарға толып, такси компаниялары қаптап кеткен клиенттеріне қызмет көрсете алмай, әбден састы. Көптеген халық барар жеріне жаяу-жалпылап, енді бірі шайтанарбаларына мініп әзер жетті.

Тіпті кейбір автобус аялдамаларында адамдар мыжылып-жаншылуына байланысты, полицияның араласуына тура келді. Бұрын жұмысына жарты сағатта жететін адамдар осы күні екі сағатта әупірімдеп әзер жетіп жатты.

ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізімі

Сәрсенбі күні Германияның Бонн қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитеті өз жұмысын аяқтады. Жұмыс қорытындысы бойынша Дүниежүзілік мұра тізіміне тағы 24 нысанды кіргізу туралы ешім қабылданды.

Тізімге Ямайканың оңтүстік-шығысында орналасқан Көгілдір тау деп аталатын табиғи-мәдени нысан мен Джон Кроу тауы; Палермо араб-норман мұрасы мен Сицилияны солтүстік жағалауындағы Чефалу мен Монреалда орналасқан кафедралдық соборлар; қытай билеушілерінің «тусы» деп аталатын архитектуралық мұрасы (Қытайдың оңтүстік-батыс бөлігіндегі таударда орналасқан); Ирандағы Заргос тауларының етегіндегі Сузы қаласының архитектуралық мұралары; Өлі теңізден 9 шақырым солтүстікте Иордан өзенінің шығыс жағалауында орналасқан Вифавара қалашығы; Сауд Аравиясының Хаиль провинциясында орналасқан жартас суреттері; Сингапурдың ботаникалық бағы; Мейманда мәдени ландшафты (Иран); «Пэкче хандығының тарихи облысы» кластерлік нысаны (Корея); Шыңғыс ханның туып-өскен және жерленген жері деп есептелетін әйгілі әрі қасиетті Бурхан-Халдун тауы және оның айналасы (Монғолия) және басқа да нысандар кірді.

Нигериядағы бірқатар лаңкестік оқиғалар

Өткен жексенбі күні Нигерияның Джос қаласында екі бірдей жарылыс болып, 44 адам қаза тауып, тағы 70-ке жуық адам жарақаттанды. Бұл қала елдегі мұсылмандар мен христиандардың шартты түрдегі келісілген шекарасында орналасқан болатын.

Бірінші жарылыс Янтая мешітінде орын алды. Ол кезде «Боко Харам» террористік тобына қарсы шығып жүрген Нигериядағы белгілі имам Сани Яхайи Джингира уағыз айтып жатқан болатын. Жарылыс бола саласымен осы күнге дейін анықталмаған бір топ лаңкес мешіттегілерге оқ жаудырған.

Екінші жарылыс «Шагалинку» атты халал мейрамханада орын алды. Бұл мейрамханаға жергілікті элита көптеп келетін. Тәртіп орындарының хабарынша, екі жарылғыш зат та бірдей уақытта іске қосылған. Екі оқиғада да жарылғыш затты белдеріне байлаған әйел адамдар алып кірген.

Ресми мәліметтер бойынша екі оқиғадан 44 адам қаза тауып, 67 адам түрлі дәрежеде жарақаттанды. Жарылысты әзірге ешкім мойнына алған жоқ. Дегенмен тәртіп сақшылары «Боко харам» террористік ұйымынан күдіктенуде.

Соңы кездегі Нигерияда «Боко харам» радикалды ұйымының террористік шабуылдары жиілеп кетті. Небары соңғы екі апта ішінде осы ұйымның ұйымдастыруы мүмкін деген жарылыстар салдарынан 250-ден астам адам қаза тапты.