Алайда, Жер шарының осынау басты мерекесі кезінде Малайзияның AirAsia әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырап, Шанхайда бірнеше ондаған адам нөпір астында қалып мерт болғандығы жайындағы суық хабар түршіктірді.
Қой жылы төрге озды
Сонымен, адамзат баласы тағы бір жаңа жылдың төрге озуына куә болды. Мереке ең алдымен Австралияда басталып, фейерверк шоуын көрмек болған 1,5 млн. адам Сиднейдегі айлаққа жиналды. Олар түнгі аспан аясында отшашудан алтын әрі күміс түсті пальманың бейнесін тамашалады. 12 минутқа созылған отшашу барысында 7 тоннаға жуық пиротехника шығындалды.
Сәл кейінірек Жапония астанасы Токио қаласының мыңдаған тұрғыны Зойойи ғибадатханасында жаңа жылды қарсы алды. Тура түнгі сағат 12-00-де осынау буддалардың қасиетті ғибадатханасына қоңырау 108 мәрте соғылды. Ал Дубайда әлемдегі ең зәулім «Бурдж Халифа» (829 метр) ғимараты шамамен 70 мың түрлі түсті панельмен әшекейленді. Осылайша ғимарат бір үлкен LED-экранға айналды. Айта кетерлігі, дубайлықтардың бұл жетістігі Гинесстің рекордтар кітабына енді. Бұдан бөлек, Дубайдағы жаңажылдық отшашу да әлемдегі ең үлкен фейерверк ретінде еніп отыр.
Ал Еуропада 2015 жылдың табалдырықтан аттауы Лондондағы Биг-Бен сағатының қоңырау соғуымен басталып, «London Eye» төңіректі шолу дөңгелегі тұсындағы отшашуға ұласты. Парижде жаңа жылды қарсы алу Елисей алаңында өтсек, Триумальді аркада жаңа жылмен құттықтау Еуропа одағына мүше елдердің барлығының тілінде ілінді.
Аязды күнге қарамастан Нью-Йоркте де миллионға жуық адам жаңа жылды қарсы алу үшін Таймс-скверге жиналды. Бұдан бөлек 200 млн. адам осы алаңда орны алып жатқан мерекелік шараларды теледидардан тамашалады. Жалпы, жаңажылдық шараларды теледидардан тамашалаған көрермендердің саны Жер шарында миллиард адамға жетті.
Өкінішке орай, Индонезияда Индонезиядан Сингапурға ұшып шыққан Малайзияның AirAsia әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы себепті жаңа жыл қаралы күнге айналды.
Әуе кемесі апатқа ұшырады
Өткен жылдың 27 желтоқсан күні бортында 155 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі бар Малайзияның AirAsia әуе компаниясының Airbus-320 ұшағы Индонезияның Сурабая қаласынан Сингапурға ұшып шықты. Ұшақ әуе көтерілгеннен кейін 1 сағатқа жетер-жетпес уақыттан кейін ұшқыш турбуленттік аймақтан жалтару үшін бағдарын және ұшу биіктігін өзгертуге рұқсат сұрады. Диспетчер бұлтты аймақты орағытып өтуге рұқсат бергенімен жоғары көтерілуге шектеу қойды. Өйткені, дәл сол аймақта өзге ұшақтар ұшып бара жатқан еді.
Сәл уақыттан кейін әуе кемесі радар экранынан жоғалып кетті әрі қандайда бір тосын жайтқа душар болғандығы жайында еш дабыл бермеді. Іздеу жұмыстарының үшінші күнінде ұшақ құлаған ауданды гидролокатормен зерттеу сараптамаларына орай Индонезия билігі ұшақ қирандыларының табылғандығын жария етті. Яван теңізінің түбінде, 24-30 метрлік тереңдікте жоғалған ұшақтың фюзеляжы табылды.
Ресми деректерге сәйкес, ұшақ бортында Индонезияның 157, Оңтүстік Кореяның 3 және Малайзия мен Сингапурдың бір-бір азаматы болған. Құлаған әуе кемесін 6 мың сағаттан астам әуеде болған тәжірибелі ұшқыш басқарған. Ұшақтың еш ақауы болмаған, соңғы рет тексеруден 2014 жылдың 16 қарашасында өткен.
Айта кетерлігі, AirAsia әуе компаниясы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі бюджеттік әуе тасымалдаушысы болып саналады. Компанияның бағдар желісі өңірдегі барлық елдерді дерлік бір-бірімен жалғастырып жатыр. Оның бөлімшелері Малайзия, Индонезия, Таиланд, Филиппин, сонымен бірге Үндістанда да тіркелген.
Шанхайдағы трагедия
Бейжің жаңа жылды 2022 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындық ретінде қарсы алды десек те болады. Өйткені, қала тұрғындарына қысқы спорт түрлерінде өнер көрсететін спортшылардың қатысуымен арнайы шоу көрсетілді. Гонконгте те жаңа жыл әдеттегідей отшасумен әрі тұрғындардың көтеріңкі көңіл күйімен қарсы алынды. Алайда, өкінішке орай Шанхайда жаңа жылды қарсы алу қайғылы жайтқа ұласты.
2014 жылдың 31 желтоқсан күні Шанхай қаласындағы туристер көп жиналатын Вайтань жағалауына дәстүрлі отшашуды тамашалауға шамамен 300 мың адам жиналды. Түн ортасына қарай қара нөпір арасында қарбалас басталып, кейбір адамдар аяқ астында қалды. Осы оқиға салдарынан 36 адам қаза тапса, тағы 47 адам жарақат алды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің басым бөлігі - колледжде білім алып жатқан 20-ға да толмаған жастар.
Тергеу амалдары барысындағы кейбір нұсқаларға қарағанда, қалың нөпірдегі қарбалас жоғары қабаттан біреудің «2015 жыл бақыт әкелсін!» деген жазуы бар американдық долларға ұқсас жалған ақшаны шашуынан басталған көрінеді. Дегенмен, адамдар арасындағы қарбаласқа дәл осы жайттың себеп болғандығы әлі де болса нақты емес.
Осы оқиғадан кейін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жергілікті билікке зардап шеккендерге барлық көмекті көрсетуге және қайғылы жайттың шығу төркінін тыңғылықты тексеруге тапсырма берді.