ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: MERS корейліктерді мезі қылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дөңгеленген дүние адамзат баласын біресе жаға ұстатар жағымсыз жаңалықтарымен, енді бірде көңілге қуаныш ұялатар ақжолтай хабарларымен алма-кезек жабықтырып та, қуантып келеді. Осы аптада да әлем елдерін елең еткізер бірқатар оқиға орын алды.

Алайда, өкінішке орай бұл хабарлардың барлығы да кез келген адамның көңіліне кірбің түсірері анық. Мәселен, сәрсенбі күні Мысырдың Луксор қаласындағы Карнак ғибадатханасы жанында «Ислам мемлекеті» тобының жанкешті лаңкесі өзін өзі жарып жіберді. Араға екі күн салып, Үндістанда жоғары вольтті электр тарату желісі автобус үстіне құлап, соның салдарынан кемінде 25 адамның мерт болғандығы белгілі болды. Сондай-ақ соңғы күндері әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туындатқан Оңтүстік Кореядағы таяушығыстық респираторлық синдромын жұқтыру салдарынан қаза тапқандардың саны 11 адамға жетті.

Мысырдың Луксор қаласында лаңкестік орын алды

Сәрсенбі күні үш лаңкес Мысырдың Луксор қаласындағы туристер арасында барынша танымалдыққа ие Карнак ғибатханасына бет алды. Бастапқыда олар әдетте саяхатшылар тобы жиналатын орында тұрған автобусқа шабуыл жасмақ ниетті болған. Алайда, лаңкестердің мұндай әрекетіне дәл сол маңдайды шолғындап жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері кедергі келтірген еді. Полиция қызметкерлерімен қарулы қақтығыс барысында лаңкестердің бірі оққа ұшса, екіншісі ауыр жараланады. Дегенмен, үшіншісі ғибадатхана маңындағы автотұрақта өзін-өзі жарып жіберуге үлгерген. Соның салдарынан сауда нүктелерінің 2 қожайыны мен 2 полиция қызметкері қаза тауып, бірнеше адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Ал жараланған лаңкесті жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кетті.

Бұл лаңкестік әрекетті Ислам мемлекеті тобының Мысыр аумағында өздерінің жымысқы іс-қимылдарын жүзеге асырып жүрген бөлімшелерінің бірі жасағандықтарын мойындарына алып отыр.

Осы оқиғадан кейін Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси елдің құқық қорғау органдарын адамдар жаппай жиналатын орындарда, әсіресе тарихи ескерткіштер маңында өз қызметкерлерінің санын арттыруға тапсырма берді.

Осы оқиғаның ертеңінде туристік операторлар Қызыл теңізде демалып жатқан мыңнан астам шетелдік туристер үшін Луксор бір күндік тегін сапар ұйымдастырды.

Бұған қоса, елдің премьер-министрі мен күш-қуат құрылымдарының басшылары қалада ахуал толық бақылауда тұрғандығын дәлелдеп, жергілікті тұрғындар мен саясатшылардың көңілін жайландыру үшін нақты қадамдарға барды.

Таратылған ақпараттарға қарағанда, сол күні мысырлық құқық қорғаушылар тағы да екі лаңкестік әрекеттің жолын кескен. Оның бірі Каирға тақау тұстағы Гиза пирамидасы маңында жүзеге асырылмақ болған. Бұл мекен де саяхатшылар үшін өте тартымды орындардың бірі.

Айта кетерлігі, бұл Луксор қаласы ауданында орын алған бірінші лаңкестік шабуыл емес. есте болса, 1997 жылы патшалар алқабындағы Хатшепсут ғибадатханасы алдындағы алаңда Мысыр тарихындағы ең бірі лаңкестік орын алған еді. Ол кезде «Аль-Гамаа аль-Исламия» тобының қолынан 58 шетелдік пен 4 мысырлық мерт болған еді.

Үндістанда үйлену тойы автобусы апатқа ұшырады

Жұма күні Үндістанда жоғары вольтті электр тарату желісінің үйлену тойы автобусының үстіне құлап, соның салдарынан кемінде 25 адамның мерт болғандығы белгілі болды. Қайғылы оқиға елдің солтүстік-батысындағы Раджастхан штатына қарасты Джайпур қаласынан 100 шақырым жерде орын алды.

Оқиға кугерлерінің айтуынша, автобус салонында шамамен 50 адам болған және олардың барлығы да үйлену тойына бара жатқан. Электр желісі автобусқа құлап, өрт тұтанғаннан кейін жолаушылар арасында дүрбелең басталған.

Үндістанның «The Times of India» газетінің жазуынша, автобустан өз беттерінше шығуға тырысқан жолаушыларды ток соққан. Жолаушылардың бірқатарының тірі қалуына электр энергиясының бірден өшірілуі мүмкіндік берген.

Оқиға салдарынан 18 адам сол жерде мерт болса, 7 адам ауруханаға апара жатқан жолда көз жұмды. 20-дан астам жолаушының денесін түрлі дәрежеде күйік шалған. Олардың ішінде ауыр жараланғандар Джайпур қаласындағы танымал Савай Мансингх ауруханаға жеткізілген.

Қайғылы оқиға орын алғаннан кейін сол жерге төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті және орталық билік өкілдері келді. Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Дамодардас Моди, сонымен бірге елдің басқа да танымал саясаткерлері қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты.

«Раджастхандағы автобуста болған оқиға жан түршілігерлік жайт. Менің жан-тәнім өз өмірімен қош айтысқандардың отбасылармен бірге», - делінген ел үкіметі басшысының мәлімдемесінде.

Раджастхан штатының басшылығы қаза тапқандардың әрқайсысы үшін билік олардың отбасыларына 500 мың рупий (шамамен 8 мың доллар) көлемінде материалдық көмек көрсететіндігін мәлім етті.

Айта кетерлігі, қаза тапқан азаматтардың ауылдастары наразылық шеруіне шығуда. Олардың айтуынша, ауыл тұрғындары бұған дейін бірнеше мәрте әкімшілікке елді мекен үстімен өтетін электр тарату желісін алшақ жерге көшіру туралы ұсыныс жасаған. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін жергілікті билік ауыл тұрғындарының өтінішін құлақтарына да ілмей келген.

MERS корейліктерді мезі қылды

Өтіп бара жатқан апта ішінде Оңтүстік Кореяда таяушығыстық респираторлық синдромын жұтырған тұрғындардың саны 126 адамға жетіп, 11 адамның көз жұмғаны белгілі болды.

Ауру жұқтыру тәуекелінің жоғарылай түсуіне байланысты елдің 3,8 мың тұрғынына еркін жүріп-тұруға тыйым салынды. Балалар мен жасөспірімдер арасында аталған вирустың таралу қаупіне байланысты 2 мыңнан астам білім беру мекемесі жабылса, ондаған мың турист Оңтүстік Кореяға сапарлаудан бас тартты.

Таяушығыстық респираторлық синдромы вирусы жете зерттелмеген. Мамандар оның шығу тегін анықтай алмай дал болуда. Вирусты қандай жан-жануарлар тасымалдаушы болып табылатындығы да беймәлім. Бұған қоса, аурудан емдеудің жолдары да жоқ.

Қазіргі уақытта белгілі болып отырғаны MERS вирусының нақты белгілері дене қызуының жоғары болуы, жөтел және ентігу ғана.

Вирус адамнан адамға еркін жұқпайды деп болжануда. Дегенмен, науқасқа қорғанышсыз медициналық көмек көрсету барысында, яғни, тығыз байланыс барысында ғана оның жұғатындығы белгілі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының болжамынша, бүйрек жеткіліксіздігі, диабет, өкпенің созылмалы ауруларына шалдыққандар, сонымен қатар иммунитеті төмен адамдар аталған вирусты тез жұқтыруы мүмкін.

Айта кетерлігі, Оңтүстік Корея Үкіметі ағымдағы апта таяушығыстық респираторлық синдромы таралуы жағдайының шешуші кезеңі болады деп мәлімдеуде. Вирусты жұқтырудың шырқау шегі дүйсенбіге келеді деген де болжам бар.

Айта кетерлігі, 2012 жылдың қыркүйегінде Дүниежүізілк денсаулық сақтау ұйымы әлемде MERS вирусын жұтырған 1218 адам бар екендігін зертханалық зерттеулер нақтылағандығын жария еткен болатын. Олардың кемінде 449-ы қаза тапқан еді.