ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «Мұсылман бауырлар» ұйымының 183 жақтасы өлім жазасына кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сырғып бара жатқан апта ішінде әлем жұртшылығының назарын өзіне аударған бірқатар ірі оқиға орын алғаны мәлім. Мәселен, Грекияның су жаңа Үкімет басшысы Алексис Ципрас қызметіне кірісе сала, Еуропа елдеріне сапарын бастап жіберсе, осы дүйсенбі күні Мысырдың Гиза қалалық соты елде шектеу қойылған «Мұсылман бауырлар» ұйымының 183 жақтасын өлім жазасына кесті. Сонымен қатар осы аптада Тайваньда әуе кемесінің апатқа ұшырау сәті бейнеленген бейнетаспа ғаламторда дүрбелең тудырды десек те болады.

Ципрастың Еуропа елдеріне сапары

Өткен аптада да ғана сайлауда партиясы жеңіске жетіп, ел билігін қолға алған А.Ципрас Еуропа елдеріне сапарын ең алдымен Кипр мен Брюссельге жасаса, дәл осы мезетте Грекцияның Қаржы министрі Яннис Варуфакис Париж, Лондон, Рим және Берлинде бірқатар кездесулер өткізді.

Сапар барысында грек басшылығы «үштік» алдындағы несиелік міндеттемелерін орындауға дайын екендіктерін айтып, қосымша несие қажетсініп отырмағандықтарын мәлімдеді. Сонымен қатар Ресей тарабының қаржылық көмегінен де бас тартқан Грекия еуроаймақтың тұтастығын сақтауға пейілді екендіктерін де білдірді.

Қазіргі уақытта СИРИЗА көшбасшылары «үштікпен» ынтымақтастықтан толық көлемде бас тартып отырғаны белгілі. Дегенмен, ресми Афина кредиторлармен арадағы сұхбаттастықты екіжақты деңгейде қалыптастыруға ниетті. Осылайша, СИРИЗА көшбасшыларының еуропалық сапарының алғашқы нәтижелері елдің Еуропаға бағыт алған бағдары түбегейлі өзгеріске ұшырамайтындығын көрсетіп отыр.

Грекия үкіметінің жаңа басшылығы Еуропаға өз ниеттестігінің қарымтасы ретінде екі үлгілі облигациялар шығару жолымен «үштік алдындағы» өз міндеттемелерін қайта құрылымдауды ұсынуда. Оның біріншісінде еуроаймақ елдерінің Грекияға берген несиелерін алмастыру көзделеді. Яғни, несие төлемдері елдің жапы ішкі өнімі өсіміне байланысты жүзеге асырылатын болады. Ал екінші үлгіге сәйкес өтеу мерзімі көрсетілмеген облигациялар Еуропалық орталық банктің иелігіндегі гректердің құнды қағаздарын алмастыруы қажет.

Айта кетерлігі, Еуропалық орталық банк, Еуропалық тұрақтылық қоры (EFSF) және ЕО-ның жекелеген елдері Грекияның борышкерлік міндеттемесінің жалпы көлемінің шамамен 2/3-не иелік етіп отыр. Осы сомадан ЕОБ Грекияға 20 млрд. еуро ұсынса, елдің шамамен 53 млрд. еуроға жуық қарызы ЕО елдерінен екіжақты келісімшарттар аясында алынған. Алайда грек тарабы займның басым бөлігін EFSF арқылы алып отыр. Ал ондағы Германия үлесі 27, Франция 20, Италия 17 пайызды құрайды.

Әзірше Ципрастың министрлер кабинеті ұсынған мұндай ұсынысқа негізгі кредиторлар күдікпен қарауда. Дегенмен, еуропалық элитаның еуропалық интеграцияны сақтап қалу үшін қандай да бір келісімге келетіндігі түсінікті жайт. Өйткені, Грекияның бірыңғай валюталық аймақтан шығуы олар ұсынып отырған қайта құрылымдаудан да мол проблема әкелетіндігі белгілі.

«Мұсылман бауырлар» ұйымының 183 жақтасы өлім жазасына кесілді

Осы дүйсенбіде Каирдің қылмыстық соты елде шектеу қойылған «Мұсылман бауырлар» ұйымының 183 жақтасына кесілген өлім жазасын қуаттағандығы белгілі болды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталушылар 2013 жылдың тамызында ел армиясының президент Мохаммед Мурсиді тақтан тайдыруы кезіндегі шеру барысында Каир маңында полиция қызметкерлерін өлтіруге қатысқан. Жақсы қаруланған адамдар тобы Каир маңындағы Кердес қалашығының полиция учаскесін гранатометпен және автоматпен атқылап, департамент басшысын қоса алғанда 13 құқық қорғау органының қызметкерін өлтірген болатын.

Үкім Мысыр мүфтияты ратификациялағаннан кейін жария етіліп отыр. Бұл - соттың 2014 жылдан бергі үшінші жаппай өлім жазасына кесу үкімі.

Ел билігінің мұндай үкіміне құқық қорғау ұйымдары наразылық танытуда. Еуроодақ та бұл шешімді сын тезіне алып, Мысыр билігін сот үдерісін халықаралық стандарттар талабына сай жүргізуге шақырды.

Айта кетерлігі, Мохаммед Мурсиді 2013 жылдың 3 шілдесінде фельдмаршал Абдель Фатахх әл-Сиси тақтан тайдырған болатын. Қазіргіуақытта елдің экс-президентіне өлім жазасы кесілуі мүмкін. Оған шерушілерді өлтірді және тыңшылықпен айналысты деген айыптар тағылуда.

Тайваньда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады

Сәрсенбі күні ғаламторға Тайваньда автокөліктердің бірінде орнатылған видеотіркеу құрылғысының жазбасы жария етілді. Онда TransAsia Airways әуекомпаниясына тиесілі ATR-72 жолашулар ұшағының апатқа ұшырау сәті бейнеленген. Ұшақ өзенге құламастан бұрын бір қырынан жантайып, қанаттарының бірі Тайбэй қаласының автомобиль көпірін іле кеткен. Әуе кемесінің ішкі рейсті орындайтындығы белгілі.

Таратылған ақпараттарға қарағанда, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін қозғалтқышы істен шығып, соның салдарынан өзенге құлаған. Қазіргі уақытта іздеу жұмыстарының нәтижесінде 35 адамның мүрдесі табылды. 15 адам апаттан аман қалса, 8-і із-түссіз жоғалып отыр. Жалпы ұшақ бортында 53 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

Мамандар құлаған ұшақтың 2 қара жәшігін де тауып, оны тексеруге кірісіп те кетті. Әуе кемесінің екі ұшқышы да мерт болған. Тайбэй мэрі Ко Вэнь-Цзе 42 жастағы ұшқыш Ляо Ляо Цзянь-Цзунды батыр деп отыр. Оның айтуынша, ұшқыш әуе кемесін тұрғын үйлер мен кеңселерге соқтырмай, алып өте алған. Ал ұшақ тұрғын үйлерге соғылғанда мерт болғандар саны мұдан да көп болар еді.