Нобель сыйлығы табысталды
Ағымдағы жылдың 10 желтоқсаны Альфред Нобельдің өмірден озған күнінде әдеттегідей Швеция королі Стокгольмде физика, химия, әдебиет, экономика, физиология және медицина бойынша сыйлықтарды, ал Ослода (Норвегия) бейбітшілік сыйлығы табыс етілді. Айта кетерлігі, бұл мәртебелі сыйлықты екі қалада табыс етуді Альфред Нобельдің өзі өсиет еткен болатын.
Ағымдағы жылы сыйлық сыйақысы 8 млн. швед кронасын құрады. Салтанатты жағдайда өткен шара барысында Швеция королі Карл XVI Густав өз қолымен лауреаттарға сыйлықты табыстады.
Нейтрино осцилляциясын ашқан ғылыми қызметкерлер - Такааки Кадзита мен Артур Макдональд физика бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Оларға «Нейтрино пішінін өзгерте алатындығын тәжірибе жүзінде дәлелдегені үшін» Нобель сыйлығы берілді. Бұл жаңалық материяның ішкі үрдістері бойынша ғалымдардың түсінігін өзгертті. Такааки Кадзита Жапония аумағында атмосфералық нейтринолар бір күйден екіншісіне өте алатынын ашты. Сонымен қатар Канадада Макдональд бастаған бір топ ғалым біздің планетаға келе жатқан нейтрино жоғалмайтынын көрсетті.
Биылғы жылы химия саласында Нобель сыйлығының лауреаттары болып Томас Линдал, Пол Модрич және Әзиз Санкар танылды. Бірінші ғалым өз қызметін Англияда жүргізсе, оның екі әріптесі зерттеулерін АҚШ-та жүргізіп жүр. Олар сыйлықты ДНҚ репарациясы механизмдерін зерттеуде алға озғаны үшін алды. Нобель комитетінің баспасөз парақшасында бұл үш ғалымның жұмысы «тірі ағзалардың қызметі, мәселен, обырмен күрес жүргізудің жаңа әдістерінде оларды пайдалану туралы іргелі білім екені» айтылды. Ғалымдар зақымдалған ДНҚ-ны ағзалармен қалпына келтіру қалай жүретінін және бұл ретте генетикалық ақпарат қалай сақталып отыратынын молекулалық деңгейде көрсете алды.
Стокгольмде әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты да белгілі болды. Бұл жолы үлкен мәртебеге беларусьтік жазушы Светлана Алексиевич ие. С. Алексиевич «У войны не женское лицо», «Цинковые мальчики», «Чернобыльская молитва» және т.б. көптеген шығармалардың авторы. 2000 жылдардың басында Алексиевич Беларусьтен көшіп кеткен, қазір Батыс Еуропада тұрады.
2015 жылы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты болып АҚШ-ғы Пристон университетінің профессоры Ангус Дитон танылды. Ғалым бұл сыйлықты «тұтыну, кедейшілік және әл-ауқат талдауы» үшін алған. Швеция корольдік ғылым академиясының пікірінше, Дитонның жұмыстары қатардағы тұтынушылардың өз шығындарын үлестіру туралы шешімдерді қалай қабылдайтынын, сондай-ақ қандай да бір тауарға сұраныс оның бағасы және тұтынушылар табысының деңгейіне қалай байланысты болып отыратынын жақсырақ түсінуге көмектеседі.
Үш ғалым Нобель сыйлығының физиология және медицина саласындағы 2015 жылғы лауреаты атанды. Сыйақының жартысы паразит құрттар тудыратын инфекциялардан емделудің жаңа әдісін тапқаны үшін Уильям Кэмпбэлл мен Сатоси Омураға, екінші жартысы безгекті емдеудің жаңа әдісі үшін Юю Туға берілді
2011 жылы жұпар қозғалысынан кейін Тунисте плюралистік демократияны құруда қосқан үлесі үшін «Тунистегі ұлттық диалог квартеті» 2015 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері атанды. 2013 жылы құрылған «Квартет» төрт негізгі азаматтық ұйымнан тұрады. Олар: Жалпыға бірдей Тунис еңбек бірлестігі, Түнис өнеркәсіп және сауда конфедерациясы, Тунистік адам құқығы лигасы және Тунис адвокаттар қауымдастығы.
«Елде азаматтық соғыс туу қаупі төнгенде "Квартет" бейбіт саяси үрдістің өтуіне септесті.
Twitter 2015 жылдың қорытындысын шығарды
Дүйсенбі күні қысқа ақпараттарды жария алмасу үшін құрылған Twitter әлеуметтік желісі өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын шығарды.
Жылдың ең үздік тренді ретінде Twitter #TheDress интернет-феноменін ұсынып отыр. Есте болса әлемдегі барлық әлеуметтік желі пайдаланушылары көйлек түсінің қара және көк (#BlueandBlack) немесе ақ және алтын түстес (#WhiteandGold) екенін таба алмай дал болған еді. Желіде көйлек түсін барынша талқылау 26-27 ақпан күндері жүргізіліп, дәл осы аралықта көйлек түсіне қатысты пікір білдірген адамдардың саны 4,4 миллионға жеткен.
Әлеуметтік желідегі келесі танымал жайт #PrayForParis және #JeSuisParis хэштегімен орын алды. Бұл ретте желі пайдаланушылары Парижде орын алған бірқатар лаңкестік оқиғалар кезінде адамдардың қаза болуына қатты күйзеліп, олардың туған-туыстарына, жақындарына көңіл айтқан болатын.
Ал әлеуметтік желісіне жазушылар жинауда американдық тележұлдыз әрі бұрынғы жеңіл атлет, кейіннен жынысын ауыстырып Кейтлин Дженнерге айналған Уильям Брюс Дженнер рекорд орнатты. Оның #CaitlynJenner хэштегі 4 сағат 3 минуттың ішінде 1 миллион жазылушы жинаған еді.
«One Direction» тобының мүшесі Гарри Стайлздың шағын жазбасы ең көп көшіріліп жарияланғаны белгілі. Оның жанкүйерлері махаббат жайындағы жазбасын 714 мың рет көшірген.
Сонымен қатар #JeSuisCharlie («Шарли Эбдо» редакциясына лаңкестік), #BlackLivesMatter (АҚШ-тағы полицияның іс-қимылына қара нәсілділердің наразылығы), #MarriageEquality (АҚШ-тың барлық штаттарында бір жынысты некені заңдастыру), #RefugeesWelcome (мигранттар мәселесі), #IStandWithAhmed (бомбаға ұқсас сағат жасаған баланың тұтқынға алынуы), #PlutoFlyby ( Плутонға ғарыш аппаратының ұшырылуы) сынды хэштегтер ағымдағы жылы барынша танымалдыққа ие болды.
Ағымдағы жылы әлеуметтік желіні пайдалушылар қатары елге есімдері белгілі тұлғалармен де толықты. Олардың қатарында Барак Обама, Эдвард Сноуден, Гай Ричи, Люк Бессон, Антонио Бандерос, Гильермо Дель Торо және Джеб Безос бар.