Ал Сауд Арабиясында, Джидда мен Эр-Рияд қаласында лаңкестік әрекеттің жолы кесілді. Қолға түскен 8 адамның 2 екеуі саудтық болса, қалғандары Йемен азаматтары. Лаңкестердің криминалды шабуылдарының мүмкінді нысандары Сауд Арабиясы Корольдігінің қауіпсіздік күштері, жергілікті тұрғындар және шетелдік азаматтар болуы тиіс еді.
Венесуэла үкіметі маусым айында яномами тайпасының 80-нен астам үндісінің өлтірілуіне байланысты тергеу амалдарының басталғандығы туралы ақпаратты таратты. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл жантүршігерлік қылмысқа алтын өндірушілердің қатысы болуы бек мүмкін. Сондай-ақ алтын өндірушілер үндістердің үйлерін өртеп жіберген деген болжам бар. Бұған дейін яномами үндістері алтын өндірушілердің өз жерлеріне иелік еткісі келетіндіктерін айтып, бірнеше мәрте шағым жасаған болатын.
Апта бойы ереуілдер туралы ақпараттар легі де молынан жария етілді. Мәселен, Италияда «Carbonsulcis» компаниясының 40 шахтері жер асына түскеннен кейін тосқауыл жасап, өздерін жарып жіберетіндіктерін айтып, қоқан-лоқы жасады. Шахтерлер Италиядағы ең соңғы көмір өндіретін шахтаның жұмысын жандандырып отырған кәсіпорынның жабылғандығы туралы ақпараттан кейін осындай қадамға барып отыр.
Ал Германияда Майндағы Франфуркт әуежайында борт қызметкерлері ереуілге шығып, шамамен 100 әуе рейсі кейінге шегерілді. Ереуілге шамамен мыңға жуық борт қызметкерлері қатысты. Қатарында шамамен 19 мың адам бар Борт қызметкерлерінің тәуелсіз ұйымы әріптестерін тарифтік келісімдерді қайта қарау туралы келіссөздердің тоқырауға ұшырауынан кейін қарсылық акциясына шақырған болатын. ГФР-дегі ең ірі әуе компания «Люфтганз»-бен кәсіподақ арасындағы жалақы мен өзге де төлемдерді 5 пайызға арттыру талабынан туған дау-дамай міне 1 жылдан астам уақыт бойы өз шешімін табар емес.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияға қатысушыларға үндеу жолдады. «Мен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» конференциясын ұйымдастырған Қазақстанға, әсіресе, осы елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ядролық қарусыздандыру саласындағы көшбасшылық қызметі үшін зор алғысымды білдіремін. Ядролық сынақтар адам денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, жаһандық тұрақтылыққа да кері әсерін тигізеді. Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық күнді атай отырып, біз осы проблемаға көңіл аударып, мыңдаған ядролық қару-жарақтың қауіпті екендігін тағы бір мәрте еске саламыз. Бүгінде ядролық сынақтардың кез келген түріне тыйым салатын Халықаралық келісімшартты көптеген мемлекеттер қолдап отыр. Алайда ол құжат әлі де өз күшіне енген жоқ. Сондықтан мен Халықаралық келісімшартқа қол қоймаған елдерді осы бастамаға қосылуға шақырамын. Мен өзім бұл мемлекеттерді келістіріп, ядролық қарусыздандыру ісін әрі қарай жалғастыратын боламын», - делінген П.Ги Мун үндеуінде.
Ал конференцияға қатысушылар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ аясында Ядролық қару туралы конвенция қабылдау жолындағы маңызды қадам ретінде Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын қабылдау бойынша жаңа бастамасына қолдау білдіретіндіктерін мәлімдеді.