ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Палестина мен Израиль арасында соғыс оты тұтануы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу Шығыстан тағы да ши шыққалы тұр. Өйткені, осы аймақтағы Израиль мен Палестина мемлекеттері арасындағы алауыздық күн өткен сайын ушығып бара жатқан сияқты.

Есте болса, ағымдағы жылдың маусымында еврейлердің діни мектебінің үш оқушысы ұрланып, артынан өлтірілген еді. Олардың мүрделері табылып, қара жер қойнына берілгеннен кейін Иерусалимнің шығысында палестиналық жасөспірімнің жанып кеткен мүрдесі табылғаны есте. Осыдан кейін Израиль тарабы жасөпірімдердің ұрлануына палестиналық ХАМАС ұйымын айыптаса, келесі тарап мұндай күнәден таза екендіктерін айтып, ақталған-ды. Бірақ, бұл тек айыптаулар деңгейінде ғана қалып қоймай екі тарап та бір-бірін ай бойы зымыран соққысының астына алды.

Осы аптаның сейсенбі күні Израиль билігі ХАМАС қозғалысына қарсы бағытталған «Берік жартас» операциясын бастап жіберді. Әзірше, израильдық әскерилер Газа секторына қашықтан соққы жасаумен ғана тынып отыр. Тель-Авив өзін қорғау үшін палестиндік анклавқа соққы жасайтындығын мәлімдеп те үлгерді. Айта кетерлігі, соңғы мезетке дейін израильдіктер анклав аумағындағы 800-ге жуық нысанға қашықтан соққы жасаған еді. Бұған қоса Израильдің саяси көшбасшылары мен командирлері жер бетінде шабуыл жасау мүмкіндігін де жоққа шығарып отырған жоқ және резервтегі азаматтарды жұмылдыру жұмыстарын да бастап кетті.

Израиль операциясының салдарынан қаза тапқан палестиндіктердің саны қазірдің өзінде 110-нан асып отыр. Ал жарақат алған адамдардың саны 700-ден асып жығылады. Израиль тарабы Газада жұмыс істеп жүрген Media-24 телеарнасының журналистер тобын да оқ астына алды.

Айта кетерлігі, Израиль Палестинаны Газада тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдаланып отыр деп айыптауда. Газада 1 шаршы шақырым жерде 4,8 мың адамның тұратындығын ескерсек, әуеден жасалған кез келген соққының бейбіт халықтың өліміне себепкер болатындығы айтпаса да түсінікті.

Ал күн сайын Израильға қарата шамамен 150 басқарылмайтын зымыран ұшырылғанымен бұл ел азаматтары арасында айтарлықтай адам шығыны жоқ. Өйткені «Темір күмбез» атты зымыранға қарсы қорғаныс батареясы ірі елді мекендер мен Телл-Авивке бағытталған зымырандарды қағып түсіруде. Дегенмен, қағып түсірілген зымыранның бөлшектері жерге түсіп, 8 израильдықты жарақаттағаны бар.

Палестина Президенті Махмуд Аббас «Газа секторында бір отбасының толығымен өлтірілуі Изариль тарабынан жасалып отырған геноцид» деп бағалауда. Ол Израиль әрекетін басқыншылық деп бағалап, оққа ұшқан адамдардың жауапкершілігін израильдік үкіметтің мойынына жүктеп отыр

Бейсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС содырларына қарсы операцияның табысы жүргізіліп жатқандығын әрі одан ары жалғасатындығын жария етті.

Палестиндік-израильдік жанжалдың ушығуына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтіп, онда Палестина билігі мен оған қолдау көрсететін елдер бейбіт тұрғындардың өмірін жалмаған зорлық-зомбылықты айыптайтын және шұғыл арада қарулы қақтығысты тоқтатуға шақыратын БҰҰ ҚК қарарының жобасына бастамашы болды.

БАҚ-тардың таратқан ақпараттарына қарағанда, құжатта Израиль армиясының Газа секторында әскери операция жүргізуіне байланысты ахуалдың шиеленісуі және бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың өлімінің артуы сөз болған.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун орын алып отырған жайт жауапкершілігін екі тарапқа да жүктеп отыр. Атап айтқанда, ол ХАМАС қозғалысын жауапкершіліксіздігі үшін айыптаса, израильдік билікті «озбырлық» әрекеттері үшін кінәлады.

Толықтай алғанда, халықаралық қоғамдастық Изариль билігі мен Газа арасында тұтанған отты сөндіру мақсатында араағайындық мүмкіншіліктерін барынша пайдалану қажеттігіне иек артуда. Әдетте палестина-израиль арасындағы ахуал ушыққанда араағайындық миссиясы Мысырға жүктелетін еді. Ал бұл жолы мысырлық жаңа басшының автономияға қатысты салқын қарым-қатынасы жалпы процеске теріс ықпал етуі ықтиал.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, екі елдің арасында тұтанған бұл жолғы текетірес түп-төркіні Палестина аумағында израильдік елді мекендер құрылысының одан ары жалғаса беруінде жатуы мүмкін. Егер тараптар Израиль мен Газа сектор арасындағы бүгінгі қақтығыстарды тоқтатып, бітімге келу жоспарын қабылдамаса, онда ол ушығып, көрші елдер аумағына да таралу қаупі басым болып тұр.