ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Париждегі лаңкестер лаңы

АСТАНА.ҚазАқпарат - Дөңгеленген дүние дүрбелеңге толы боп тұр. Мәселен, күні кеше ғана армандар мен пәк сезімдер қаласы атанған Парижде бірнеше жарылыс орын алып, кейбір деректерге қарағанда, қаза тапқандардың саны 150 адамға жеткен.

Таяу Шығыс та тыншыр емес. Ливан астанасы Бейрутта 2 жарылыс болып, қаза тапқандардың қарасы қалың. Айта кетерлігі әлем жұртшылығын елең еткізген осы екі қайғылы хабардан бөлек, талайдың назарын аударған Халықаралық авиасалонда осы аптада Дубайда өткен болатын.

Париждегі лаңкестер лаңы

Жұма күні кешкісін Париждің 7 ауданында, бір мезетте лаңкестік әрекеттер орын алып, қарулы шабуыл да жасалып, жарылыс та орын алды. Жергілікті биліктің таратқан ақпаратына қарағанда, жантүршігерлік шабуылдардан қаза тапқандардың саны 150-ге жетіп отыр. 100-ден астам адам Париждің «Батаклан» театрын лаңкестер басып алған кезде қаза тапса, қалғандары Франция астанасының басқа аудандарында орын алған лаңкестік әрекеттер барысында мерт болғаны белгілі. Куәгерлердің бірінің айтуынша, театрға шабуылдаған лаңкестердің бірі: «Бұл Сирия үшін!» деп айқайлаған көрінеді. Айта кетерлігі, Франция президенті Франсуа Олландтың қатысуымен «Стад де Франс» стадионында өтіп жатқан футболдан Франция мен Германия арасындағы жолдастық матч барысында да спорт алаңына тақау жерде алдын ала болжамға сәйкес 2-3 граната да жарылған.

Бұл Франция тарихындағы ең ірі теракт болып отыр. Сондықтан да Ф.Олланд бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жариялап, мемлекеттік шекарасын жапты. Қазіргі уақытта әлемнің барлық елдерінің көшбасшылары француздықтардың қайғысына ортақтасып, көмек қолдарын созуда. Мұндай шарадан еліміз де тыс қалып отырған жоқ. Қазақстан Париждегі лаңкестік әрекетті айыптайды және қандай жағдайда да террорлық әрекеттің пайда болуына көз жұма қарауға болмайтындығын мәлімдеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Париж қаласында болған террорлық әрекеттерге байланысты Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта Париж қаласында жасалған жантүршігерлік әрекеттер салдарынан көп адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды Мемлекет басшысы зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. «Қазіргі таңда терроризмнің етек алуы барлық мемлекеттер үшін ортақ қауіп-қатерге айналып отыр. Қазақстан халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретін лаңкестік пен экстремизмнің кез келген түрін айыптайды», - делінген жеделхатта.

Абырой болғанда бұл лаңкестік әрекеттерден зардап шеккен не болмаса қаза тапқан Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі және ресми өкілі Алтай Әбибуллаев Твиттердегі парақшасында хабарлады. Дегенмен, Париждегі ҚР Елшілігінде «жедел желі» ( 33 1 45 61 52 00) ашылып, бұл қалада еліміздің барша азаматтарына халық көп жиналған жерге бармауға кеңес берілді.

Айта кетерлігі, «Батаклан» театрындағы кепілге алынған адамдарды полиция арнайы жасағы шабуыл жасау арқылы босатып алған болатын. Сәл кейінірек қанды оқиға орнына Франция Президенті Франсуа Олланд, елдің Премьер-Министрі, Ішкі істер, Әділет министрлері келді. Осы жерде Ф.Олланд сенбі күні елдің Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізетінін айтты.

Бейруттағы жарылыстар

Бейсенбі күні кешқұрым Бейруттың түбіндегі Бурдж-әл-Баражн қаласында жанкешті лаңкестер 2 бомба жарды. Жарылыс орны ретінде адамдар көп жүретін Айн-эс-Сикка ауданы таңдап алынған. Бұл ауданда имам Хусейннің мешіті мен танымал «Аль-Мансур» сауда орталығы орналасқан.

Бейруттың бұл бөлігінде Башар Асадтың үкіметтік армиясы сапында «ДАИШ» лаңкестік тобына қарсы ұрыс амалдарына қатысып жүрген «Хезболла» шиіт партиясының белсенділері өте көп тұрады. Содырлардың бастапқы нысаны имам Хусейн атындағы мешіт болатын. өйткені, мотоциклге мінген содыр дәл осы мешітке бағыт алған еді. Бірақ, оның жолын «Хезболла» белсенділері кесті. Сондықтан да содыр Айн-эс-Сикка орамындағы адам көп жиналған жерге бет алды. Бірінші жарылыс наубайхана жанында, ал екіншісі Расуль әл-Аазам госпиталіне тақау жерде жасалды.

Жалпы лаңкестер төртеу болған. Үстіне жарылғыш зат таңып алған оның бірін полиция кейінен тауып алды. Ол бастапқы екі жарылыс кезінде өліп кеткен. Ал төртіншісі полиция қызметкерлері ізіне түскеннен кейін амалсыздан қолға түсті.

Біршама уақыт өткеннен кейін жарылыс жауапкершілігін мойындарына лған «ЛАИШ» лаңкестік тобы әлеуметтік желілердегі өзберінің парақшаларына мәлімдеме жариялады.

Лаңкестердің мәлімдемесінде алғашқы жарылыстың мотоциклге бекітілген жарлығш құрылғының нәтижесінде орын алғанын, ал екіншісін өлім белдігін тағынған жанкештінің іске қосқанын атап өткен.

Екі лаңкестік әрекеттің салдарынан кемінде 43 адам мерт болып, түрлі деңгейде жарақат алғандардың саны 200-ден асып жығылды. Бұл терактіні елдің көрнекті діни және саяси қайраткерлері барынша айыптауда. Ливан Премьер-Министрі қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, ел азаматтарын қырағы болып, бірлік пен ынтымақ танытуға шақырды.

Дубайда өткен халықаралық авиасалон

Бейсенбі күні Біріккен Араб Әмірліктерінде «Dubai Airshow 2015» 14-ші халықаралық көрмесі аяқталды. Бұл көрме Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі мен Қарулы Күштерінің қолдауымен Dubai World Central Aerotropolis аумағында өтіп жатыр. Дубайдағы «Dubai Airshow» халықаралық авиасалоны әлемдік азаматтық және әскери авиаөнеркәсібіндегі негізгі оқиғалардың бірі болып табылады. Көрме екі жылда бір рет өткізіледі. Кешеннің көрме алаңы 645 мың шаршы метрді құрайды. Шараға 61 елден 1100-ден астам қатысушы қатысты. Көрме аясында ұшақтардың 150 моделі ұсынылды. Олардың арасында F-22 «Raptor» көпмақсатты жойғыш ұшақтардың бесінші буыны мен 50 бизнес-джеттер бар.

Көрме барысында жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 39,8 млрд. долларға жетіп отыр. Алайда, бұл сома 2013 жылғы нәтижеден әлде қайда төмен. Есте болса, сол кезде 206 млрд. доллардан астам сомаға келісімшарт жасалған болатын. 2013 жылы «Emirates», «Etihad Airways» және «Qatar Airways» авиакомпаниялары Airbus пен Boeing ұшақтарының ректордтық санын сатып алған болатын. Бұл жолы да ұшақтың аталған екі түрі бойынша жасалған келісімшарттар үлкен соманы құрады.

Осы көрме аясында ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Абу-Даби Әмірлігінің мұрагер ханзадасы, БАӘ ҚК бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. «Еліміздің арасындағы достастық қарым-қатынас Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаушы, Сіздердің әкелеріңіз және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қаланған. Ол жыл сайын нығайып, нәтижелі әрі жемісті болуда, анағұрлым жоғары деңгейге шығып келеді», - деді Иманғали Тасмағамбетов құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар ол бірлескен оқу-жаттығу мен тренингтер түрінде іске асырылуы мүмкін БАӘ-мен қорғаныс ынтымақтастығын дамытуда мүдделі екендігімізді атап өтті.

«Келесі жылы халықаралық сайыстарды ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Осыған байланысты, аталған іс-шараға мамандарыңызды қатысуға шақырамын. Одан басқа, ҚР қорғаныс ведомствосының басшысы алдағы уақытта Астанада өтетін «KADEX - 2016» қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесі тақырыбын қозғап өтті. «Мүмкіндікті пайдалана отырып және мемлекеттеріміздің арасындағы әскери ынтымақтастықты дамыту мақсатында Сіздерді және сіздердің қорғаныс-өнеркәсібі кешені компанияларыңызды осы көрмеге қатысуға шақырамын. Қару-жарақ пен әскери техника саласындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің тың жаңалығы Астанадағы павильондар көрмесін ажарландыра түседі деп үміттенемін», - деді министр.