ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Париждегі лаңкестіктің басты күдіктісі ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада Түркия мен Кот-д'Ивуарда орын алған лаңкестік әрекеттер адамзат баласының көңіліне қаяу түсіріп, ғаламшар тұрғындарының бұл зұлымдыққа қарсы күш біріктіру қажеттігін тағы да бір мәрте қуаттай түсті. Айта кетерлігі, бұл оқиғалардан бөлек өткен жылдың қарашасында Парижде орын алған лаңкестіктің басты күдіктісі Брюссельде қолға түскені белгілі болды.

Анкарадағы қанды қырғын

Жексенбі күні Анкарада Түркиянің Әділет, Ішкі істер министрліктері, Жоғарғы соты ғимараты мен ел үкімет басшысының резиденциясы жанында қуатты жарылыс болды. Билік мәліметтеріне сәйкес, бомба қойылған көлікке мінген лаңкес жанкешті аялдамада тұрған жолаушылар автобусына соқтығысып жарылған. Жарылыстан кейін үлкен өрт болып, оқиға орнына өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметтері жетіп, полиция оқиға орнын қоршауға алған.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған «терроризм» термині ұғымының аясын кеңейту, террорлық актіні орындаушы және оған дем беруші емес, жалпы осы әрекетке қолдау танытқанның барлығын «лаңкес» деп тану қажеттігін айтты. «Қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтамын және жарақат алғандардың тезірек жазылып кетуіне тілекшімін. Соңғы жылдары өңірдегі тұрақсыздық салдарынан Түркия лаңкестердің нысанына айналып отыр», - делінген Түркия президентінің ресми сайтында орналастырылған мәлімдемеде.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанға Анкара қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта қайғылы оқиға салдарынан көптеген жазықсыз адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды Қазақстан Президенті зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген. «Еліңізбен көрші аймақтағы тұрақсыздық пен халықаралық терроризмнің өршуіне қарамастан, Түркия ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтып, қазіргі заман қауіп-қатерлеріне қарсы күресте табандылық танытатынына сенімдімін. Халықаралық терроризмнің тамырына балта шабу әлемдік қоғамдастық алдында тұрған ең өзекті міндет деп санаймын», - делінген жеделхатта. Мемлекет басшысы Қазақстан ХХІ ғасырдың ең қауіпті қатеріне қарсы күресте бауырлас түрік халқын қолдайтынын атап айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Р.Ердоғанға, қаза тапқандардың туыс-туғандарына, сондай-ақ барша Түркия халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Ресми деректерге сәйкес лаңкестік салдарынан 37 адам қаза тауып, тағы 125 адам жарақат алған. Жанкешті лаңкестік сыбайластарын іздеу операциясы кезінде 30-дан астам адам тұтқынға алынған. Бұл лаңкестік әрекетті «Күрдістан жұмысшылар партиясымен» байланысы бар «Күрдістан бостандығы қырандары» радикалды тобы өз мойындарына алып отыр. Айта кетерлігі, сәл кейінірек жанкештінің Сехер Чагла Демир екендігі және оның 2013 жылдан Күрдістан жұмысшылар партиясының құрамына кіргені белгілі болды.

Бұл Түркияда соңғы айларда орын алған 5-ші лаңкестік әрекет. Оның салдарынан 200-ден астам адам қаза тапты.

Кот-д'Ивуардағы лаңкестер лаңы

Жексенбі күні автоматпен және гранатамен қаруланған 6 содырдан тұратын лаңкестік топ Кот-д'Ивуардың Гран-Басам қаласындағы курортты аймаққа басып кіріп, туристерді оқ астына алды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, лаңкестер жағалауға қайықпен келіп, жағажайда жатқан адамдарды атқан. Ғаламторда содырлардың шабуыл сәті бейнеленген видео да жарияланды. Біраз уақыттан кейін оқиға орнына полиция жетіп, лаңкестермен қарулы қақтығыс орын алды. Кот-д'Ивуар президенті Алассан Уаттараның мәлімдеуінше, арнайы жасақ жауынгерлері 6 содырдың да көзін жойған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, лаңкестік салдарына 18 адам қаза тапты. Олардың арасында 15 қарапайым адам мен 3 оққағар бар. Мұнан бөлек 20-ға жуық адам жарақаттанған. Өлгендерің 4-еуі Франция, 1-еуі Германия азаматтары, ал қалғандары жергілікті тұрғындар.

Ел президенті Алассан Уаттара дүйсенбі күні үкіметтің шұғыл жиынын өткізіп, онда лаңкестікпен күрес мәселесі талқыланды. Сонымен қатар елде үш күндік ұлттық аза тұту күні жарияланды.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бұл лаңкестікті айыптап, Кот-д'Ивуар халқы мен үкіметіне, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.

Париж лаңкестерінің ізімен

Сейсенбі күні Париждегі лаңкестік оқиғаны тергеу аясында бельгиялық полиция қызметкерлері француз әріптестерімен иесіз деп саналған пәтерлердің бірін тексермек болды. Олар пәтердің есігін ашқан сәтте оқ астына қалып, 3 полиция қызметкері жарақат алды. Осыдан кейін көмекке қосымша күш келіп, атыс одан ары жалғасты. Екі қылмыскер оқиға орнынан қашып кетіп, Калашников автоматымен қаруланған үшіншісі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жолына тосқауыл болды.

Шамамен 3 сағаттан кейін арнайы жасақ сарбаздары пәтерге басып кіріп, содырдың көзін жойды. Ол алжирлік 1980 жылы дүниеге келген Белькади Мохаммед екендігі белгілі. Жергілікті БАҚ мәліметтеріне сәйкес, қашып кеткен 2 қылмыскер ағайынды Халид пен Ибрагим аль-Бакрауи болуы мүмкін. Олар құқық қорғау органдарына жақсы таныс. Ағымдағы жылдың қаңтарында тонау барысында полицияға оқ атып қашып кеткен болатын. Сонымен қатар ол сырттай 9 жылға соталған. Ал екіншісі 2011 жылы автомобиль ұрлағаны үшін шартты түрде 5 жылға сотталған.

Айта кетерлігі, кеше кешкісін Париждегі лаңкестіктің басты күдіктісі Салах Абдесламның арнайы жүргізілген операция барысында Брюссельде ұсталғаны белгілі.