Атап айтқанда, бұл алаңдаушылық Солтүстік Кореяның «Ынха-3» зымыран тасымалдағышын ұшыруға байланысты болып отыр. Яғни бұл зымыран жер маңы орбитасына «Кванменсон-3» жерсерігін жеткізуі тиіс еді. Бұл елдің билігінің мәлімдеуінше, жер серігі ауа-райына мониторинг жасауға және қоршаған ортаны зерттеуге негізделген. Бұл ұшырылым шаралары елдің алғашқы басшысы Ким Ир Сеннің туғанына 100 толуына орай аталды.
Алайда, зымыран бірнеше минут ұшқаннан кейін әуеде шашылып, оның қалдықтары мұхитқа түсті. Бұл сәтті алғаш болып оңтүстік кореялық және американдық қарулы күштер байқап қалды. Солтүстік америкалық континенттің әуе қорғанысы бірлескен басшылығының мәліметінше, зымыранның бірінші сатысы Сеулден 165 шақырым жерде теңізге құлады. Алдын ала деректер бойынша қалған екі сатысы іске қосылмаған секілді. Зымыран мен оның сынықтары Сары теңізге түскен көрінеді. Тек бірнеше сағаттан кейін бұл ақпаратты Пхеньян ресми түрде растады. «Жерді бақылауға арналған жер серігі орбитаға шыға алмады. Ғалымдар мен мамандар және елдің сарапшылары қазіргі кезде зымыранның істен шығуының себебін зерделеп жатыр»,-деп түсіндірді солтүстік кореялық ЦТАК ақпараттық агенттігі.
Бұған дейін G8 Сыртқы істер министрліктерінің басшылары аталған елге жер серігі тіркескен зымыранды ұшырудан бас тартуға шақырған еді. Себебі, бұл халықаралық міндеттердің талаптарын бұзу және БҰҰ Қауіпсіздің кеңесінің қарарына қайшы болып саналады. Онда баллистикалық технологияларды пайдалану арқылы зымырандарды ұшыруға тыйым салынған.
Зымыран ұшырылғаннан кейін, «Үлкен сегіздік» тарапы бұл іс-қимылдар өңірлік бейбітшілікке және тұрақтылыққа залал келтіріп отырғандығын мәлімдеді. «Біз Солтүстік Кореяны болашақта осындай ұшырылымдардан бас тартуға шақырамыз. Зымыранды технологияларды пайдалану Кореялық түбегіндегі ахуалды ушықтыра түседі. Біз Солтүстік Кореяға қатысты жауапты шаралардың тізбесін айқындауға дайынбыз және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін тиісті шараларды қолдануға шақырамыз», - делінген СІМ басшыларының бірлескен мәлімдемесінде.
Белгілі болғандай, БҰҰ ҚК қалыптасқан ахуалды қарастыруға арналған отырысты өткізу шешімін жасады. Онда Пхеньянға ықпал етудің жаңа шараларының тізбесі анықталатын болады. Алайда, қазіргі кезде Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері екі топқа бөлінеді деген қауесеттер сөз болып отыр. Онда бірінші топ (Сеул, Токио, Вашингтон және басқалар) жаңа қатал экономикалық мазмұндағы санкцияларды енгізуді көтермек. Ал басқаларының (Бейжің, Мәскеу) пікірінше, жаңа санкциялардың еш ықпалы болмайды, осы орайда Пхеньянмен сенімді диалог жүргізу керек.
Халықаралық байқаушылар зымыранды ұшырудың мақсатты міндетінің сәтті іске аспауын оңтайлы бағалап отыр. «Зымыранның ұшу қашықтығы ойдағыдай болмады және бұл өз кезегінде солтүстік кореялық баллистикалық технологиялар айтарлықтай қатер тудырмайды, яғни, зымыран тасымалдаушының қауқарлығы тек бастапқы даму сатысында тұр», деген пікір пайда болды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкцияларына қарамастан, Солтүстік Кореяның іс-қимылдары арандатушылық әрекеттерге жақын және бұл қадамдар елді оқшаулауға итермелеуі мүмкін. Бұл тұрғыда тағы да бір қатер туындап отыр, яғни жаңадан енгізілетін қатал санкциялар Пхеньянды ядролық кезекті сынақтарды өткізуге әкелуі ықтимал.
Корея халықтық демократиялық республикасы басшылығының бүгінгі әрекетін айтарлықтай қарапайым деп түсіндіруге болады. Көбінесе Пхеньянның саясаты 2009 жылы қабылданған «Сонгун» әскери идеологиясы базасында қалыптасып отыр. Бұл қадам «чучхе» атты коммунизм идеясын ауыстырған болатын. Соңғы жылдары Солтүстік Корея әлемдік қоғамдастықтан тәуелсіз екенін және ядролық зерттеулерді жүргізуге құқылы екенін әрдайым жариялап келеді. Кеңес Одағындағыдай олар негізгі күшін қорғанысқа жұмсап отыр.
Атап айтқанда, бұл елдің жаңа басшысы Ким Чен Ыннң алдында халыққа, партияға және әскерилерге мемлекеттік басқаруға қауқарлы екенін дәлелдеу міндеті тұр.
Сондықтан да елдегі гуманитарлық ахуал бүгінде күрделене бастады. Ал халықаралық қоғамдастықпен қарым-қатынас бұдан әрі қарай ушыға түсуде. Бірақ та, бұл солтүстік кореялық басшылықты айтарлықтай алаңдатпайтын секілді. Ең бастысы, бүгінде Корея түбегінде тұрақтылықты сақтауға көмектесетін жалғыз қадам - ол әлемдік көшбасшылардың тыңғылықты зерделенген әрекеттері. Бұл өз кезегінде Пхеньянның өңірдегі жаңа арандатушылық бағыттарға баруы мүмкіндігінің алдын алады.