ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Пулитцер сыйлығы 100-ші рет берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында осы елдегі әдебиет, журналистика, музыка және театр саласында берілетін ең мәртебелі сыйлықтардың бірі - Пулитцер сыйлығы лауреаттарының есімдері жария етілді. Мұнан бөлек, дүбірге толы дүниеде Эквадордағы соңғы 37 жылдағы ең қуатты жер сілкінісі тіркеліп, қазіргі уақытта апаттан кейінгі құтқару жұмыстары тыншымастан жалғасуда.

Пулитцер сыйлығы 100-ші рет берілді

Осы дүйсенбіде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында осы елдегі әдебиет, журналистика, музыка және театр саласында берілетін ең мәртебелі сыйлықтардың бірі - Пулитцер сыйлығы лауреаттарының есімдері белгілі болды.

Сыйлық 1917 жылдан бастап жыл сайын табыс етіліп келеді. Бұл сыйлықты газет магнаты Джозеф Пулитцер бекіткен болатын. Ол арнайы жазып қалдырған өсиетінде өз атында құрылған қорға 2 млн. доллар аударылатындығы айтылған. Ақшалай жүлде қоры 10 мың долларды құрайды.

Ең мәртебелі санаттағы «Қоғамға қызмет еткені үшін» сыйлығы Associated Press агенттігі журналистерінің командасына Оңтүстік-Шығыс Азиядағы американдық тұтынушыларға балық пен теңіз өнімдерін жеткізу үшін құлдыққа түскен балықшылардың ауыр бейнеті жайындағы зерттеу материалдары үшін берілді. Пулитцер комитеті ақпарат агенттігін «екі мың құлдың бостандық алуына, сонымен бірге қылмыскерлердің жауапкершілікке тартылуына» түрткі болған мақалалар топтамасы үшін марапаттады.

Бірегей зертеулері үшін «Tampa Bay Times» журналистері Леонора Лапитер Энтон мен Энтони Кормьер, сонымен қатар «Sarasota Herald-Tribune» журналисі Майкл Брага да марапатқа ие болды. Олар «Безумные. Невидимые. В опасности» деген тақырыппен берілген мақалалар топтамасында бюджет шығыстарының қысқартылуы салдарынан Флориданың психиатриялық ауруханасының мүшкіл халге жеткендігін жан-жақты баяндаған.

Ағымдағы оқиғаларды берудегі жеделдігі мен ұтқырлығы үшін табысталатын сыйлық Сан-Бернардинодағы атысты және осы лаңкестікті зерттеген материалдары үшін «The Los Angeles Times» газетіне табысталды.

Ал жергілікті жаңалықтарды жариялағаны үшін бекітілген сыйлық «Tampa Bay Times» басылымның тілшілері Майкл ЛаФорджиге, Кара Фицпатрикке және Лиза Гартнерге берілді.

«New York Times» газетінің тілшісі Алисса Рубин Ауғанстандағы әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы туралы жұмысы үшін «халықаралық репортаж» аталымында жеңіске жетті.

Үздік деректі очерк аталымы «The New Yorker» газетінің тілшісі Кэтрин Шульцке Каскадияның опырылуы атты материалы үшін табыс етілді. Айта кетерлігі, оның бұл очеркі «экологиялық мақаланың жауһары» деген атауға ие болды.

Үздік сын аталымындағы награда Эмили насбаумға теледидарлық шолулар топтамасы үшін табыс етілді. Ал үздік редакциялық материал аталымында Флориданың «Sun Newspapers» басылымның тілшілері Джон Хакворт пен Брайан Глезонның түрме қызметкерлерінің тұтқындарды өлтіргендігі жайлы жарияланымдары жеңіске жетті. «New York Times» газетінің фотографтары Маурисио Лима, Сергей Пономарев, Тайлер Хикс пен Даниэль Эттер, сонымен қатар «Thomson Reuters» агенттігінің фотографтар тобы Еуропадағы көші-қон дағдарысын көрсетудегі жұмыстары үшін «Жаңалық суреттері» аталымында жүлдеге ие болды.

Ал «Үздік өмірбаян» аталымының жүлдесі Вильям Финнеганның «Дикие дни: жизнь сёрфера» кітабы үшін берілсе, Питер Балакянның «Озоновый журнал» туындысы «Поэзия» аталымында жеңіске жетті.

Эквадордағы жер сілкінісі

Эквадорда 16 сәуірде 7,8 балдық жер асты дүмпулері орын алды. Кіндігі Муисне елді мекенінің оңтүстік-шығысына қарай 28 шақырымда болды. 20,2 шақырым тереңдікте орналасты. Апат салдарынан көп қабатты қонақүйлер, мейрамханалар, тұрғын үйлер қирады. Қаза тапқандар саны 500-ден асты.

Табиғи апаттан елдің батыс жағалауындағы Портовьехо, Педерналес, Сан-Пабло-де-Манта, сонымен қатар басты теңіз порты саналатын Гуаякиль елді мекені қатты зардап шеккен болатын.

Эквадор Президенті Рафаэль Корреа өзінің Италияға сапарын кейінге қалдырып, елде төтенше жағдай режімін жария етті және тірі қалғандарды құтқару басымдықты мәселе екендігін мәлімдеді.

Эквадор вице-президенті Хорге Гластың айтуынша, елдің көптеген аудандарындағы кейбір қалаларда жарық мүлдем өшкен. «Біз бірқатар аудандардың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдадық. Азаматтарды қауіпті аймақтан тыс жерлерге қоныстандырамыз», - деді ол.

Ел билігі апаттан зардап шеккен өлкеге көмекке 10 мың әскери қызметші мен 3,5 мың полиция жіберді. Азық-түлік, дәрі-дәрмек пен басқа да ең бірінші қажетті заттарды жеткізу ұйымдастырылды.

Мұнан бөлек, халықаралық гуманитарлық көмек те жеткізіле бастады. Ең бірінші болып өңірге қоңсылас Венесуэла мен Мексика көмек көрсетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эквадорға дәрігерлер жіберсе, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 8 мың адамға жетерлік тамақ жөнелтті. Бұл ұйым алдағы уақытта тағы да 12 мың тұрғынға азық-түлік жіберуді жоспарлап отыр.

БҰҰ Балалар қорының ақпаратына қарағанда, жер сілкінісі салдарынан кемінде 150 мың бала зардап шеккен. Үкіметтің алдын ала мәліметтеріне қарағанда, апат салдарынан 88 мың бала білім алатын 119 мектеп қираған. Жалпы жер сілкінісінен шамамен 805 ғимарат жермен жексен болса, тағы 608 ғимарат қатты бүлінген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Эквадор Республикасының Президенті Рафаэль Корреаға көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта Қазақстан Президентінің Эквадорда жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген.

Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Р.Корреа мен бүкіл Эквадор халқына көңіл айтты.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун да Эквадор халқы мен үкіметіне көңіл айтты. Сонымен қатар ол ел билігі құтқару операциялары мен зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстарын жақсы ұйымдастыра алғандығына баса назар аударды.

Ел үкіметінің бағалауынша, жер сілкінісінен келген шығын 2-ден 3 млрд. долларға дейін жетеді. Сондықтан БҰҰ мен Эквадор үкіметі күшті жер сілкінісі кезінде зардап шеккендерге көмекке 72,7 миллион доллар сұрап, әлемдік қоғамдастыққа жүгініп отыр. Қаражат елдің 350 мың тұрғынына көмекке жұмсалмақ. «Халық тағамға, суға, қарапайым медициналық көмекке зәру. Балаларға білімін жалғастыруға ғимарат керек. Отбасыларға қалыпты өмірін жалғастыру үшін қолдау қажет. Гуманитарлық қоғамдастық үкіметті қолдауға, базалық қажеттілікті қамтамасыз етуге әзір», - деп мәлімдеді БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Стивен О'Брайан.

Соңғы деректерге қарағанда табиғи апаттан қаза тапқандардың саны 577 адамға жетіп отыр әрі әлі де өсу үстінде. Қаза тапқандардың арасында Колумбия, Куба, Доминикан Республикасы, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Италия және Германия азаматтары бар.