Оның алдында бiр күн бұрын ғаламторда «Ислам мемлекетi» лаңкестiк тобы бейне-үндеу жолдады. Бейнежазбада лаңкестер жапониялық екi тұтқынды өлтiруге уәде еттi. Апта соңында жағымды жаңалықтар да келiп жеттi. Батыс Африкада бiрнеше айлар бойы саябырсымай келген Эбола дертi әлсiрей бастады. Қатерлi ауруға шалдыққан адамдардың саны азайып келедi. Ендi осыны жеке-жеке тарқатып көрейiк.
Давостағы 45-шi Бүкiләлемдiк экономикалық форум
Сәрсенбi күнi Давоста 45-шi Бүкiләлемдiк экономикалық форум өз жұмысын бастады, онда әлемнiң ең iрi кәсiпкерлерi мен экономистерi әлемдiк экономикадағы құлдырау, одан шығудың жолдары және өзара сенiмдi қалпына келтiру мәселелерiн талқылады. Шара экономикалық және геосаяси ахуалдың ушығып тұрған сәтiнде өттi - мұнай бағасының құлдырауы, жаһандық экономиканың даму қарқынының саябырсуы, сонымен қатар Батыстың Ресейге қатысты санкциялары және Мәскеудiң оған жауап ретiнде жасап отырған қарсы шектеу шаралары. Сондықтан да болар форумның салмағы зор болды. Барша әлем назарын тiктi.
Қазақстан атынан Бүкiләлемдiк экономикалық форумға ҚР Премьер-Министрi Кәрiм Мәсiмов пен Экономикалық ықпалдастық министрi Жанар Айтжанова барған болатын.
Жаһандық қауiп-қатерлер туралы есебiнде (The Global Risks report 2015) Бүкiләлемдiк экономика форумының сарапшылары мемлекеттер арасында түрлi шиеленiстер ушыға түсуi мүмкiн деп ескерттi. БЭФ баяндамасында, сондай-ақ әлемдiк қауiп-қатерлердiң барлық санаттары арасында өзара байланыстардың өршуiне де назар аударып отыр. Мысал ретiнде мамандар Батыс Африкадағы Эбола вирусының белең алуы, Таяу Шығыстағы шиеленiстердiң өсуi және Украинадағы қақтығысты атап өттi. Соңғысы Еуропаға газдың жеткiзiлуiн қиындатты, Ресейге қатысты Батыс елдерiнiң санкциясы тауарлардың импортын азайтып, iрi кәсiпорындарға жаңа нарықтарды iздеуге тура келуде.
«Геосаяси қауiп-қатерлер әлемдiк экономикалық салаларға айқынырақ әсер етедi, себебi экономикалық құралдар геосаяси түйткiлдердi шешуге қолданылып отыр», - дейдi сарапшылары.
Шолушылардың айтуынша, әлемде мемлекеттердiң стратегиялық жарысы басталды. Елдердiң сыртқы саясаты олардың iшiнде ұлтшылдықтың артуына байланысты бiршама агрессивтi болып барады. Мәселен, Үндiстанда ұлтшыл-саясаткердiң танымалдылығы артса, Еуропада еуроцентристiк скептиктердiң және оңшыл партиялардың дәуренi жүрiп тұр.
Маңызды мәселелердiң бiрi ретiнде Батыс пен Ресей арасындағы санкцияға толы қарым-қатынастары және оның әлемдiк экономикаға тигiзiп жатқан зардаптары да сөз болды. Бұл шектеушi шаралар геосаяси стратегияларының бiр әдiсi ретiнде қолданылуда. Мемлекеттер саяси мүдделерi үшiн экономикалық құрбандыққа баруға дайын. Адамзаттың алдында тұрған өзектi мәселелердiң қатарында климаттық өзгеруi, халықтың қартаюы, қоршаған ортаның ластануы, дамушы елдердегi орта тап өкiлдерi санының артуы, созылмалы аурулардың көбеюi, байлар мен кедейлердiң арасындағы алшақтықтың артуы, урбанизация, халықаралық институттар беделiнiң төмендеуi, сонымен қатар халықаралық лаңкестiкпен күрес ерекше талқыланды.
«Ислам мемлекетiнiң» содырлары адамдарды тұтқындауын доғарар емес
Давостағы 45-шi Бүкiләлемдiк экономикалық форумда Мысыр президентi Абдель Фаттах аль-Сиси лаңкестiкке қатысты тақырыпты қозғай отырып, Давос форумының қатысушыларын аталмыш деструктивтi құбылысқа қарсы бiрлесе күресуге үндедi.
«Өздерінің көзқарастарын тықпалап, бізге шабуыл жасап жүрген лаңкестік топтарға қарсы жұмыла күресуіміз қажет», - деді Мысыр президенті 20 қаңтарда интернетте «Ислам мемлекеті» содырларының Жапон билігіне арнаған бейнежазбаны меңзеп.
Бейнежазбада қара киім киген, қолында сұсты пышақ ұстаған содыр егер Жапония билігі 72 сағаттың ішінде 200 млн. доллар бермейінше кепілдегі жапониялық екі тұтқынды өлтіретіндігін хабарлаған. Кепілдегілер бұның алдында із-түссіз кеткен Жапонияның PMC Japan компаниясының басшысы Кендзи Гото Дзего мен журналист Харуна Юкава екені анықталды. Жапонияның премьер-министрі аталмыш мәселеге дереу үн қатты. Синдзо Абэ бұл жаңалықты Израильде мемлекеттік сапарда жүрген кезінде естіген.
«Жапония «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобымен тұтқынға алынған өз азаматтарының тез арада босатуын талап етеді», - деп мәлімдеді Синдзо Абэ. Ол сонымен қатар кепілдегі жапон азаматтарын шығарып алу үкіметтік басым мақсаты болып табылатынын хабарлады. Лаңкестердің таңдаған ақша сомасы да тегіннен тегін емес. Дәл сондай қаржыны Жапония «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы күреске бөлген болатын.
Осылайша, «Ислам мемлекеті» Жапония үкіметіне аталмыш ұйыммен күрес халықаралық коалициясына көмектесуден бас тартуды меңзеп тұрғандай. Кепілдегілердің бірі журналист Кендзи Гото 2014 жылы қазан айының басында деректі фильм түсіру үшін Таяу Шығысқа аттанған болатын. Қазан айының соңында ол ізім-ғайым жоғалды. Харуна Юкаваның не үшін барғаны әлі онша белгісіз. 2014 жылы Юкава жекеменшік әскери компания құрып, Таяу Шығысқа кеткен. Шамамен 2014 жылдың жазында ол «Ислам мемлекеті» содырларымен тұтқынға алынғандығы туралы хабар келіп түскен. Орын алған жайттарға байланысты Токио Иорданияға арнайы құрылымның бір топ қызметкерлерін жіберді. Олар онда шетелдік әріптестерімен бірге жапондықтарды босатуға қажетті ақпараттарды жинақтауы тиіс. Синдзо Абэ Ұлыбритания премьер-министрімен телефон арқылы сөйлескен кезде Жапония кепілдіктен адамдарды босату үшін содырларға ешқандай қаражат бермейтіндігін айтты. Аталған қадам «қисынсыз лаңкестік актқа» тең деп бағалады. Ультиматумның мерзімі жұма күні өтіп кеткен. Соған байланысты содырлар өздерінің уәделерін орындайтындықтарын айтып, тағы бір бейне жіберіп отыр.
Бұның алдында аталмыш содырлар өзге елдердің азаматтарын осылай кепілге алып, кейін оларды өлтірген болатын. Қараша айында олар АҚШ азаматы Питер Кэссигтің өміріне балта шапты. Тамыз бен қыркүйекте тілші Джеймс Фоули мен Стивен Сотлоффты дәл осылай өлтірді. Сонымен қатар исламистер Сирияда Ресейдің екі арнайы қызметінің екі өкілін өлтірген бейнежазбаны жариялады.
Эбола вирусымен күрес өз нәтижесін беруде
Әлем Таяу Шығыстағы жапондық тұтқындарды талқылап жатқанда, Батыс Африкадан жағымды жаңалық келді. Гвинеяда, Либерияда және Сьерра-Леонеде Эбола дертін жұқтырғандардың саны едәуір кеміген. Біріккен Ұлттар Ұйымы соңғы ууақыттары аурудың таралуы бәсеңсігенін хабарлады. Батыс Африкада Эбола дертінің эпидемиясы орын алуы ықтимал деген болжам, абырой болғанда орындалған жоқ.
«Бүгін, төрт ай өткен кезде, біз Эболамен күрес өз нәтижесін бергенін айта аламыз», - деп атап өтті Бас хатшы Пан Ги Мун.
Либерияның Денсаулық сақтау министрлігі соңғы аптада 15 графтықтың 12-сінде Эбола безгегі тіркелмегендігін мәлім етті. Өз кезегінде Гвинея мамандары аурудың таралу көрсеткіші 2014 жылдың 17 тамызынан бері ең аз деңгейде болғанын айтып сүйінші сұрады. Сьерра-Леонеде төмен көрсеткіш 2014 жылдың 31 тамызынан бері тіркелмепті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Малиді Эболадан ада ел деп жариялады. Ол елде 42 күн бойы Эбола дерті анықталмаған.
«Аталған аймақтарда болған кезде мен бұл ошақтың өршуін болдырмау қолымыздан келетініне көзім жетті. Біздің мақсатымыз - дерттен жапа шеккен адамдардың саны артпай тұрғанда оған мейлінше тез уақытта қол жеткізу. Ол үшін нақты белгіленген мақсаттар мен батыл ұжымдық іс-қимылдар қажет», - деді Пан Ги Мун сейсенбіде.
Эбола дертіне қарсы күрес мәселесі Давостағы форумның басты тақырыптарының бірі болды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Валери Амос пен БҰҰ-ның Эбола вирусына қарсы күрес бойынша арнайы елшісі Дэвид Набарро әлем қауымдастығын осы ауруға қарсы күреске жұмылуды сұрап, оған 1,5 млрд. доллар қажет екендігін хабарлады. Халықаралық шенеуніктер осы салаға бөлінген қаражаттың арқасында эпидемия жайлаған үш елде (Гвинея, Либерия мен Сьерра-Леоне) оның таралуын кемітуге мүмкіндік туды деп отыр. Былтыр оған 500 млн. доллар қаражат бөлінген болатын.
Еске салайық, индексті вирус 2013 жылы 28 желтоқсанда Гвинеяда қайтыс болған баладан тараған. Ол кезде әлі анықтала қоймаған белгісіз вирус осы баладан үш айдың ішінде барша Гвинеяны жайлап, ауылдық жерлермен қатар, қаланы да жағалап кетеді. Басында вирусты дұрыс анықтай алмаған. 2014 жылы 21 наурызында ғана оны Эбола вирусы екендігін біледі. Ол кезде қатерлі ауру Африка құрлығының жартысына таралып үлгерген. Қазіргі деректер бойынша, Эболадан 8,6 мыңнан астам адам қаза тапты. Олардың барлығы - негізінен Гвинея, Либерия мен Сьерра-Леоне тұрғындары.