ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Саяси қуғын-сүргін және сөз бостандығын шектеу - АҚШ-тың бұлыңғыр тұсы

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық тыныс-тіршілікте орын алған барынша қызықты оқиғалардың қатарында АҚШ-тағы саяси оппозицияны заңсыз тексеру мен БАҚ қызметкерлерінің телефонмен сөйлесулерін бақылау болды.

Штаттардағы кезекті саяси жанжал АҚШ-тың Федералды салық қызметінің жұмысымен байланысты өрбіді. Аталған ведомство Ақ үй әкімшілігіне қарсы оппозициялық оңшыл конвервативтік күштер өкілдеріне шектен тыс тыңғылықты тексеру жүргізген еді.

Салықшылардың саяси құштарлығы туралы алғашқы ақпарат БАҚ-та 10 мамырда-ақ жарық көрген болатын. Ол кезде Федералды салық қызметінің шенеунігі абайсызда бұл жайында жергілікті БАҚ өкілдеріне айтқан-ды. Өткен жұмада салық қызметі тергеу амалдарын жүргізгеннен кейін қосымша тексерулер болғандығын ресми қуаттады, сонымен қатар аталған тексерулердің қатардағы орындаушылардың техникалық қателігінен орын алғандығын айтып ақталды.

Осы аптада АҚШ-тың бас прокуроры Эрик Холдер Федералды салық қызметіне салық қызметінің іс-әрекетінде заң бұзушылықтардың орын алуына қатысты тергеу жүргізуді тапсырды. Тергеу қосымша тексерулерге душар болған салықсыз мәртебе алуға үміткер 75 үкіметтік емес ұйымның арыздарынан кейін қолға алынды.

Белгілі болып отырғандай, салық қызметі «бостондық шай ішу» және «патриот» (Бұл ұйымдар негізінен Республикалық партияға тиесілі) сынды сөздерді оппозициялық топтардан салық төлеуден босату үшін берілген өтініштерді табу және одан әрі арнайы тексеру жүргізу үшін қолданған. Бұл тексерулердің нәтижесінде ешкімге де салықсыз мәртебені беруден бас тартылған жоқ. Дегенмен жалпы процедура ұзақ мерзімді алып, үздіксіз сауалдармен өтініш берушілерді сарсаңға салып қойды.

Республикалық партия аталған тексерулерді зығырданды қайнататын факті деп атап, Ақ үй әкімшілігінің жұмысын қатаң сынады. Демократтар партиясының кеңселеріне тыңдау аппараттарын орнатқан президенттер Никсон мен Джонсон режімімен де теңеді.

Б.Обаманың нұсқауымен АҚШ-тың қаржы министрі Джек Лью елдің салық қызметінің директоры Стивен Миллерді отставкаға жіберді. Сонымен қатар аталған қызметтің жекелеген құрылымдық бөлімшелерінің басшылары жайлы орындарын суытуға мәжбүр болды. Конгресте өткен тыңдаулар барысында С.Миллер тексерудің саяси астары жоқ екендігін, тіпті өзінің демократ Б.Обаманың екінші мерзімге президент болып сайлану науқанына қолдау көрсетпегендігін ашық айтты.

Б.Обама баспасөзге арналған мәлімдемесінде өзінің саяси қарсыластарына салық ведомствосының мұндай қысым жасап отырғандығы беймәлім болғандығын айтты. Ол сондай-ақ республикашыларды салықтық тексеру әрекеті «кешірмейтін» қадам деп атап өтті.

Саяси астары бар тағы жанжал биліктің АҚШ-тағы ірі ақпарат агенттіктерінің бірі «Асошиэйтед пресс» (АР) журналистерінің қоңырау шалу деректерін алумен байланысты орын алды. АҚШ-тың әділет министрлігі 10 мамыр күні аталған агенттікті 2012 жылдың сәуірі мен мамыры аралығында АР-дің 20 телефон желісінен қоңырау шалулар деректерін алғандығын ескертті. Дегенмен, тергеу амалдарының не үшін жүргізілгендігін ашып айтпады. Өз кезегінде агенттік мұндай әрекетке өз қарсылығын білдіріп, биліктің бұл әрекетін түсіндіріп беруді талап етті.

Бұл тақырыптан басын бірден ала қашқан Ақ үй Б.Обаманың сөз бостандығы қағидаттарын қатаң қорғайтындығын әрі баспасөзге тәуелсіз тексерулер жүргізуіне кедергілер болмауын қолдайтындығын мәлімдеді. Өз кезегінде АҚШ бас прокуроры Э.Холдер әділет министрлігінің егерде елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты ақпараттың сыртқа шығуымен байланысты оқиға орын алған жағдайда тексеру жүргізуге құқылы екендігін мәлімдеді.

Міне осы екі саяси оқиға халық арасында Ақ үйдің қазіргі әкімшілігінің рейтингісін құлдырауына нақты себеп болып отыр. Сондай-ақ кейбір елдерді сөз бостандығын бұзып, оппозицияға қысым көрсетті деп даурығатын АҚШ-тың да керек кезінде мұндай қадамнан кет әрі еместігін көрсетіп берді.