ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Шетелдіктерге тотальды тыңшылық жасау әрі кибершабуыл - АҚШ арнайы қызметінің тиімді әдістері

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Халықаралық тыныс-тіршіліктің осы аптасы АҚШ-тағы телекоммуникациялар желісін тотальды аңдумен қатысты кезекті саяси жанжалға байланысты өрбуі орын алып отыр.

Соңғы күндері мұхиттың ар жағындағы алып елдің барлау қоғамдастықтары тағы да жанжал ортасында қалды. Associated press жаңалықтар агенттігі қызметкерлерінің телефонмен сөйлесулеріне бақылау жасау төңірегіндегі дүрбеліңнің ыстық-суығы басылмай жатып-ақ арнайы қызмет тағы да бастарын ала қашып ақталуға мәжбүр. Өткен аптада британдық Guardian газеті американдық Verizon байланыс операторы соңғы үш ай бойы күн сайын өз клиенттерінің қоңырау шалулары туралы мәліметтерді АҚШ билігіне беріп келді деген ақпаратты жария еткен болатын.

Сәл кейінірек дәл осы тақырыпқа май құя түскен Washington Post газеті американдық арнайы қызмет Apple, Facebook, Google, PalTalk және Microsoft сынды ондаған алып интернет компаниялардың серверіне тікелей кіру мүмкіншілігіне ие екендігін жазды. Басылым мәліметтеріне қарағанда, арнайы қызметтің құпия бағдарламасы PRISM деп аталады әрі ол 2007 жылдан бастап жұмыс істеп тұр. Құпия тыңшылық жайлы Wall Street Journal-да жазуда. Ал басылымның мәліметтеріне сәйкес, АҚШ-тың арнайы қызметі AT&T және Sprint Nextel сынды ірі ұялы байланыс операторларына, интернет-провайдерлер мәліметтеріне бақылау жасайды, сонымен қатар несие карталары бойынша сауда-саттық мәліметтерін де қадағалап отырады екен.

Болжам бойынша бұл бағдарламалар АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігіне электронды поштаға, веб-чаттардағы жазбаларға және басқа да коммуникацияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сәл кейінірек алынған мәліметтер лаңкестік әрекеттер мен шпиондыққа күдік келтірілген шетелдік азаматтарды табу үшін ғана қолданылатындығы хабарланды. Дегенмен, аңду АҚШ азаматтарына да, тіпті қолсұғылмаушылық мәртебесіне ие тұлғаларға да қатысты ұйымдастырылуы мүмкін екендігі жоққа шығарылмайды.

Сенбі күні АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Джеймс Клэппер ел билігінің шын мәнінде интернет компанияларды пайдаланушылар туралы мәліметтерді алатындығын мойындады. Сондай-ақ ол аталған ақпаратты жария еткен журналистердің іс-әрекетіне өз айыптауларын да жеткізіп үлгерді. Оның мәлімдеуінше, аңду тек сот санкциясымен ғана жүргізіледі. Мұндай жайт кезінде коммуникацияның шағын бөлігі қарастырылады әрі оны лаңкестікпен күрес жөніндегі мамандар ғана жүргізеді және тек лаңкестікпен күрес мақсатында ғана. Д. Клэппердің атап өтуінше, мәліметтерді жинау АҚШ-қа ондаған лаңкестік әрекеттің алдын алуға мүмкіндік берген. Агенттік өкілдері елдің Әділет министрлігіне азаматтардың аңдуға іліккендігі туралы ақпараттың қоғам құлағына шалынуна байланысты жағдайды ресми тергеуді талап етуде.

Айта кетерлігі, Президент Барак Обама негізінен арнайы қызметтердің мұндай шараларын қолдайтындығы белгілі. Осы жолы да аңду бағдарламасын қорғап сөз сөйлеген ол оның жеке өмірге араласу деңгейі өте төмен екендігін алға тартты.

Ұялы байланыс пен интернет провайдерлік компаниялар өздерінің тұтынушылардың мәліметтерін қорғау шаралары тұрақты түрде қолданатындықтарын бірінен соң бірі жария етті. Бірақ та олар федералды сот қажетті ақпаратты сұрауға қабілетті екендігін де мойындап отыр.

АҚШ-тағы құқық қорғау ұйымдары арнайы қызметтің мұндай тәжірибесін қатаң сынға алуда. Оларды бірқатар республикашыл конгресмендер де қолдауда. Орын алған дауға байланысты демократ сенатор Рон Вайдан АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Джеймс Клэппердің отставкаға кетуін талап етуде. Осындай жағдайда Орталық барлау басқармасы басшысының орынбасары Майкл Морелл отсавкаға өтініш берді. Конгресмендердің мойындауына қарағанда, барлау қоғамдастығы өкілдерімен орын алған құпия сұхбаттасу барысында баспасөзде жария етілген мәліметтер күдіктілерді аңду бағытындағы арнайы қызмет жұмысының шөкімдей ғана бөлігі екендігі белгілі болған.

Осы апта ішінде Guardian газеті АҚШ-тың құпия бағдарламасы туралы ақпаратты жария еткен автордың аты-жөнін мәлім етті. Ол Орталық барлау қызметінің бұрынғы қызметкері 29 жастағы Эдвард Сноуден болып шықты. Басылымның жазуынша, ол қазіргі уақытта консалтингтік компаниялардың бірінде жұмыс істейді. Мамыр айында Э. Сноуден Гонконгке ұшып келіп, жергілікті қонақ үйлердің бірінде тұрақтаған. Ол өзінің бұл әрекеттерін әділдікде ұмтылу ретінде бағалайды.

Құпия ақпаратты әшкере еткен тұлғаға қатысты АҚШ-та қылмыстық іс қозғалған. Ал ол болса Гонконгтен саяси бассауға алуға үмітті.

Э. Сноуден АҚШ-тағы тыңшылықпен қатар Вашингтонның Қытай аумағындағы компьютерге де тұрақты түрде кибершабуыл ұйымдастырып отырғандығын жария етіп отыр. Оның атап өтуінше, жеке тұлғалар мен азаматтық ұйымдардың компьютерлері шабуылға ұшыраған.