ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирия ахуалы - ендігі уақытта батыс Башар Асадқа жау емес
Reuters агенттігінің аты-жөні жария етілмеген дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, бұған дейін оппозицияға барынша қолдау білдіріп келген батыс елдері Сирияның оппозициялық және революциялық күштері ұлттық коалициясына ендігі уақытта елдің билік басындағы президенті Башар Асадты тақтан тайдыру маңызды мәселелердің бірі болып отырмағандығын шет жағалап түсіндірген көрінеді.
Батыс Сирияның іс басындағы басшысы ауысқаннан кейінгі орын алуы мүмкін сценарийді барынша жан-жақты талқылай келе, лаңкестік және экстремистік шабуылдардың жаңа толқынының қатері елге, сонымен бірге батыс мемлекеттеріне де бағытталуы мүмкін деген қорытындыға келген.
Сонымен қатар батыс қазіргі президент Башар Асадтың саяси күшінің зор екендігін әрі халықтың басым бөлігі оны қолдайтындығын мойындап, жекелеген оппозициялық топтар мен қозғалыстардың басым бөлігі іс жүзінде Әл Каидадың жергілікті ұяшығының қатарына өтіп кеткендігіне баса назар аударып отыр. өйткені мұндай жайт өңірдегі, сондай-ақ одан тысқары аумақтағы жағдайды барынша қиындататындығы түсінікті.
Батыстық одақтастар Асадпен бірге билік басында алавиттер де қалуы тиіс деген ұстанымда. Бұл елдегі биліктің қазіргі форматын сақтауға, ал болашақта биліктің жеңіл ауысуына мүмкіншілік бермек.
Сириялық оппозиция Батыстың мұндай жаңа көзқарасына айран-асыр болып отыр. Олардың пайымынша, мұндай шешім оппозициялық күштердің арасында алауыздық туындатып, үш жылға созылған режімге қарсы күресті жоққа шығарады. Ал бұл ағымдағы жылдың қыркүйек айында үкіметтік әскерге әуеден соққы жасаудан бас тарту шешімі қабылдағаннан кейінгі батыс елдерінің бүгінгі қадамы оппозицияның өз ұстанымын жоғалтуының екінші кезеңі десек те болады.
Сирияға қатысты батыстық бағалаулардың өзгеріске ұшырағанын Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та атап өтті. Осы апта ішінде ол Асадтың билікте болуы лаңкестердің елді басып алуына қарағанда қауіпті емес екендігін батыс мойындай бастағандығын мәлім етті. С.Лавровтың атап өтуінше, бұл тақырып батыс үкіметтері өкілдерінің жария комментарийлерінде қазірдің өзінде қозғалуда.
Б.Асадтың билік басына келуіне қатысты тақырып оның қазіргі өкілеттігі келер жылы аяқталып, елде кезекті президенттік сайлаудың өткізілетіндігіне орай жандана түскен болатын. Сәл ертерек ол мемлекет басшысы лауазымына өзінің кандидатурасын ұсынатындығын жария еткен еді. Ал бұл хабар елдегі оппозиция мен Батыс елдеріне ұнай қоймағандығы анық.
Дегенмен таяу аралықтағы маңызды оқиғалардың бірі келесі жылдың 22 қаңтарына белгіленген бейбіт жолмен Сириядағы ахуалды реттеуге бағытталған «Женева-2» конференцясы болатындығы анық. Қазірдің өзінде Сирия үкіметінің аталған алқалы жиынға баратын өз делегациясының тізімін түзіп қойған көрінеді. Бірақ, елдің басты оппозициялық қозғалыстардың конференцияға толық қатысу мәселесі әзір шешім тапқан жоқ. Бұған дейін оппозициялық көшбасшылар тарапынан конференцияны елемеуге үндеулер орын алған болатын.
Айта кетерлігі, конференцияға 26 елдің делегациясы қатысатындығы жоспарланған. Алайда, бұл ретте Иранның қатысуы күңгірт болып тұр. Өйткені, оның қатысуына АҚШ бастаған бірқатар ел өре түрегеліп қарсылық танытса, Ресей Иранның келіссөзшілер тізімінде болуын табандап қолдауда.
Конференцияның күн тәртібі мен оған қатысатындардың тізімі туралы ортақ ымыраға қол жеткізілгеннен кейін БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун қатысушыларға арнайы шақырту жібереді деп күтілуде.