Тұрақтандыру ісіндегі айтарлықтай ілгерілеушілікті Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі БҰҰ мен Араб мемлекеттері лигасының арнайы елшісі Кофи Аннанның жоспары паш етіп отыр. Қазіргі уақытта бір-біріне жау болып отырған тараптар уақытша бітімге келу шартын сақтауға тырысып бағуда. Бұл толықтай алғанда өлім-жітім қатарын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беруде.
Арнайы елшінің елге 250 адамнан жасақталған әскери емес байқаушылар тобын жіберуге қатысты соңғы ұсынысы БҰҰ Қауіпсіздің кеңесінің мүшелері тарапынан қолдауға ие болуда әрі Сирия билігі де оны қоштап отыр. Дүйсенбі күні-ақ елге құрамында 7 адам бар байқаушылар тобының алғашқы легі келіп жетті. Олар үш ай бойы К.Аннанның елдегі дағдарысты реттеуге арналған жоспарының орындалу барысын жіті қадағаламақ
Бейсенбі күні Сирия үкіметі мен БҰҰ байқаушыларының алғашқы тобы мемлекет аумағындағы миссия жұмысының тәртібі туралы алдын ала келісімге қолдарын қойып, құжаттады. Мөрленген құжатқа сәйкес байқаушылар Сирияның барлық күш-құрылымдары мен оппозициясының қарулы топтарының арасындағы ымыраласу шараларының қатаң сақталуына бас-көз болып, бақылау жүргізуді жүзеге асырмақ. Сонымен қатар келісімде сириялық үкімет міндеттерінің жауапкершілік деңгейі де айқындалған.
Бірақ та осы апта ішінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін Сириядағы халықаралық байқаушылардың санын 300-ге дейін ұлғайтуға шақырды. Оның пайымдауынша, Сириядағы жанжалдасушы тараптар уақытша бітімге келу шартында көзделген уағдаластықты жеткілікті деңгейде орындап отырған жоқ. Ал байқаушылардың толыққанды жұмысына мол уақыт қажет. Бас хатшы көтерген бұл мәселе БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің жабық тобының қарауында.
Дегенмен, толықтай алғанда батыс әлемінің жанжалдарды реттеу перспективасына қатысты пікірі бұған дейінгідей шүбәға толы. Бұл бағалауларға сәйкес Сирия Президенті Башар Асад жағдайды тұрақтандыру, қарулы қақтығыстарды тыю бойынша тиімді шараларды қабылдап отырған жоқ. Сонымен қатар оппозиция өкілдерімен байланысқа шығуға дайын емес.
Сейсенбі күні Парижде өткен 57 елдің сыртқы істер министрлерінің бас қосуында АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті елге қатысты бұдан да қатаң санкция қабылдау мәселесін тағы бір мәрте көтерді. Келесі күні Еуропалық дипломатия басшысының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта сириялық басшылыққа қатысты жаңа, реттік саны бойынша 13-ші санкцияны енгізу қажеттігі аталып өтілген. Дегенмен, Батыс әлі де болса халықаралық байқаушыларды жіберу қажеттігіне және де К.Аннанның жоспары оң нәтиже беретіндігіне зор үміт артып отыр.
Сирияға қатысты халықаралық келіссөздерге қатысушылардың кейбірі, яғни Мәскеу мен Бейжің Дамаскіге ықпал ету шараларына қатысты біркелкі ұстанымды басшылыққа алып отыр. Олардың пайымынша, кезекті санкция енгізуге қарағанда текетіресуші тараптардың арасындағы диалог пен байқаушылардың жұмысы барынша зор абырой әкеледі.
«Барлығына К.Аннанның жоспары төңірегіне топтасу қажет. Сириядағы байқаушылардың толықформатты миссиясын мақұлдайтын екінші қарарды барынша тезірек қабылдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек», - деп атап өтті Мәскеуде өткен баспасөз мәслихаты барысында РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Сонымен қатар ол байқаушылар тобының толыққанды жұмысы үшін Сириядағы оппозициялық топтар тарапынан сенім қажет екендігін баса айтты.
Қытай Халықтық Республикасы да Сириядағы зорлық-зомбылықтың тыйылуына бағытталған кез келген қадамды қолдайды. Күні кеше ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лю Вэйминь барлық жанжалдасушы тараптарды БҰҰ мен Араб лигасы мемлекеттерінің арнайы елшісі К.Аннанның араағайындық күш-жігерін қолдауға шақырды.
Әлемдік қоғамдастық тарапынан елдегі тұрақсыздықты реттеуге ұмтылыстың зор болуына қарамастан Сириядағы зорлық-зомбылық тыйылар емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарылыстардың, лаңкестік әрекеттердің ұйымдастырылып, қарулы шабуылдардың орын алғандығы жайындағы ақпараттар толастамай отыр. Соның салдарынан негізінен бейбіт тұрғындар қаза табуда. Оқиғалар оппозициялық күштерді біріктіретін Еркін сириялық армияның белсенділігі барынша байқалып отырған елдің оңтүстігінде орын алуда. Биліктің де, оппозиясының да өкілдері орын алған оқиғаларға қатысты бірін-бірі айыптауда. Дегенмен, бұған дейінгідей отқа май құйып, оқиғаны ушықтыру орын алып отырған жоқ.