Сириядағы билік пен қарулы оппозиция арасындағы қақтығыс 2011 жылдың наурыз айнынан бері жалғасуда. БҰҰ алға тартқан деректерге қарағанда, осы уақыт аралығында елде шамамен 70 мың адам қаза тапты. Ал елден бас сауғалап қашқан босқындардың саны 850 мың адамға жетіп отыр.
Өткен аптада АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Виктория Нуланд Вашингтон Мәскеумен Сириядағы ахуалды реттеу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуде, деп мәлімдеген еді. АҚШ Ресейдің Сирия президенті Башар Асадқа әскери әрі экономикалық қолдау көрсетуін доғаруын талап етуде. Сонымен қатар американдық тарап Ресей Сирия Ұлттық оппозициялық және революциялық күштері коалициясының көшбасшысы Муаз әл-Хатыбтың билікті беру мәселелері туралы режим өкілдерімен келіссөздер өткізу бастамасына қолдау білдіреді деп үміт артуда.
Қаңтар айының соңында оппозиция 160 мың саяси тұтқын босатылған жағдайда Сирия билігі өкілдерімен жанама келіссөздер жүргізуге дайын екендіктерін мәлімдеген болатын.
Соңғы уақытта ресейлік тарап та жанжалдасушылардың келіссөздер үстеліне отыруға дайын деген пайымда. «Ең бастысы, біз диалог тақырыбы қазіргі уақытта басымдыққа айналып келе жатқанын сезінудеміз», - деп мәлімдеген болатын сейсенбі күні РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Оның атап өтуінше, бұл мәселенің маңыздылығы тіпті президент Б.Асадтың түбегейлі отставкасын ғана жақтағандар қатарында болған оппозиция өкілдері арасында да артып отыр. Бұл ретте С.Лавровтың пайымдауынша, қазіргі уақытта Сирия үкіметі іс жүзінде оппозициямен сұхбаттасуға өздерінің дайын екендіктерін қуаттау қажет.
Еуроодақ та Сирия билігі өкілдерін елдегі саяси һәм әлеуметтік-экономикалық дағдарысты реттеу жолдарын қарастыру үшін оппозициямен келіссөздер жүргізуге шақырды.
Бұған дейін билік «қолы қанға малынбағандармен» тек елдің ішінде ғана сұхбаттасуға келіскен еді. Дегенмен, осы аптада Сирияның ұлттық татуластыру мәселелері жөніндегі министрі Әли Хайдар Дамаскінің қарулы оппозиция топтары өкілдерімен келіссөздерді алдын ала шартсыз, сонымен қатар, мүмкін болған жағдайда Сириядан тысқары жерде де бастауға дайын екендігін мәлім етті.
Алайда, келіссөздер жүргізу перспективасына әлі де болса қауіп бар. Өйткені, бейсенбі күні Дамаскінің орталық жіәне солтүстік аудандарында көліктерге жарылыс зат қою арқылы бірнеше лаңкестік әрекет жасалған-ды. Жарылыс салдарынан 80-нен астам адам қаза тауып, шамамен 250 адам жарақат алды.
Сирия Ұлттық оппозициялық және революциялық күштері коалициясы мұндай лаңкестік әрекетті айыптауда. Ал билік бұл қылмысқа «Әл-Каидамен» байланысты лаңкестік топтардың қатысы бар деген айып тағуда. БҰҰ мен Араб мемлекеттері лигасының арнаулы өкілі Лахдар Брахими лаңкестік әрекетті «әскери қылмыс» деп бағалап отыр. Ол елдегі өзінің миссиясын тағы да жарты жылға ұзартатындығын мәлімдеуде.
Дегенмен де режим мен оппозиция арасындағы қарулы қақтығыстар әлі де болса жалғасуда. Бұл жағдайда билік көтерілісшілердің бекіністеріне жаппай оқ жаудыруды одан әрі өрбітуде. Зымыранмен соққы беру кеше ғана Алеппоның жекелеген аудандарында орын алды. Осыдан кейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары бейбіт тұрғындардың қаза тапқандығын хабарлаған болатын. Бұдан бөлек ақпараттар легіне қарағанда, көтерілісшілер Сирияда жаңа аумақтарды басып алуда, олардың қатарында қару-жарағы мол әскери бөлім де бар.
Кеше Сирия оппозициясы режим бақылауынан азат етілген аумақтарда өздерінің үкіметін құруға ниет танытып отырғандықтарын жария етті. Үкімет құрамы туралы шешім 2 наурыз күні Ыстамбұлда өтетін кеңесте қаралады деп жоспарланған.
Жекелеген бағалауларға қарағанда, таяу уақытта Сириядағы ахуал айтарлықтай өзгеріске ұшырауы мүмкін. Батыс елдері оппозицияның билеуші режиммен келіссөздер өткізу мүмкіншілігіне ден қоюда, яғни көтерілісшілерге қолдау көрсету тактикасы ешқандай нәтиже бермейді. Сондықтан да күн тәртібіне орын алуы мүмкін келіссөздері өткізетін орынды айқындау мәселесі шығарылуда. Жанжалдасушы тараптар келіссөздер алаңы Сириядағы ахуалды реттеу үдерісіне қатыспаған елде болғандығын қалайды. Тек осындай қадам ғана барлық қатысушылардың қызыушылығын оятып, мәселенің өлі нүктеден қозғалуына септігін тигізеді.