ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирияны реттеу тағы да тұйыққа тірелді
Жұма күні БҰҰ-ның Сириядағы жанжалдарды реттеу жөніндегі арнайы өкілі Кофи Аннан өз қызметінен кетуге шешім қабылдады. Оның ресми отставкасы 31 тамызда күшіне енеді. Дегенмен, бұл шешімнің салдары қазірдің өзінде-ақ біліне басталды.
Халықаралық сарапшылар бұл қадамды жанжалдарды реттеудің одан арғы болашағының іс жүзінде жоқ екендігін білдіретін әрі текетірес барынша қайғылы жайттарға ұласатын жаңа толқынмен белең алатынын көрсететін айқын белгі ретінде атап өтуде. Яғни, бітімгершілік үдерістің басында жүрген адам жанжалдарды реттеу үмітінің барлығынан да айырылды деген сөз.
К.Аннанның лауазымды қызметінен кетуіне байланысты мәлімдеме жасаған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Сириядағы зорлық-зомбылық шиыршығы одан әрі ширатылып бара жатқандығына алаңдаушылық білдірген. «Зорлық-зомбылықтан бас тартуға бағытталған күш-жігер, яғни, жанжалдасушы тараптарды дипломатия мен сұхбаттастыққа көшіру қолдау таппады. Дегенмен, дәл осы сұхбаттастық Сирия халқы үшін жалғыз нұсқа болып қалып отыр»,- делінген Бас хатшының мәлімдемесінде.
Сонымен қатар ол Ресей мен Қытайдың түбегейлі ұстанымдары арнайы елшінің отставкаға кетуінде барынша рөл ойнағандығын да тұспалдап жеткізді. Соның салдарынан сириялық жанжалдасушы тараптардың бірде-бірі зорлық-зомбылықтан бас тартуды тіпті қаперлеріне де алар емес.
Әрине, мұны оң трендке бағалап отырған Ресей бір жарым жылдан бері қарсылас болып отырған тараптар бір үстел басында кездесетіндігінен әлі де болса күдер үзер емес. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Виталий Чуркин орын алған жайтқа өкінішін білдірумен қатар таяу арада жаңа арнайы елші тағайындалатындығына сенім артуда.
Сонымен қатар дәл осы күні БҰҰ Бас ассамблеясы Сирия Президенті башар Асадтың режімін сын тезіне алған қарар қабылдады. Құжаттың қабылдануына 133 ел жақтап дауыс берсе, тағы 12 мемлекет қарсылық білдірді, ал 31 ел қалыс қалды.
Батыстық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, қарарда Сирия Президенті Башар Асадты оппозицияға қарсы ауыр әскери техникаларды қолдануды тоқтатуға шақырылған. Бұл ретте құжатта Б.Асадқа биліктен бас тарту талабы қойылып отырған жоқ. Дегенмен, онда БҰҰ Бас Ассамблеясының Араб мемлекеттері лигасының Сирияға қатысты барлық шешімдерін, оның ішінде отсавкаға кетуге шақыруын да қолдайтындығы аталып өтілген.
Қарарда сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ел басшылығына ықпал етуге қауқарсыз екендігі де аталған. Бұдан бөлек, құжатта сириялық жанжалдасушы барлық тараптарды зорлық-зомбылықты тоқтатып, мәмілеге келуге шақырған дәстүрлі үндеу де қамтылған. Алайда оны естір құлақтың болмайтыны қазірдің өзінде айқын болып тұр.
Айта кетерлігі, қарарда Сирияға қарсы жаңа санкциялар енгізу қажеттігі туралы ұсыныс енгізілмеген. Әзірше, Батыс Еуроодақтың Сирияға қатысты өткен аптада енгізіген қосымша санкцияларына тоқмейілсуде. Ол кезде елге қару-жарақ жеткізуге шектеу қатаңдатылып, ел басшылығына қарсы қолданылатын шектеуші шаралардың тізімі ұлғайтылған еді. Сондай-ақ Еуроодақ ел президенті Б.Асад режімімен байланысы бар 26 тұлғаның активтерін тоқтатып, оларға ЕО елдеріне келуге шектеу қойды, ал еуропалық кәсіпкерлерге үш сириялық компаниямен бизнес жүргізуге тосқауыл жасады.
Бұл күндері барлық бұқаралық ақпарат құралдарының назары Лондонда өтіп жатқан ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына ауғанымен, Таяу Шығыстағы ахуал біртіндеп ушығып келе жатыр. Таяу аралықта Сириядағы жанжалдасушы тараптар өздерінің тактикаларын өзгертіп, билік үшін күресте жаңа арандатушылық қадамға баратындығы сөзсіз.