ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирияның ауызбірлігі үшін йемен нұсқасы қолданылуы мүмкін

АСТАНА. 16 маусым. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық қоғамдастықтың назары тағы да Таяу Шығыстағы оқиғаларға ауды.

Міне 1 жылдан астам уақыт бойы Сириядағы жағдай өте тұрақсыз болуымен қатар кең ауқымдағы азаматтың соғыстың алдында тұр. Өткен жылдың наурызынан бері елде үкіметке қарсы көтерілістер тыншыр емес. Оппозициялық күштердің сириялық армиямен қарулы қақтығыстары үздік-үздік орын алуда. Сонымен қатар елде лаңкестік әрекеттер де жиі орын алу үстінде. Қан төгілген қақтығыстар салдарынан бейбіт тұрғындармен қатар әскери қызметшілер де мерт болуда.

Есте болса, өткен жылдан бастап-ақ Сирияның болашағы халықаралық деңгейдегі барынша белсенді келіссөздердің ортасына айналған болатын. Дегенмен де бұл пікірталастар елдегі ахуалды түбегейлі өзгертуде әлі күнге дейін нақты нәтиже берер емес. Айта кетерлігі, іс жүзінде барынша ықпалды елдер  топтасқан әлемдік қоғамдастық 2 лагерьге бөлінуде.  Бірінде Батыс елдері мен қауіпсіздіктің еуроатлантикалық тұжырымдамасын жақтаушылар топтасса, екіншісінде оларға қыр көрсетіп отырған Ресей мен Қытайдың жақтастары шоғырланған.

Олардың Таяу Шығыстағы жанжалдарды реттеуге ұсынып отырған айла-шарғыларының айырмасы өткен жылдың қазанында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Дамаскіге  қатысты қарарының жобасын қарау қорытындысында-ақ белгілі болған еді. Ол кезеңде Қытай мен Ресей сириялық билікке қатаң шаралар қолдану қарарына вето қойған болатын. Оларға әлемнің басқа да мемлекеттері қолдау білдірді.  Қытай мен Ресейдің наразы болуына құжаттың тіпті соңғы жобасында да Сирияға қарулы әскер кіргізу мүмкіндігін жоққа шығаратын баптың енгізілмеуі итермелеген еді. Олар жаңа қарар Ливиядағы жағдайды қайталайтындығын  әрі НАТО елдеріне Дамаскіге қарсы соғыс бастауға мүмкіндік беретіндігін, бұл бүкіл Таяу Шығыс өңіріндегі ахуалды тұрақсыздандыратындығын атап өткен-ді. Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің басқа да санциялар қарастырылған жаңа қарар қабылдауға ұмтылысы да сәтсіздікке ұшырады.

Халықаралық медиаторлардың мүддесі БҰҰ-ның арнайы елшісі Кофи Аннанның ахуалды реттеу жоспары төңірегінде ғана тоғысып отыр. Ал оның миисиясының басты міндеті - қарулы қақтығыстарды тоқтату және сириялық оппозиция мен ел президенті Башар Асад арасындағы диалогты қамтамасыз ету. Бірақ та Сирияда соңғы айдың ішінде орын алған оқиғалар, яғни нақты айтқанда апта сайын адамдардың, әсіресе, бейбіт тұрғындардың жаппай өлтірілу деректері хабарланып жатқанда бұл бағыттың да тиімді екендігіне сену қиын әрі ол өзінің болашағы бұлыңғыр екендігін көрсетіп отыр.

Қазіргі уақытта тұйыққа тірелу орын алып отырғандығы айқын. Өйткені әлемдік қоғамдастық елдегі зорлық-зомбылыққа тыйым салуға және жағдайды тұрақтандыруға қауқарлы емес екендігін көрсетті. Бұл жерде тек қана тәртіпке келтіру ниетімен-ақ жағдайды реттеу мүмкін еместігі түсінікті. Сирияның геостратегиялық жағдайы, оның бүкіл Таяу Шығыс үшін саяси әрі гуманитарлық маңызы елді сыртқы мүдделердің соғыс алаңына айналдырды.

Вашингтон Дамаскіні өткен жылдың өзінде-ақ араб елдерінен келген демократиялық қайта өрлеу толқыны жолындағы соңғы алғы шеп ретінде бағалап отыр. Бұған қоса Сирияның қазіргі басшылығын жайлы орындарынан төңкеру Таяу Шығысқа, әсіресе Теһранға қарсы әрекет ету тұрғысынан алып қарағанда барынша еркін ықпал ету мүмкіншілігін болжауға жол ашады. Мұндай жағдайда Иран өңірдегі қуатты қолдаушысыз қалады.

Алайда өздеріне достық пейілдегі елді батыс демократиясының қолдағы қуыршақтай жұлмалап, жұтып бара жатқандығына бейжай қарамайтын Мәскеу мен Бейжің үшін де Дамаскінің маңызы зор.

Көпшіліктің пайымынша, ерте ме, кеш пе, әйтеуір Сирия басшылығы биіліктен кетеді әрі олар бұған бек сенімді. Ал оның йемен не болмаса ливиялық сценарий бойынша жүзеге асатындығы әзірге белгісіз. АҚШ пен оның жақтастары үшін барынша оңтайлысы йемен нұсқасы. Оған сәйкес Б.Асад өз қызметімен қатар елден кетіп, билік уақытша үкіметтің қолына көшуі тиісті. Дегенмен де соңғы аптадағы адамдардың жапай өлтірілуі Батыс елдерінің барынша Дамаскіге қатысты әскери операцияларды жүзеге асыру турасындағы сөз қозғауына итермелеп отыр.  Өз кезегінде Ресей мен Қытай жоғарыда аталған екі сценарийді де қолдап отырған жоқ әрі олар оппозиция мен билік келіссөздер үстеліне отыруы тиіс деп санайды. Бірақ та тәжірибе көрсетіп отырғандай, бір-біріне қарсы тұрған, текетірес жағдайындағы тараптардың сұхбаттастығы іс жүзінде орын алады деу қисынсыз сияқты.

Бұл орайда Бейжің мен Мәскеудің тоң-терістіктен бір табан кейінге шегініп, йемен нұсқасына келісуге мәжбүр болуы әбден мүмкін.  Болжам бойынша, мұндай қадамға олар егерде батыс елдері Ресей мен Қытайды жаңа Сирияны қалыптастуыру ісіне тікелей қатыстыратын болып, кепілдік берсе ғана барады. Осы аптада Франция мен АҚШ-тың бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің үкіметтері Мәскеумен Б.Асад отсавкаға кеткеннен кейін билікті беру мәселесін талқылауда деген ақпарат таратқан болатын. Бірақ Мәскеу бұл ақпаратты  ресми теріске шығарды.

Жағдай маусым айының соңында Мәскеу ұсынған Сирия бойынша халықаралық конференцияға Батыс елдері қатысуға ниет танытса ғана айқындала түседі деп күтілуде. Елдердің осы кездесуі аясында жаңа «тұрақтандырудың сириялық сценарийі» әзірленіп, онда Йемендегі билікті берудің оң тәжірибесі мен келіссөздерге қатысушылардың барлығының мүддесінің сақталуы жан-жақты зерделенуі мүмкін.  Ал сол уақытқа дейін Сирия жанжалын реттеуде оң нәтижелерге қол жеткізіледі деп айту қисынсыздау сияқты.