ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Таиландтағы саяси дағдарыс мемлекеттік төңкеріспен аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтағы Үкімет пен оппозиция жақтастары арасындағы ұзақ уақытқа жалғасқан ішкі саяси дағдарыстың салдарынан осы сейсенбі күні ел билігі әскерилердің бақылауына көшті.

20 мамыр күні Таиланд армиясының қолбасшысы генерал Прают Чан-Оча теледидар арқылы халыққа үндеу арнап, онда: "Елдегі бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында Таиландтың қарулы күштері үкімет функцияларын өз мойнына алады", - деді. Қолбасшының ұлтқа арналған телеүндеуінен бірнеше минут бұрын оның бұйрығымен әскери қызметкерлер келіссөз залынан оппозициялық демонстранттардың көшбасшысы Сутхеп Тхыаксубанды алып шықты. Айта кетерлігі, 19 мамырда Таиландтың қарулы күштері әскери жағдай жариялап, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алды. Әскерилердің өзі мұны «кезекті төңкеріс емес» деп түсіндірді. Олардың сөзіне қарағанда, бұл бейбітшілік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда.

Дегенмен сәл кейінірек әскерилердің бұл бастамасы іс басындағы министрлер кабинетімен келісілмегендігі анықталды. Бұған қоса, әскерилермен келіссөздер жүргізуге келген үкімет мүшелері мен партия көшбасшылары тұтқынға алынды. Яғни, қолбасшы олармен келіссөздер жүргізудің еш мәні жоқ екендігін айтып, келіссөзге келгендердің барлығын тұтқынға алуға бұйрық берді.

Бейсенбі күні Прают Чан-Оча елдің уақытша үкіметінің биліктен шеттетілгендігін жария етті. Оның атап өтуінше, елде әскери жағдай енгізілгеннен кейін уақытша үкімет тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін құрылған қолбасшылық қолына көшті. Дәл осы күні конституцияның қолданылуы тоқтатылды, телеарналар мен радиостансалардың хабар таратуына қатаң шектеу енгізілді. Бүкіл елде кешкі сағат 10-нан бастап таңғы сағат беске дейін коменданттық сағат жарияланып, қандай да саяси жиынның өтуіне шектеу қойылды.

Мұндай қатаң шараларға қарамастан жұма күні Бангокте әскерилердің билікті басып алуына қарсы шерулер орын алды. Ал қауіпсіздік күштері шерушілерді қуып тарқатып, бірқатар қатысушысын тұтқынға алды.

Коменданттық сағат елдің Паттайя, Пхукет, Самои курорттық аймақтарына да енгізіліп отыр. Дегенмен бұл аймақтардағы ахуал тұрақты, демалушылардың жаппай қауіпсіз жерге көшуі байқалмайды. Соңғы 80 жылдың ішінде елде 19 мемлекеттік төңкеріс орын алған болатын. Сондықтан шетелдіктер бұл елде орын алып отырған оқиғалардан аса қауіптене қоймайды. Бұған қоса, демалыстың қызған кезі өзінің шарықтау шегіне де тақап қалды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айының ортасынан бері оппозиция жақтастары ел астанасы Бангкокте бас қосып, Таиланд Премьер-Министрі Й.Чинаваттың отставкаға кетуін талап етіп шеру өткізуде. Наразылық танытушылар оның атын жамылып, елді И.Чинаваттың ағасы - миллиардер Таксин Чинават басқарып отыр деп санайды. Есте болса, өткен жылдың желтоқсан айының өзінде оппозиция өкілдері Таиланд королі Пхумипон Адульядетуға парламентті мерзімінен бұрын таратып, үкіметті отставкаға жіберу туралы шағым жасаған болатын. Айта кетерлігі, оппозиция наразылық танытып отырған билік бүгінде уақытша мәртебеге ие болып, келесі сайлауға дейін ел билеу құқығына ие болып отыр. Мемлекетте орын алып отырған осындай ахуалдан кейін билік қатарындағы оппозиция депутаттары үкімет қатарынан шығуда.

Сондай-ақ оппозиция Й.Чинаватқа қарсы ұлттық жемқорлыққа қарсы комиссия атына күріш кепілі бағдарламасын жүзеге асыру барысында лауазымдық міндеттерін жаппай бұзу әрі сақтамау фактілерін тергеу талаптарымен шағым арыз берді. 2011 жылы басталған аталмыш бағдарламаға сәйкес, шаруалардан күрішті кепілдік бағамен сатып алу көзделген болатын.

Міне осынау текетірес басталғаннан бері үкіметтік және оппозициялық қозғалыстар арасында бірнеше мәрте қақтығыстар орын алды. Ал ел астанасы Банкгогтегі ахуал тіпті қиындап, бірнеше мәрте жарылыс та ұйымдастырылды. Соның салдарынан осы уақытқа дейін қаза болғандар саны жүз адамнан асып, 200-ден астам адам жарақат алды.

Оппозицияның басты сүйеніші Реформалар үшін ұлттық демократиялық комитет пен Таиландтың демократиялық партиясы болуда. Ал оларға Пхыа Тхаидың партиясы қарсылас атануда.

Есте болса, 2 ақпанда Таиландта өткен кезектен тыс парламенттік сайлау еш нәтиже бермеген болатын. Саяси текетірестікке бой алдырған екі тарап та сайлаудың өз мүдделері үшін жеңіске жеткендігін айтып, дабыл қаққан-ды. Ескерерлігі, осы шерушілердің кедергі келтіруі салдарынан елдің 28 округінде дауыс беру жүргізілмеді, сондай-ақ Бангкоктегі бірқатар учаскелер жабық болды. Демек, ел конституциясы талап еткендей, бүкіл ел бойынша бір күннің ішінде сайлау өткен жоқ. Міне, осындай жайттардан кейін Таиландтың конституциялық соты 2 ақпанда өткен сайлау нәтижелерін жарамсыз деп таныды.

Алайда оппозиция Й.Чинаваттың биліктен кетуіне қол жеткізген еді. 7 мамыр күні Таиландтың Конституциялық сот оны 2011 жылы Ұлттық қауіпсіздік кеңесі хатшысын заңсыз түрде жұмыстан босатты деген желеумен отставкаға жіберу туралы шешім шығарған болатын. Қазіргі уақытта Й.Чинават та әскерилердің қолында.

Бұл елдегі әскери төңкеріске халықаралық қоғамдастық та бейжай қарап отырған жоқ. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун төңкеріске барынша алаңдаулы екендігін білдірді. Ол әскерилерді шұғыл арада елдің заңды үкіметін қалпына келтіруге, конституциялық және демократиялық басқаруды қамтамасыз етуге шақырды.

АҚШ, Германия, Франция және басқа да бірқатар мемлекеттер Таиландтағы әскери төңкерісті қатаң айыптады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Таиланд әскерилерін ел үкіметін шұғыл арада қалпына келтіріп, демократияға оралуға үндеді. Сонымен бірге ресми Вашингтон жалпы сомасы 10 млрд. долларды құрайтын көмек көрсету бағдарламасының тоқтатылуы мүмкін екендігін айтып, сес көрсетті.

Айта кетейік, соңғы рет елдегі билік әскерилердің қолына 2006 жылы тиген болатын. Ол кезде Йинглак Чинаваттың ағасы Таксин Премьер-Министр тағынан айырылған еді. Осыдан кейін 2009-2010 жылдары аралығында елде тағы бір саяси дағдарыс орын алып, соның нәтижесінде билікке Й.Чинават келген болатын.