ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Тайланд тағы «тарпаң» мінез танытуда

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ - Сенбі, 29 наурыз күні Бангкокта Тайландтың уақытша үкіметінің Премьер-Министрі міндетін атқарушы Йинглак Чинаваттың отставкаға кетуін талап еткен және «беделқұмарлық пен көпшілік үстемдігіне» қарсы реформалар жүргізуді талап еткен шерулер басталды. Бұқараның негізгі наразылық танытушы топтары оппозицияның Лумпхини саябағындағы шатырлар қалашығынан шығып, Корольдік алаңға бет алуда. Бүгінде елдің билігіне наразылық танытып отырған оппозиция мемлекет астанасы Бангкокта 1 миллион адамға дейінгі шерушілердің басын қосатындығына үміт артып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айының ортасынан бері оппозиция жақтастары ел астанасы Бангкокте бас қосып, Тайланд Премьер-Министрі Й.Чинаваттың отставкаға кетуін талап етіп шеру өткізуде. Наразылық танытушылар оның атын жамылып, елді И.Чинаваттың ағасы - миллиардер Таксин Чинават басқарып отыр деп санайды. Есте болса, өткен жылдың желтоқсан айының өзінде оппозиция өкілдері Тайланд королі Пхумипон Адульядетуға парламентті мерзімінен бұрын таратып, үкіметті отставкаға жіберу туралы шағым жасаған болатын. Айта кетерлігі, оппозиция наразылық танытып отырған билік бүгінде уақытша мәртебеге ие болып, келесі сайлауға дейін ел билеу құқығына ие болып отыр. Мемлекетте орын алып отырған осындай ахуалдан кейін билік қатарындағы оппозиция депутаттары үкімет қатарынан шығуда.

Сондай-ақ оппозиция Й.Чинаватқа қарсы ұлттық жемқорлыққа қарсы комиссия атына күріш кепілі бағдарламасын жүзеге асыру барысында лауазымдық міндеттерін жаппай бұзу әрі сақтамау фактілерін тергеу талаптарымен шағым арыз берді. 2011 жылы басталған аталмыш бағдарламаға сәйкес, шаруалардан күрішті кепілдік бағамен сатып алу көзделген болатын.

Дегенмен де, үкімет жақтастары демократия үшін бірлескен майданның «қызыл жағалылары» диктатураға қарсы дәл осындай шеруді ұлттық лаңкестікке қарсы комиссия ғимаратының алдында өткізуде. Олар Й.Чинаваттан қызметтік міндеттерін дұрыс орындамаған деген айыптауларды алып тастауды табандап талап етуде. Сонымен қатар, бұл белсенділер оппозицияға жауап ретінде оларға қарсы шеру ұйымдастыруға ниеттері бар екендерін мәлім етіп отыр.

Есте болса, 2 ақпанда Тайландта өткен кезектен тыс парламенттік сайлау еш нәтиже бермеген болатын. Саяси текетірестікке бой алдырған екі тарап та сайлаудың өз мүдделері үшін жеңіске жеткендігін айтып, дабыл қағуда. Ескерерлігі, осы шерушілердің кедергі келтіруі салдарынан елдің 28 округінде дауыс беру жүргізілмеді, сондай-ақ Бангкоктегі бірқатар учаскелер жабық болды. Демек, ел конституциясы талап еткендей, бүкіл ел бойынша бір күннің ішінде сайлау өткен жоқ. Міне, осындай жайттардан кейін Тайландтың конституциялық соты 2 ақпанда өткен сайлау нәтижелерін жарамсыз деп таныды.

Бүгінде Й.Чинават елдің министрлер кабинетіне басшылық жасауын жалғастыруда. Алайда ол осы күндері ел астанасында өтіп жатқан қауіпті наразылық шараларынан кейін Бангкоктан бой тасалаған болатын. Тайландтың үкімет басшысы өзінің лауазымдық қызметінен бас тартқысы келмейді, әрі жемқорлық сипатта қандай да бір заң бұзушылыққа бой алдырмаған, әрі дүйсенбі күні жеморлыққа қарсы комиссия алдында жауап беруге дайын екендігін мәлім етуде. Ал оппозиция көшбасшысы Сутхеп Тхыаксубан оған қатысты жария келіссөздер жүргізуге әрі оны телеарналар арқылы көрсетуге үндеу тастауда.