ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Түркиядағы көмір кенішінде орын алған ірі апат елдегі қақтығыстарға түрткі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Ыстамбұлдан 200 шақырым қашықтағы Сома елді мекеніндегі көмір шахтасында газ қоспасы жарылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шамамен 2 шақырымдық тереңдікте электр сымының қысқа тұйықталуы салдарынан дұрыс жұмыс істемей тұрған трансформатор жарылған. Соның салдарынан шахтаны электр жарығымен қамтамасыз ету жүйесі бұзылып, жер астынан адамдарды көтеріп шығаратын құрылғы жұмыс істеуін тоқтатқан.

Дәл жарылыс болған кезде жер астында 787 адам болған. Жұма күні Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Танер Йылдыз Сомадағы көмір шахтасында қаза болғандардың саны 282 адамға жеткенін хабарлаған болатын. Бұдан бөлек, ондаған адам із-түссіз жоғалғандар санатына жатқызылып отыр. Қазіргі уақытта апат болған жерде Денсаулық сақтау мен Отбасы және әлеуметтік саясат министрлері оқиғаны тікелей бақылауға алды. Ал 500 адамнан тұратын құтқару қызметі тәулік бойы шахта ішінде құтқару-іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Күні кеше Маниса қаласына Үкімет басшысы Тайып Ердоған келіп, марқұм болғандардың отбасыларымен кездесіп, көңіл айтқан еді. Бүгін оқиға ортасына ел Президенті Абдулла Гүл де келді. Ол әуелі жергілікті аурханаларға түскен жаралы кеншілердің хал-жағдайын сұрап, мемлекет тарапынан барлық жәрдем берілетінін айтты. Қазір ауруханаларда 80-нен астам әртүрлі деңгейде жарақат алған кеншілерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты көптеген елдердің мемлекет басшылары Түркия Президенті Абдулла Гүлге көңіл айту жеделхатын жолдауда. Қазақстан Президенті де жеделхат жолдап, онда суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын атап өтіп, қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ шахтадағы апаттан аман қалғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Апаттан кейін Түркияда 3 күндік ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Премьер-Министр Тайып Ердоған осы аптадағы елдегі және шетелге жоспарлаған жұмыс сапарларын өзгертті. Президент Абдулла Гүл Қытайға, ал Парламент спикері АҚШ-қа жұмыс сапарымен бармайтын болды.

Энергетика министрі Танер Йылдыздың мәлім етуіне қарағанда, шахтерлердің басым бөлігі газдан уланып, соның салдарынан жарық дүниемен қош айтысқан. Ал кеншілердің бір бөлігі, жоғарыға шығатын орыннан 4 шақырым қашықтықта болған. Бұдан бөлек жарылыс дәл ауысым сәтінде орын алып, соның салдарынан жер астында бір ауысымдағыдан әлдеқайда көп адам болған. Сондай-ақ министр техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына кінәлі адамдардың барлығы да жазаға тартылатынын айтуда.

Ал елдің еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрінің айтуынша, 14 наурыз күні шахта толық тексеруден өтіп, белгіленген қауіпсіздік ережелеріне толығымен сәйкестігі анықталған.

Бұл апат Түркия тарихындағы ең ірі төтенше оқиға болып отыр. Жалпы, 1940 жылдан бері Түркия шахталарында 3 мыңнан аса адам қаза болды. Апаттардың ең ірісі 1992 жылдың 3 наурызында орын алды. Онда 263 жұмысшы қаза болған еді.

Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ел басшылығы оппозиция тарапының барлық көмір кеніштерін тексеруге шақыруын құлақтарына да ілмеген. 29 сәуірде Премьер-Министр жетекшілік жасайтын билік партиясының өкілдері оппозицияның инспекция жүргізу қажеттілі туралы ұсынысына назар аудармаған.

Сомадағы апатқа бүкіл түрік халқы қайғырып жатыр. Адамдар ортақ қасіретке өздерінше үн қатуда. Мысалы Эрзурум қаласында қант зауытының жұмысшылары мен Чанаккаленің құрылысшылары марқұм болғандардың рухына құран бағыштап, бір күндік жұмыстарын тоқтатты. Қазір апат орын алған Маниса қаласында қайтыс болған кеншілерді жер қойнына тапсыруда. Қаланың шетінен бейіт үшін 5 мың шаршы метр жер бөлініп, қала әкімшілігі жергілікті тұрғындардың көмегімен 80 адамдық қабір қазды. Манисада марқұмның туыстары жаназа рәсімін өткізіп жатса, Түркияның өзге аймақтарында студент жастардың қатысуымен наразылық шерулер өтуде. Измирлік жастар қаланың орталығына шығып, тәртіп сақшыларымен тікелей қақтығысқа түсуде. Мұндай шеру Анкара, Ыстамбұл мен елдің өзге өңірлерінде де көрініс табуда. Анкара көшелеріне шыққан 500-ден астам шеруші үкіметке қарсы ұрандатып, полиция қызметкерлерін тас астына алды. Сома қаласында да жергілікті жұрт арасында тәртіпсіздіктер басталды. Тәртіпсіздікке қатысушылар үкімет басшысы Реджеп Тайып Эрдоғанға наразылық білдіруде. Наразылыққа шығып, Әділеттілік және даму партиясының аймақтық бөліміне бет алғандардың алдына тәртіп сақшыларының тосқауылы қойды.

Айта кетерлігі, халықтың мұндай қадамға баруына аталған кенішті игеріп жатқан Soma Komur Isletmeleri AS компаниясының апатты орын алуына өздерінің кінәсіздігін айтып, мәлімдеме жасауы түрткі болған еді. Бүгінде бұл компания елдегі ірі өндіріс ошағы саналады. Онда 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.