ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Украиндық еуроықпалдастық - сындарлы шешім сәті

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі маңызды оқиғалардың бірі Украинаның болашақтағы еуроықпалдастығына қатысты мәселе болды.

Белгілі болып отырғандай, соңғы бірнеше ай бойы Киев Еуропалық одақпен ықпалдастыққа қарай табандап жылжып келе жатыр. Сөз Украинаның ЕО-дағы қауымдасқан мүшелігі туралы келісімге қол қоюға дайындығы төңірегінде болып отыр.

Украина басшылығы еуроықпалдастық елдің сыртқы саясатындағы басымдықты бағыттардың бірі ретінде қарастырылатындығын сан мәрте мәлімдеген болатын. Қауымдастық және еркін сауда аймағын құру туралы келісімдер, яғни, бастапқы құжаттар өткен жылдың наурызында-ақ алдын ала қол қойылған-ды. Ал ағымдағы жылдың қыркүйегінде Украина Үкіметі Еуропалық одақпен қауымдастық туралы келісім жобасын бірауыздан мақұлдады.

Брюссельдің Украинаның еуроықпалдастыққа қарым-қатынасы толықтай алғанда барынша оң деуге де болады. Бірақ, бұл Еуродақты кеңейту туралы мәселені шешеді деп айту қисынсыздау. Бұдан бөлек, қауымдасқан мүшеліктің алдына бірқатар шешілуі тиісті рәсімдер қойылады, ал Киев оны орындауы тиіс.

Аталған рәсімдер қатарында 2011 жылы сотталып, бүгінде түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан елдің экс-премьері Юлия Тимошенкоға рақымшылық жасау әрі оны шетелде емдету (іс жүзінде оған бас бостандығын беру) мүмкіншілігі туралы шешім қабылдау бар. Бұдан бөлек, Украина заңнамаларына өзгертулер енгізу, «ішінара сот әділдігін» жою, кемсітушілікке қарсы заңнама қалыптастыру сынды басқа да бірқатар талаптар қойылуда.

Ю.Тимошенкоға ісіне байланысты мәселе ел билігінің «басын ауыртып, балтырын сыздататын» ең маңызды жайттардың бірі екендігі құпия емес әрі қазіргі таңда украиндық еуроықпалдастықтың таяудағы тағдыры дәл осы іске келіп тіреліп тұр. Есте болса, қыркүйектің ішінде Нидерланды, Ұлыбритания және Швеция елдері экс-премьер бостандыққа шықпайынша келісім бойынша оң шешім қабылдамайтындықтарын айтып қоқан-лоқы да жасаған еді.

Дегенмен де, бейсенбі, 21 қарашадағы Жоғарғы рада депутаттарының отырысы барысында ЕО шарттарына сәйкес оппозиция ұсынған 6 заң жобасы қабылданбады.

Дәл осы күні сәл кешірек Украина Үкіметі Ресей және ТМД-мен экономикалық қарым-қатынастарды дамыту қажеттілігіне орай ЕО-мен қауымдастық туралы келісім қорытындысы дайындауды тоқтату туралы қаулы қабылдады. Бұған қоса бейінді ведомстволарға Ресей Федерациясы мен Еуропалық одаққа сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту мәселелері бойынша үшжақты комиссия құру туралы ұсыныс беру тапсырылды.

Елдің Министрлер кабинетінің атап өтуінше, ЕО-мен қауымдасу халық үшін тым қымбатқа түседі. Яғни, Кеден одағы елдері, сонымен қатар ішінара ТМБ елдері нарықтарынан қағылады. Бұған қоса, Еуропалық одақ Еуропамен сауда шекарасын ашу салдарынан экономика келетін шығындарды өтеуге дайын емес.

Дәл осы күні Венада жүрген Украина Президенті Виктор Янукови Киевтің еуропалық ықпалдастық жолын жалғастыра беретіндігін мәлім етті. Ал, кеше бірқатар бұқаралық ақпарат құралы В.Янукович литвалық әріптесі Далей Грибаускайтемен телефон арқылы сұхбаттасып, онда Ресей тарабынан көрсетіліп отырған қысым мен бопсалау салдарынан Киев ЕО-мен қауымдастық туралы келісімге қол қоя алмайтындығын айтқан, деген ақпарат таратты.

Бұл жайтқа әлемдік қоғамдастықтың пікірі де дүркін-дүркін айтылды. Украина Үкіметінің шешіміне трансатланиткалық кеңістіктегі барлық белсенді ойыншылар түңіліспен қарайтындықтарын білдірді.

Еуропалық одақтың Жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон өзінің арнайы коммюникесінде: «Бұл тек қана Еуропалық одақ үшін ғана емес, сонымен қатар біздің жорамалымызша украина халқы үшін де түңілісті жайт», - деп атап өтті. Дәл осындай бағаны АҚШ Мемлекеттік департаменті де білдірді. «АҚШ Украинаның еуропалық ықпалдастығы - экономикалық гүлдену мен демократияның үздік жолы екендігіне сенімді», - делінген олардың мәлімдемесінде.

Еуропалық шенеуніктердің өзіне қатыс айтқан сөздері Ресей Президенті Владимир Путиннің шамына тигендігі рас. Ресей көшбасшысы олардың іс-әрекеттерін ашқы қысым әрі жаппай қарсылық шараларын ұйымдастыруға қол ұшын беру қоқан-лоқысын жасау арқылы бопсалау деп бағалады.

Украина оппозициясының басым бөлігі де еуроықпалдастықтың тұйыққа тірелуіне Януковичті кіналап, жоғарыда аталған шешімді Украина конституциясын бұзады және украин халқының мүддесіне жасалған сатқындық деп бағалады. Жұма күні кешкісін мыңдаған Киев тұрғыны алаңға шығып, онда оппозициялық партияның митингі өтті. Темірдің тордың ар жағында жатқан Ю.Тимошенко да Украина заматтарын көшеге шығып, ой пікірлерін ашық айтуға шақырды. Сонымен қатар ол ЕО елдеріне өзінің түрмеде жатуын басты мәселе ретінде шығармауға және Украинамен келісімге келуге үндеді.

Сарапшылар Украинаның ЕО мен қауымдастығы туралы мәселе Мәскеудің жеңісімен аяқталды деп тұжырымдауға асығар емес. Олардың пайымынша, «тоқтату» термині уақытша сипатқа ие әрі орайы келген сәтте бұл мәселені қайта қозғауға мүмкіншілік мол. Бұл шешім Еуропалық одақпен, сонымен бірге Ресеймен саудалаудың кезекті элементі ретінде де бағалануда. Бұған қоса, Янукович Еуропалық одақсыз 2015 жылы өтетін президенттік сайлауда жеңіске жетуіне мүмкіншілік мол деген де пікірлер айтылуда.