Мұнан бөлек, әлем жұртшылығы Пәкістандағы табиғи апатқа жіті назар аударды. Бұл елдің солтүстік-батысындағы су тасқыны салдарынан осы айдың ішінде 200-ден астам адам қаза тапқан еді.
Британиядағы допиг дауы
Жексенбі күні британдық танымал The Sunday Times басылымы дәрігер Марк Бонардың Корольдіктің 150-ге жуық жетекші спортшыларын допингпен қамтамасыз еткендігі жайындағы деректерін көпшілікке жария етті.
Дау-дамай ортасында - Лондондағы жеке клиникалардың бірінің дәрігері Марк Бонар. Журналистер ештеңеден күдіктенбеген дәрігерге жасырын камерасы бар жас желаяқты жіберген.
Спортшы жаттығудан кейін қайта қалпына келуі өте қиын соғатындығын айтып шағымданған. Ал дәрігер тыйым салынған препараттар ұсынып, кәсіби спортшының шынығуына, тез арада қалпына келуіне септігін тигізетін стероидтар, эритропоэтин мен гормондар тағайындаған.
«Мен пайдаланатын кейбір медикаменттер кәсіби спортта тыйым салынған. Сіз мұны түсінуге тиіссіз. Дегенмен, мен бұл заттарды пайдаланған көптеген кәсіби атлеттермен жұмыс істеген едім», - дейді Марк Бонар.
Басылымның жазуынша, доктор Бонардың пациенттері қатарында бірнеше теннисші, жекпе-жекпен айналысатын спортшылар, Тур де Франс веложарысына қатысушылар, бокс чемпионы және крикеттен ағылшын құрамасының кемінде бір ойыншысы бар. Мұнан бөлек, допинг пайдаланғандардың қатарына «Арсенал», «Челси», сондай-ақ осы жолғы Премьер-лиганың көшбасшысы «Лестер Сити» футбол клубтарының да футболшылары ілінген.
Дегенмен, газетте доктор Бонардың сөздерін дәлелдейтін еш айғақ жоқ.
Мақала жария етілісімен британдық «Арсенал» футбол клубы мәлімдеме жасады. Онда бұл жарияланымның негізсіз екендігі айтылған. «Лестер Сити» де, «Челси» де мақаланың жалғанын екендігін айтуда.
Бірақ, допинг күдігіне тек қана атлеттер ғана ілігіп отырған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Бонардың клиенті болған бір спортшы допинг қолданғаны үшін 2 жылға спорттан шеттетілген. Жазасын жеңілдетуді көздеген спортшы Ұлыбританияның Допинге қарсы агенттігіне (UKAD) Марк Бонердің әрекетіне қатысты мәліметтерді жайып салған. Бірақ ұйым дәрігерге ешқандай шара қолданбаған. Ал ендігі уақытта британ үкіметі UKAD-қа қарсы тергеу жүргізуді бастауды бұйырған көрінеді.
Өз кезегінде, UKAD өзінің тәуелсіз тергеу амалдарын жүргізетіндігін және осы уақытқа дейін заң аясында жұмыс істегендіктерін айтуда. Дүниежүзілік допинге қарсы агенттіктің президенті Крэйг Риди The Sunday Times газетінің айыптауын «сұмдық» жаңалық деп бағалап, тергеу жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Пәкістанды топан су басты
Сенбі күн басталған нөсер жаңбырдың салдарынан Пәкістанның солтүстік-батысындағы Кашмир, Хайбер-Пахтунхва және Гилгит-Балтистан өлкелерінде ондаған үй су астында қалса, 150-ге жуық ғимаратты су шайып кетті. Бұған қоса, Чилас пен Гилгит қалалары арасындағы Каракорум тас жолын лай көшкіні басып қалды. Хайбер-Пахтунхва, Гилгит-Балтистан және Кашмир аудандарында да лай көшкіні жүргені белгілі. Қазіргі уақытта төтенше жағдай орнында қирандылар астына қалғандарды құтқару жұмыстары жүргізілуде.
Пәкістан билігі су тасқынынан зардап шеккен өлкеге азық-түлік, дәрі-дәрмек пен басқа да бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізіп берді.
Пәкістанның табиғи апат салдарымен күрес жөніндегі ұлттық ведомствосының мәліметтеріне сәйкес, Хайбер-Пахтунхва өлкесі барынша зардап шегіп, онда 48 адам қаза тапқан.
Айта кетерлігі, мұндай ауқымдағы апат Пәкістанда үнемі орын алып тұрады. Тек соңғы айда, 9 наурыз бен 5 сәуір аралығында ғана Пәкістанда қатты жауған жаңбырдың салдарынан 214 адам қаза тапты. Мұнан бөлек, 180-нен астам адам зардап шегіп, 1400-ден астам үй қирады.
Мамандардың мәлім етуінше, Оңтүстік Азиядағы жазғы муссон барынша қауіпті болып келеді. Өткен жылы нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан бұл елде 81 адам өлген еді. Ал табиғи апат 300 мыңнан астам адамды әбігерге салған.