Тбилисидегі су тасқыны
Өткен жексенбіге қараған түнде Гүржістанның Тбилиси қаласы қатты дауыл мен нөсерлете жауған жауынның астында қалды. Нөсер жауын тауларда лай көшкінін туындатып, Вера өзенінің ағысын жауып тастады. Соның салдарынан жасанды су қоймасы пайда болып, қоймағы құйылған су оның ернеуін бұзып өтті. Осыдан кейін лай мен тас араласқан тасқын ел астанасына қарай лап берді.
Тбилисиде Вера өзенінің жағалауындағы орталық аудандар су астында қалды. Аулаларды және жүзден астам тұрғын үйдің бірінші қабаттарын, жер асты өткелдерін, алаңдарды, автожолдарды, электр тарату желілерін, түрлі инфрақұрылымдық нысандарды су басты.
Мұнан бөлек, ернеуінен асып жағалаудың бәрін басқан Вера өзенінің суы Тбилисидің зоосаябағының төмен орналасқан аумағын да шайып кетті. Соның салдарынан бақтағы аңдардың біразы суға батып кетсе, бірқатары қала көшелерін кезіп кетті. Осы оқиғадан кейін зоосаябақтағы 600-ге жуық аңның тек жартысы ғана тірі қалды.
Гүржістан синоптиктерінің ақпаратына қарағанда, өңірде мұндай нөсер жауын орташа есеппен алғанда 15 жылда бір рет орын алады. Мамандардың есептеуінше, бұл жолы 1 айда жауатын жауын 1-ақ күнде жауған.
Ресми деректерге сәйкес, табиғи апат салдарынан 19 адам қаза тапса, тағы 3 адам із-түссіз жоғалып отыр. Су тасқыны салдарынан Тбилисиде 457 адам зардап шекті, оның 119-ы балалар, 56-сы қарттар және 5-еуі жүкті әйелдер.
Гүржістан Президенті Георгий Маргвелашвили әкімшілік мүшелерімен бірге су басқан аудандарды аралап, табиғи апат салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
«Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамын. Отбасы мүшелерінен тосыннан айырылып қалу зор қайғы. Біз қала басшылығына ахуалды еңсеру үшін қаржылай көмек көрсететін боламыз», - деді ел Президенті.
Дүйсенбі күні Гүржістанда су тасқынынан қаза тапқандарды аза тұту күні болды. Елдің Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилидің бұйрығымен қаза тапқандардың отбасыларына 10 мың лари көлемінде (шамамен 4,5 мың доллар) бірреттік материалдық бөлінетін болады. Сонымен қатар қаза тапқандарды жер қойнына тапсыру шығындарын да үкімет өз мойнына алады.
Тунистегі жол апаты
Сейсенбі күні «Франс-Пресс» ақпарат агенттігі Тунисте пойыз бен жүк көлігінің соқтығысып қалғандығы жайында суыт ақпарат таратты. Оқиға таңертең ерте темір жол өткелінің басқарылмайтын аймағында орын алған.
Елдің Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, пойыз Тунистің оңтүстік-батысында, 120 шақырым жерде орналасқан Гафур қаласынан елдің астанасына бет алған. Көліктердің апатқа ұшырауы жол ортасында, Тунис астанасынан 60 шақырым жерде тіркелген.
Апат салдарынан кемінде 18 адам қаза тауып, 90-нан астам адам жарақаттанған. Жүк көлігінің жүргізушісі аман қалған. Жергілікті биліктің ақпаратына қарағанда, оны полиция тұтқынға алып, апаттың шығу себептерін анықтау үстінде.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, пойыз машинисі де, жүк көлігінің жүргізушісі де жылдамдықты асырып жіберген. Дегенмен, Тунис көлік министрі Махмуд бен-Ромдан темір жол өткелі шлагбаум мен және бағдаршаммен жабдықталғанда апаттың алдын алуға болатын еді деп мәлімдеме жасады.
«Жол апатының басты себебі - шлагбаумның болмауы. Тунисте 1150 темір жол өткелі бар. Олардың тек 250-і ғана дабыл беру бағана мен кедергімен жабдықталса, тек 150-інде ғана бағдаршам бар. Бұл жеткіліксіз», - деді оқиғаға байланысты түсінік берген Махмуд бен-Ромдан.
Йеменде бірқатар жарылыс болды
Сәрсенбі күні Йемен астанасы Сана қаласының әртүрлі аудандарында бір мезетте бірнеше қуатты жарылыс орын алды. Атап айтқанда, жарылғыш затқа толы көлік хусит көтерілісшілерінің басшысы Салех ас-Самадтың резиденциясына жанында көкке ұшса, екінші бомба қойылған машина хуситтердің тағы бір көшбасшысы Тахи аль-Мутаввакилдің үйінің жанынан жарылды. Сонымен қатар Йемен астанасының орталығында орналасқан мешіт жанында да жарылыс болды.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жарылғыш зат мешіттің кіре берісіне қойылған және қасиетті Рамазан айында мешітке діндарлар келе бергенде іске қосылған.
Айта кетерлігі, жарылыстар сериясы Женевада БҰҰ бастамасымен Йемендегі ахуал талқыланып жатқан сәтте орын алып отыр. Аталған алқалы жиында тайталасушы тараптарды татуластыру мәселесі қарастырылуда еді.
Сонымен аталған лаңкестік әрекеттер салдарынан кемінде 31 адам қаза тауып, 20-дан астам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Бұл лаңкестік әрекеттердің жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» тобы өз мойнына алып отыр.
Йемен билігі мен шииттік бүлікті хуситтер арасында жанжал 2014 жылдың тамызынан қарқын алған еді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында бүлікшілер ел астанасын басып алған болатын. Осыдан кейін бүлікшілердің қысымына шыдамаған ел президенті Абд Раббо Мансур Хади өз еркімен биліктен кетіп, Аден қаласын паналаған еді. Алайда, хуситтер наурыз айында бұл қалаға жетіп, елдің бұрынғы басшысы амалсыздан бас сауғалап, шекара асып кеткен болатын. Сонымен қатар осы жылдың наурыз айында Хадидің өтініші бойынша Сауд Арабиясының бастамасымен араб коалициясы бүлікшілерге қарсы әскери операция бастады.