ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ыстамбұл, Бағдад, Тел-Авив лаңкестер құрбаны болды
Ыстамбұлдағы кезекті теракт
Сейсенбі күні Ыстамбұл орталығында Баязит орамындағы туристерге арналған аялдама маңында бомба қойылған автомобиль жарылды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жарылыс арнайы жасақ мінген полиция автобуысы аялдама жанынан өтіп бара жатқан сәтте іске қосылған.
Жарылыстың қуатты болуы себепті автобус аударылып, төңіректегі ғимараттардың терезелері күл-талқан болған. Лаңкестіктен 11 адам қаза тапса, оның 7-еуі полиция қызметкері екендігі белгілі болды. Ал жарақат алғандардың саны 36 адамға жетіп отыр.
Орын алған оқиғаға ресми түрде лаңкестік деп баға берілген. Алайда, әзірше бірде-бір лаңкестік топ бұл жарылыстың жауапкершілігін өз мойынына алған жоқ.
Түрік БАҚ-тарының мәліметтеріне қарағанда, құқық қорғау органдары осы терактіні ұйымдастырған барлық лаңкестің аты-жөнін анықтаған. Бірақ, тергеу мүддесіне орай, бұл ақпараттарды әзірге жарияламай отыр.
Ыстамбұл соты да бұқаралық ақпарат құралдарына бұл лаңкестіктің мән жайын толық баяндауға уақытша шектеу енгізген. Шектеу қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, аумақтық тұтастықты сақтау және қылмыстың алдын алу мақсатында жарияланған.
Бұқаралық ақпарат құралдарына лаңкестікті тергеу барысын кеңінен хабарлауға, қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы кадрларды көрсетпеуге, полиция келіссөздерін жазуға, күдіктілермен байланысы бар материалдарды көрсетуге болмайды. Бұл ереже елдің барлық бұқаралық ақпарат құралдарына тікелей қатысты.
Айта кетерлігі, мұндай шектеу Түркияда орын алған өзге де лаңкестік шабуылдар кезінде енгізілгені есте.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Ыстамбұлдағы терактіні ұйымдастырып, жүзеге асырғандардың барлығын жауапкершілікке тартуға шақырды және қиын уақытты бастан кешіріп отырған Түркия халқымен тілектес екендігін айтты.
«Бас хатшы бұл лаңкестікке қатысы барлар табылып, жауапкершілікке тартылатындығына үміт артады», - делінген БҰҰ Бас хатшысының мәлімдемесінде.
Ол зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
«БҰҰ қиын кезеңді бастан кешіріп отырған Түркия халқымен және Үкіметімен толықтай тілектес», - деп атап өткен БҰҰ басшысы.
Айта кетерлігі, соңғы айларда бұл елде лаңкестік шабуыл жиілеп кетті. Мәселен, 16 мамырда Малтепе ауданындағы көпірдің астында қолдан жасалған бомба жарылып, 4 адам зардап шеккен болатын.
Одан бірнеше күн бұрын, нақты айтқанда 12 мамырда жарылғыш зат қойылған көлік көкке ұшып, 5 адам жараланды. Соңғы уақыттағы ең ірі лаңкестік акт 19 мамыр күні Ыстамбұл орталығында орын алды. Ол кезде жанкешті бомбаны іске қосып, 4 адам қаза тапса, тағы 37 адам жарақаттанған еді.
Түркия билігінің мәліметтеріне қарағанда, бұл жарылыстарды негізінен күрд немесе «ДАИШ» лаңкестік тобының содырлары ұйымдастырған.
Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған лаңкестер түріктің қауіпсіздік күштеріне шамалары жетпеген соң азаматтық нысандарға шабуыл жасайды деп мәлімдеме жасаған болатын.
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ыстамбұлдағы террористік актіге байланысты мәлімдеме таратты. Онда Қазақстан 2016 жылғы 7 маусымда Ыстамбұл қаласында орын алып, көптеген адамдар құрбан болған террористік актіні үзілді-кесілді айыптайтыны айтылады. «Қазақстан бауырлас түрік халқына және қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтады. Барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айында жасалған теракт террористердің пасықтығы мен қатыгездігін көрсетіп, олардың Исламға ешқандай қатысы жоқтығын растады. Қазақстан терроризмнің өршуіне деген өзінің алаңдаушылығын білдіріп, әлемдік қоғамдастықтың осы зұлымдықты жою үшін тиімді ұжымдық күш жұмылдыруын құптайды. Қазақстан терроризм қауіпсіздіктің жаһандық ауқымдағы қауіп-қатері екеніне сенімді», - делінген мәлімдемеде.
Бағдадтағы екі жарылыс
Бейсенбі күні Ирак астанасында екі жарылыс орын алды. Біріншісінде шииттер тұратын Аль-Джадид ауданында жанкешті көліктегі жарылғыш затты іске қосқан. Екіншісінде де бомба қойылған көлік мінген лаңкес әскери блокпостқа барып соғылған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, екі жарылыстан кемінде 28 адам қаза тапқан. Ал түрлі деңгейде жарақат алғандардың саны 70 адамға жуықтап отыр. Терактіні «ДАИШ» лаңкестік тобы ұйымдастырған.
«ДАИШ» лаңкестік тобының белсенді қимылдауына байланысты Ирактағы қауіпсіздік саласындағы ахуал күрделене түсуде. Иракқа көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың мамыр айында лаңкестік актілерден, зорлық-зомбылық пен қарулы қақтығыстардың салдарынан 870 ирактық мерт болып, шамамен 1150-і жарақат алған.
Содырлардың шабуылынан Бағдад қаласы ең көп зардап шеккен. Бұл өңірде өткен айдың өзінде 1007 бейбіт тұрғын зардап шегіп, оның 267-сі қаза тапса, 740-ы жарақттанған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың ішінде ғана Иракта лаңкестік актілер, зорлық-зомбылық пен қарулы қақтығыстың салдарынан 22 мыңнан астам адам өлді.
Тель-Авивтегі шабуыл
Сәрсенбі күні кешкісін Тель-Авивтің орталығында орналасқан «Сарона-Маркет» сауда ойын-сауық кешені аумағында автоматты қару ұстанған екі палестиндік оқ атты. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, лаңкестер тақуа еврейлер сияқты киінген. Олар шабуыл жасамас бұрын «Макс Бреннер» мейрамханасында кешкі ас ішіп, одан кейін бейберекет оқ жудырған.
Сәл кейінірек, олардың екеуі де қолға түсті. Израиль полициясының хабарлауынша, олар Иордан өзенінің Батыс жағалауында Хеврон қаласына тақау палестиналық Ятта ауылынан келген ағайынды Мухаммад пен Халид Махамрэ есімді жігіттер. Қарулы қақтығыс кезінде олардың бірі ауыр, ал екіншісі жеңіл жараланды. Лаңкестік салдарынан 4 адам өліп, тағы 9-ы жараланды.
Лаңкестік жауапкершілігін бірде-бір лаңкестік ұйым мойнына алған жоқ. Дегенмен, бұл шабуылға Хамас басшылығы мен басқа лаңкестік топтар қолдау көрсетіп отыр деген болжам жария болды.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Тель-Авивтегі лаңкестік шабуылды айыптап, бұл қылмыстың құрбаны болғандардың отбасыларына көңіл айтты.
Сонымен қатар, Пан Ги Мун Хамас басшылығының мұндай ұстанымына алаңдаушылық танытып, палестиндік көшбасшысын өз міндеттемелерін сақтауға шақырды.