Бұл одаққа мүше 28 елдің мемлекет және Үкімет басшыларының соңғы кездесуі сияқты. Өйткені, қыркүйек айында өтетін жоғары деңгейдегі одақ елдерінің кездесуіне британдық үкімет мүшелері қатыспайтындығы белгілі. Мұнан бөлек, әлем жұртшылығын елең еткізерлік тағы бір қанды оқиға Түркияда орын алды. 28 маусым күні кешкісін Ыстамбұлдың Ататүрік әуежайына басып кірген бірнеше лаңкес бей-берекет оқ жаудырып, жарылғыш затты іске қосты.
«Брексит» қорытындысына арналған ЕО саммиті
Сейсенбі күні Брюссельде ЕО-ға мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларының екікүндік саммиті өз жұмысын бастады. Алқалы жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселе Ұлыбритания мен Солтүстік Ирлания Біріккен Корольдігінің Еуропалық одақ құрамынан шығу туралы референдум қорытындысын талқылау болды.
«Кездесу күйініш пен өкініш рухында өтті. Біздің серіктестеріміз одақтан шығу туралы шешім қабылданғанымызға барынша қапалануда», - деді Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон ЕО-ның басқа 27 көшбасшыларымен кездесудің қорытындысына орай.
Сонымен қатар ол саммит барысында конструктивті, позитивті әрі тыныш пікір алмасу өткендігін, оның қорытындысында саясаткерлер Біріккен Корольдік Еруопамен «барынша тығыз қарым-қатынас» іздеуі тиіс деген ортақ пікірге келгендігін атап өтті.
Британдық министрлер кабинеті басшысының айтуынша, Ұлыбританиядағы референдум қорытындысы Еуроодаққа егемендік мәселесін, қоғамдастық ішіндегі қозғалысты қайта қарау қажеттігін көрсетіп берді.
«Брекситтің» заңдық салдары әлі күнге дейін дау-дамайдың негізгі тақырып болып отыр. Себебі мұндай оқиға осы күнге дейін орын алмаған еді.
Елдің одақтан шығуының ресми процедурасы Лондонның Брюссельге сәйкесінше өтінішінен кейін басталуы тиіс. Алайда, Д.Кэмерон ЕО көшбасшыларына бұл процестің үкіметтің жаңа құрамы бекітілгеннен кейін, яғни қыркүйектен соң басталатындығын жеткізді.
Ал өз кезегінде Еуропалық одаққа мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары Лондонды ЕО құрамынан шығу жоспарын тезірек айқындауға шақырды.
«Көшбасшылар Ұлыбританиядағы шаң басылғанға дейін бірқатар уақыттың қажет екендігін түсінеді. Дегенмен, олар Біріккен Корольдік үкіметінің одақтан шығу жоспары мүмкіндігінше тез арада анықталуы тиіс деп күтуде», - деп атап өтті Еуропалық кеңес басшысы Дональд Тук.
Сәрсенбі күні ЕО-ға мүше 27 елдің басшылары Брюссельде Кэмеронның қатысуынсыз қайта бас қосты. Олар Ұлыбританияға ЕО-дан шыққан кейін тауарлар, капиталдар, қызметтер мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына арналған Еуропалық одақ ережесін мақұлдамайынша бірыңғай нарыққа кіруіне рұқсат бермеуге уағдаласты.
Д.Тук өз сөзінде шығу туралы ресми ескерту келмейінше Лондонмен келіссөздердің басталмайтындығын да баса айтты. «Біз Ұлыбританияның шығу процессі тәртіппен жүргізілуі тиістігін қуаттадық. Лондоннан шығу туралы ресми өтінім келіп түспейінше ешқандай келіссөздер жүргізілмейді», - деді ол.
Еуропалық кеңес басшысының айтуынша, ЕО-ның 27 көшбасшысы 19 қыркүйек күні Братиславта британдық премьерсіз жоғары деңгейдегі кездесу өткізіп, онда блоктан Біріккен Корольдіктің шығу туралы шешімнің одан арғы салдарын талқылайтын болады.
«Бұл ең бірінші пікір алмасу болды. Сондықтан қорытынды шығаруға тым ерте. Міне, сондықтан да біз 27 мемлекетпен саяси диалогты бастадық және біздің пікір алмасуымызды жалғастыру үшін 16 қыркүйекте Братиславта кездесеміз», - деді Тук.
ЕО-ны келесі саммиті Ұлыбританияның консервативті партиясы жаңа үкімет басшысының есімін жария еткеннен кейін бірнеше күннен соң өтеді.
Ыстамбұл әуежайындағы теракт
ЕО көшбасшылары Еуропалық одақтың болашағына қатысты пікір алмасып жатқан кезде бейсенбі күні кешкісін Ыстамбұлдың Ататүрік әуежайының халықаралық терминалында үш жарылыс орын алды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, үш лаңкес жанкешті терминалдың көлік тұрағында автоматтан оқ жауыдырып, одан кейін ғимаратқа кіре берісте өздерін жарып жіберген.
Жарылыс орын ала салысымен әуежай қызметкерлері жолаушыларды қауіпсіз жерге шығаруға кірісіп, барлық әуе рейстері кейінгі қалдырылды, қонуға жақындап қалған ұшақтар басқа әуежайға жіберілді. Оқиға орнына жедел қызметтер шұғыл жетті.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, лаңкестік салдарынан 44 адам, оның ішінде 19 шетелдік қаза тапқан. Мұнан бөлек, 200-ден астам адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған.
Оқиғаның кейіннен анықталған мән-жайына қарағанда, лаңкестер әуежайға таксимен келген. Әуежайға кіре берістегі тексеру барысында олар қауіпсіздік қызметінің күдігіне іліккен. Өйткені, лаңкестер күннің ыстығына қарамастан күрте киіп алған және оның астында жарылғыш зат пен қару жасырын болған.
Осыдан кейін қауіпсіздік қызметімен арада атыс болып, жаралаған лаңкестің бірі өзін жарып жіберген. Ал екеуі терминал ғимаратына кіріп, сол жерде жарылыс жасаған.
Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған мұны теракт деп атап, қасиетті Рамазан айында бейкүнә адамдарды өлтірген қаскөйлердің іс-әрекетін сынға алды. Ердоған халықаралық қоғамдастықты терроризммен күресуді күшейтуге шақырды.
Әзірше әуежайға жасалған шабуылдың жауапкершілігін бірде-бір ұйым өз мойнына алған жоқ. Дегенмен, оқиға орнынан алған айғақ заттар бұл қанды қырғынға «ДАИШ» лаңкестік ұйымының қатысы бар екендігін көрсетіп отыр.
Осы оқиғадан кейін құқық қорғау органдыр Ыстамбұлда, Ізмирде және олардың маңындағы шағын қалаларда тінту жүргізіп, қару-жарақ тапты. Лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен ондаған адам ұсталды, олардың ішінде бірнеше шетелдік те бар.
Түрік халқына әлем көшбасшыларының басым бөлігі көңіл айтты. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта Ыстанбұл қаласы әуежайындағы қайғылы оқиға салдарынан көптеген жазықсыз адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды Қазақстан Президенті зор күйзеліспен қабылдағаны аталып өткен. Нұрсұлтан Назарбаев күллі мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында террорлық акт жасалғаны ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтты. «Қазақстан әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін халықаралық экстремизм мен терроризм әрекеттерін қатаң айыптайды. Ыстамбұлдағы жантүршігерлік оқиға қандыбалақ радикалды топтар мен олардың идеологиясына өркениетті қоғамда орын жоқ екенін тағы да растады», - делінген жеделхатта.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың жақындары мен туыстарына, сондай-ақ бүкіл Түркия халқына Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Айта кетерлігі, Ыстамбұлдың бас әуе қақпасындағы бұл қайғылы оқиға соңғы 30 жылда Түркия әуежайларында орын алған ең қанды қырғындардың бірі болып отыр.