ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Жаһандық қауіпіздік жолында - Иран өзінің ядролық бағдарламасын шектейді

АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі негізгі оқиғалар қатарына әлемдік қоғамдастықтың Иранмен арадағы қарым-қатынасының оң сипатта өрбуін атап өтуге болады.

Есте болса, өткен жексенбі күні Женевада Иран мен «алтылық» (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесі мен Германия) Теһранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі шиеленісті төмендетуге бағытталған іс-қимыл жоспарын қабылданған болатын. Құжатқа Женевадағы БҰҰ-ның еуропалық бөлімшесінің штаб-пәтерінде, Ұлттар сарайында қол қойылған еді.

Тараптар ядролық бағдарлама аясындағы жұмыстарды қысқартуға айырбас ретінде АҚШ пен Еуропалық одақтың санкцияларын әлсіретуге уағдаласқан болатын. Шын мәнінде, соңғы он жыл ішінде көтеріліп келе жатқан бұл мәселе Батыс елдері тарабынан Иранға қатысты сындарлы сәт болды.

Қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, келісімнің бірінші кезеңін жүзеге асыру жарты жылға есептелінген. Аталған кезеңде Иран өзінің барлық ядролық бағдарламаларын тоқтатады деп күтілуде. Дәл осы аралықта аталған секторды дамыту шарттары туралы соңғы уағаластықтарға қол жеткізу үшін келіссөздер жүргізілуі тиіс. Бұдан бөлек, ядролық нысандарды инспекциялау үшін МАГАТЭ-ның қызметкерлеріне еркін кіру қамтамасыз етілуі тиіс.

Иран уранды бес пайыздан жоғары байытуды доғаруды, плутоний мен центрифуг өндірісін тоқтатуды өз мойнына алды. Дәл қазіргі уақытта Иранның иелегінде 20 пайызға дейін байытылған 200 келі уран бар. Дегенмен 6 айдан кейін Теһранда оның бір келісі де қалмауға тиісті.

БҰҰБас хатшысы Пан Ги Мун иранның ядролық бағдарламасы бойынша уағдаластық аталған елдің әлемдік энергия тасымалдау нарығына барынша еркін енуіне мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

МАГАТЭ-дегі иран өкілі Реза Наджафи ел өзінің ядролық бағдарламасын тоқтатуды ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңында не болмаса келер жылдың қаңтар айының басында орындайтындығын мәлімдеді

Осы аптада Иран Президенті Хасан Роухани елдің әскери стратегиясы ядролық қару жасауды қарастырмайтындығын, дегенмен ел уранды бейбіт мақсатта байытуды жалғастыратындығын мәлім етті. Сондықтан да қолданыстағы барлық нысандар болашақта пайдаланылатын болады.

АҚШ Президенті Барак Обама Вашингтонның жаңа санкциялар салудан доғарыла тұратындығын және иран үкіметіне тосқауыл қойылған есепшоттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігін мәлімдеді. Бұл ретте ол егер Теһран таяу жарты жылдың ішінде өз міндеттемелерін толық орындамайтын болса, санкциялардың қайта енгізілуі мүмкін екендігін баса айтты. Сонымен қатар Б.Обама санкциялардың барынша кең құрылымы әлі де болса қала беретіндігін де мәлімдеді.

Дегенмен Иранға қарсы санкциялардың алынуына Сауд Арабиясы мен Израиль тарабы қарсылық танытып отыр. Тель-Авив бұл келісімді «тарихи қателік» деп атап, халықаралық қоғамдастықтан келісім шарттарын қатаңдатуды күтетіндіктерін жария етті. Сонымен бірге Израильдің иран тарабынан төнетін қатерден өз бетінше қорғанатындығы да айтылды.

Сарапшылардың атап өтуінше, қолданыстағы халықаралық нормаларға сәйкес Иранның әлемдік қоғамдастықпен ынтымақтастыққа дайындығы ең алдымен Теһранның өзінің қадамдарының өзгеруін паш етеді. Қазіргі уақытта тараптарға жаһандық қауіпсіздік мәселелерінде барынша мөлдірлікке қол жеткізуге бірегей мүмкіншілік қалыптасуда.