ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Жазықсыз жандардың ажалына кім кінәлі?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударған Екінші дүниежүізілк соғыстан кейінгі ең ірі қайғылы оқиғалардың бірі Еуропаны жаулаған миграциялық дағдарыс болып отырғаны сөзсіз. Есте болса, сәрсенбі күні әлем жұртшылығын Эгей теңізінің жағалауына толқын шығарып тастаған үш жастағы босқын сәбидің суреті дүр сілкінткен болатын. Ал ертеңінде Будапештің темір жол вокзалдарының бірінде мигранттар полиция бөгетін бұзып өтіп, Батыс Еуропа елдерінің біріне қарайтын пойызға лап қойған еді. Сәрсенбі күні түн ортасында шамамен 700 жолаушының бірнеше сағат бойы Ла-Манш жер асты жолында тоқтатылған пойызда отыруларына тура келді. Бұл жайт та темір жол бойымен кетіп бара жатқан босқындардың қауіпсіздігі үшін жасалған шара болатын.

Эгей теңізіндегі трагедия

Сәрсенбі күні Түркияның Бодрум курортты қаласына таяу жерде, Эгей теңізінде 2 катердің апатқа ұшырауы салдарынан Сириядан бой тасалаған босқындардың кемінде 12-сі суға батып кетті. Босқындар заңсыз жолмен Грекияның Кос аралына жетуді ойлаған еді.

Келесі күні батыстың жетекші бұқаралық ақпарат құралдары қайықтардың біріннен суға батып келкен баланың суретін жарыса жария етті. Суретте теңіз толқыны жағаға шығарып тастаған көк шорты мен қызыл футболкалы бала бейнеленген.

Кейіннен қаза тапқан баланың Сирияның Кобани қаласының 3 жастағы тұрғыны Айлан Курди екендігі белгілі болды. Онымен бірге бес жастағы ағасы Галиб пен анасы Риханды қоса алғанда тағы 11 адам опат болды. Ал сәбидің әкесі Абдула Курди тірі қалды.

Осы оқиғадан кейін түрік полициясы заңсыз мигранттарды тасымалдау арнасын ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен 4 сириялықты, оның ішінде аударылған қайықтың капитанын да тұтқынға алды.

Осынау қайғылы оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерді пайдаланушылар жедел үн қосып, періште күйде бейнеленген сәби суретін жүрек тебірентер сөздермен жария етті.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың ішінде Африка мен Таяу Шығыстағы қантөгіс орын алып жатқан аймақтан Еуропаға жетуге шамамен 400 мың мигрант ұмтылды. Олардың 2,5 мыңнан астамы қауіпті сапар барысында діттеген жерлеріне жете алмай, көз жұмды. «Еуропол» мәліметтеріне сәйкес, жыл басынан бері Еуро одақ елдерінің құқық қорғау органдары мигранттардың заңсыз контрабандасына қатысты шамамен 1400 жаңа іс ашты. Аталған тергеу амалдары барысында құқық қорғау органдарының күдігіне шамамен 30 мың адам ілікті.

Будапешт вокзалындағы дүрбелең

Сейсенбі күні Венгрия билігі Будапештің ірі темір жол вокзалдарының бірі Келетиді жауып тастады. Мұндай шара босқындардың Германия арқылы Австрияға өтуіне тосқауыл қою үшін жасалған болатын.

Таяуда ғана Венгрия мен Австрияның шекарасында Будапештен Мюнхенге кетіп бара жатқан босқындар мінген пойыз тоқтатылған еді. Пойыз вагонында шамамен 400 мигрант болған. Жалпы, Венгрия астанасынан не бәрі бір тәуліктің ішінде ғана 3,5 мыңнан астам мигрант шығып кеткен. Африка мен Таяу Шығыс елдерінен келген босқындардың басым бөлігі Венгрия мен Грекия сынды Еуропа одағының бай емес мемлекеттерінде қалғылары келмейді. Олар үшін Будапешт Австрия, Германия және Швейцарияға өту жолындағы соңғы аялдама десек те болады.

Сонымен темір жол вокзалы алдына тосқауыл құрған полиция бөлімшелері мигранттарды ғимараттан шығаруға шақырды. Ал қолдарында бірнеше жүз еуроға сатып алған билеттері бар босқындарды ғимаратқа кіргізбей қойды. Жайлы өмірге ұмтылған жандар бұған наразылық ретінде вокзал алдына жиналып, «Германия! Германия!» деп ұрандатты. Полиция босқындарды екі тәулік бойы ұстап тұрды. Ал бұл кезде вокзал алдындағы алаңға 3 мыңнан астам мигрант жиналып қалған болатын.

Бірақ, бейсенбі күні жағдай ушығып, бақылаудан шығып кетті. Полиция тосқауылын бұзып өткен жүздеген босқын перронға жетіп, жапа-тармағай Батысқа қарай бет алған пойызға мініп алды. Осыдан кейін вокзал әкімшілігі Венгрия астанасынан батыс еуропалық бағытта қатынайтын пойыздардың жүруіне шектеу қойды.

Пойызға отыра алмай қалған жүздеген мигрант Австриядан Германияға жаяу тартып та кетті. Олар 200 шақырымдық аралықты 5 күнде жүріп өтпек. Вокзал алдындағы алаңнан бой тасалаған босқындар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көздеріне түспеу үшін шағын топтарға бөлінуде. Дегенмен, Венгрия ІІМ адамдардың шекараны кесіп өтуіне жол бермейтіндіктерін мәлімдеуде.

Бұған қарамастан босқындар Венгрия аумағындағы 2 лагерден қашып кетті. Атап айтқанда, Рескеден шамамен 700, ал Бичке лагерінен 300-ге жуық босқын бой тасалаған.

Мигранттар Еуротоннельге шабуылдауда

Сәрсенбі күні түн ортасында шамамен 700 жолаушының бірнеше сағат бойы Ла-Манш жер асты жолында тоқтатылған пойызда отыруларына тура келді. Оның басты себебі - Франциядан Ұлыбританияға жетуге ұмтылған заңсыз мигранттар.

«Еуростар» пойыздардың оператор компаниясы жер асты жолында бірнеше жүздеген адамның пайда болуына орай қозғалысты тоқтатуға мәжбүр болды. Босқындар осы жол арқылы Ұлыбритания аумағына өтпек еді.

Машинист жол бойындағы босқындарды Францияның Кале қаласы ауданындағы жүк терминалына таяу жерден байқап қалған. Бұл жолы Еуротоннельдің қауіпсзідігінің жол бойындағы төрт метрлік қоршау да қорғай алмады.

Оқиға салдарынан 5 пойыздың қозғалысына шектеу қойылды, олардың төртеуі Францияға бағыт алған. Машинстер мен жолаушылар Франция полициясы жол бойынан мигранттарды алып кеткенге дейін күтулеріне тура келді.

Соңғы бірнеше ай бойы Калеге тақау жердегі босқындар лагеріне қоныстанған мигранттар Ла-Манш жер асты жолы арқылы Франциядан Ұлыбританияға өтіп кетуге ұмтылуда.

Ұлыбритания босқын мәртебесі мен қаржылай жәрдемақы беру арқылы мигранттардың сүйікті орнына айналып үлгерген. «Еуростар» компаниясының ақпаратына қарағанда, ағымдағы жылдың қаңтары мен тамыз айының басы аралығында ғана құқық қорғау органдары тоннель арқылы Ұлыбританияға өтпек болған босқындардың жолын 40 мыңға жуық рет кескен.

Есте болса, шілде айының соңында 2 мың мигрант Еуротоннельді басып алуға ұмтылған еді. Осыдан кейін Ұлыбритания билігі жерасты жолының күзетін күшейтіп, тіпті қызметтік иттердің де көмегіне жүгінуде.