ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Жоғалған Boeing 777-200 - біреулер айдап кетті ме әлде қайғылы жағдай орын алды ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен Malaysia Airlines компаниясына тиесілі Boeing 777-200 ұшағын іздеу жұмыстарына әлемнің ондаған елі білек сыбана кіріскенімен, құпия сырдың ұшығы шығар емес. Есте болса, Куала-Лумпурдан Бейжіңге бет алған MH370 бағытындағы әуе кемесі Малайзия жағалауынан 220 шақырым жерде болған кезінде радардан жоғалып кеткен болатын. Ұшақ жерге борттағы қандай да бір техникалық ақаудың орын алғандығы не болмаса қандай да бір проблеманың пайда болғандығы жайында дабыл жібермеген. Әуе кемесінің бортында 227 жолаушы мен 12 эпипаж мүшесі бар еді. Әлі күнге дейін олардың тағдыры белгісіз.

Ұшақ соңғы рет әуеге көтерілгеннен кейін 1 сағаттан астам уақыттан кейін Таиланд бұғазы үстінен өтіп бара жатқан кезінде тіркелген. Соңғы сәттерге дейін авиадиспетчерлер ұшу бағдарын бақылап әрі ұшқыштармен әдеттегідей байланысқа шығып отырған еді.

Бастапқы кезеңде ұшақты іздеу ауданы ретінде солтүстік-шығысқа қарай ұшудың тікелей желісі бойынша бағдары қарастырылған болатын. Әуе кемесі Малайзия мен Вьетнам аралығында, Оңтүстік Қытай теңізінде іздестіріліп, іздеу радиусы 185 шақырымды құрады. Дегенмен әскери-теңіз күштерінің әуеден іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. Осыдан кейін іздеу жұмыстары ауданын кеңейтуге бағытталған түзетулер енгізілгенімен ол да еш нәтиже берген жоқ.

Осы аптада Бейжің ұшақ соңғы мәрте байланысқа шыққан теңіз айдынының ғарыштан түсірілген суреттерін жария етті. Онда ұшақ бөлшектеріне ұқсас нысандар сұлбасы байқалады. Бірақ, Вьетнам мен Малайзияның Әскери әуе күштері бірнеше сағатқа созылған іздеу жұмыстарының нәтижесінде жоғарыда аталған заттарды теңіз бетінен таба алмады.

Сәрсенбі күні малайзиялық әскерилер радарларының Малакка бұғазының үстінде, елдің батысында Boeing 777 ұшағымен радио байланыс үзілген сәтте ұшып өткен белгісіз нысанның тіркелгендігін жария етті. Ал бұған дейін ұшақтың Оңтүстік Қытай теңізі үстінде күрт бұрылып, осындан кейін жермен байланыс үзілгендігі жайында хабар таратылған болатын.

Дәл осы күндері американдық БАҚ-тар тергеу амалдарына қатысы бар дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, радар мәліметтеріне сәйкес жоғалған Boeing ұшағы әдейі бағдарын өзгертіп, Андаман аралдарына қарай, яғни Малайзияның солтүстік-батысына бағыт алғандығын жария еткен еді.

АҚШ Қорғаныс министрлігіндегі аталған дереккөзінің хабарлауынша, ұшақ радар бетінен жоғалып кеткеннен кейін де 4-5 сағат бойы жерсерігіне дабыл жіберіп тұрған. Яғни, ұшақ қозғалтқышына орнатылған телеметриялық құрылғыдан әлсіз электронды импульс білінген. Ал бұл дәл осы аралықта ұшақтың әуе қалықтап бара жатқандығын білдіреді. Әзірше Малайзия билігі бұл ақпаратты теріске шығаруда.

Сейсенбі күні жоғалған әуе кемесін іздеу ауданы батысқа қарай жүздеген шағырымға кеңейтілді. Малайзия билігінің өтініші бойынша Пентагон АҚШ Әскери теңіз күштерінің эсминец ұшағын Андаман теңізімен шектесетін Үнді мұхиты ауданына жіберді. Әуе кемесінің бортында тікұшақ та бар, ол да іздеу жұмыстарына араласа алады.

Әуе кемесіне лаңкестік шабуыл жасалуы немесе айдап кетуі нұсқасы да тергеу басталысымен қарастырылып жатыр. Дәл осы ұшақпен жалған төлқұжатпен ұшып шыққан 2 жолаушы шын мәнінде қашқындар болуы әрі әуе кемесінің жоғалуына еш қатысы болмауы да мүмкін. Дегенмен оны растау не болмаса теріске шығару мүмкін болмай отыр. Олардың бірінің кім екендігі әлі күнге дейін белгісіз.

Қазіргі уақытта басты нұсқалардың бірі ретінде ұшақты айдап кету не болмаса қаскүнемдік қарастырылуда. Әскери радарлардағы мәліметтерге сәйкес, белгісіз ұшақ бағдардағы аралық жол нүктелерін қасақана айналып өтіп ұшқан.

Мұндай нұсқаға баса назар аударуға басқа да жайттар түрткі болып отыр. Нақты айтқанда, малайзиялық биліктің ақпаратына қарағанда жоғалған ұшақ бортындағы екі бөлек байланыс жүйесі бір уақытта ажырамаған, олардың ажырау айырмасы шамамен 15 минутты құрайды. Ал бұл сарапшылардың пайымынша, құрылғының ұшақтың ішінен әдейі өшірілгендігін білдіреді.

Malaysia Airlines әуе компаниясы өкілінің мәліметтеріне сәйкес, ұшақ жанармайы 7 сағаттан астам әуеде болуға жеткілікті әрі лайнер Сауд Арабиясының бірқатар аудандарына, Йемен мен Ираққа және әлемнің басқа да елдеріне жете алады.

Тергеу амалдары жүргізілуде. Бұған қоса, жоғалған ұшақ төңірегінде жаңа түсініксіз жайттар да қылаң беріп жатыр. Мәселен, БАҚ-тардың хабарлауынша, Малайзияның мемлекеттік органдары мұнай тұғырнамасында жұмыс істейтін қызметкерден бірнеше хабарлама алған. Ол Оңтүстік Вьетнам жағалауында әуе кемесінің апатқа ұшырағанына куә болыпты-мыс. Хат авторының жазуынша, төмен құлдилаған ұшақ өртке оранып келе жатқан әрі оның корпусы бүтін болған.

Қазіргі уақытта іздеу операциясына 13 мемлекеттің 57 кемесі мен 48 ұшағы жұмылдырылып отыр.