Зика вирусы қауіп төндіріп тұр
Дүйсенбі күні күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Латын Америкасының бірнеше елінде таралған африкалық Зика вирусы Батыс жартышарға толығымен қауіп төндіретінін ресми мәлімдеген болатын.
Зика вирусы ең алғаш рет 1947 жылы Угандада анықталған болатын. Зика безгегі, негізінен, маймылдарда кездеседі, ол - өткір инфекциялық ауру. Алайда кей жағдайларда ол адамға маса арқылы жұғады, әдетте зиянсыз безгек түрінде пайда болады. Алайда вирус жаңа туған нәрестелер үшін қауіпті, нәрестеде вирус микроцефалия тудыруы мүмкін.
Сондықтан да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа туған нәрестелердің дамуын бұзатын Зика безгегі вирусы Оңтүстік, Солтүстік Американы түгелдей қамтуы мүмкін деп болжауда. ДДСҰ вирус тіркелген аудандарға баратын барлық әйелдерге сапар алдында және соңында дәрігерлер кеңесіне міндетті түрде жүгінулерін ескертіп отыр.
ДДСҰ және Еуропалық инфекциялық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми ақпаратына сәйкес 2015 жылғы сәуірден бастап Бразилияда, Оңтүстік Американың басқа да елдерінде Зика безгегі эпидемиясының артқаны байқалады. Қазіргі сәтте Бразилияның 18 штатында 500 мыңнан астам осындай оқиға тіркелгені белгілі. Биылғы жылы Оңтүстік, Орталық және Солтүстік Америкада үштен төрт миллионға дейін адам Зика вирусын жұқтыруы мүмкін. Олардың көбінің ешқандай белгілері жоқ, алайда, бұл вирустың жаңа туған нәрестелерде ми ақауларының пайда болуына әкеп соқтырады деген күдік бар. Айта кетерлігі, АҚШ бұл вирусқа қарсы вакцинаны ағымдағы жылдың соңына қарай сынақтан өткізе бастамақ.
«2007 жылы Зика вирусының географиялық ареалы кеңейді. Бұл ең бірінші рет Тынық мұхиты өңіріндегі арал мемлекеттің бірі Микронезия Федеративті Штатында бұл аурудың етек жаяуына түрткі болды. 2013-2014 жылдары аралығында Тынық мұхитының басқа төрт аралында орналасқан мемлекеттерде безгек белгілері тіркелді», - дейді ДДСҰ бас директоры Маргарет Чен.
Бұл вирус Оңтүстік Америкаға өткен жылы жеткен болатын. Кейбір деректерге қарағанда, бұл құрлық аталған аурудың таралуына өте қолайлы болып тұр. Әсіресе, Бразилияда қауіп жоғары. Тараған ақпараттарға қарағанда, Бразилияда микроэнцефалия - зика вирусына шалдыққан аналар басы өте кішкентай балаларды көп дүниеге әкелуде. Елде қазан айынан бері осындай төрт мыңға жуық оқиға тіркелген. Соңғы аптада олардың саны шамамен 400-ге өскен. Бұл статистика Бразилия тарихында ең ірі вирус індеті туралы айтуға себеп болып отыр. Зика вирусына қарсы дәрі табылмаған. Бүгінде онымен күресудің жалғыз жолы - вирусты тасымалдаушы масалармен күрес жүргізу. Елдің денсаулық сақтау министрлігінен хабарланып отырғандай, Бразилияда вирустан 5 жаңа туылған бала шетінеп кеткен. Мамандар 44 бала өліміне қауіпті індет себепші болуы мүмкін екендігін айтуда.
АҚШ қар құрсауында
Өткен демалыс күндері Құрама Штаттардың Шығыс жағалауына түскен қалың қар миллиондаған ел тұрғындарын әбігерге салып қойды. АҚШ Мұхиттарды және атмосфераны зерттеу ұлттық басқармасы мәліметтеріне қарағанда, бір миллион шаршы шақырымды алып жатқан 26 штаттың 102,8 ммиллион адамы қалың түскен қардан әбігерге ұшыраған.
«Бұл соңғы бір ғасырдағы халық көп жапа шеккен және жауған қар алабы өте үлкен ең ірі табиғи апат болып отыр», - дейді Ұлттық метеорология қызметінің маманы Пол Косин.
Елдің кейбір аудандарына түскен қардың биіктігі бір метрді құрап отыр. Moody's сарапшыларының бағалауынша, қалың жауған қардан келген шығын үш миллиард долларға жуықтауда. Шығынның негізгі бөлігін сатып алушылардың болмауынан дүкендер мен мейрамханалардың және басқа да көңіл көтеру орындарының кіріс алмауы құрап отыр.
Жергілікті БАҚ ақпараттарына қарағанда, қалың түскен қардың салдарынан кемінде 48 адам өлген. Өлген адамның мүрделері Вашингтон, Делавэр, Кентукки, Мэриленд, Нью-Джерси, Нью-Йорк, Северная и Южная Каролина, Огайо, Пенсильвания, Теннесси, Виргиния штаттарында табылған. Қар салдарынан орын алған көлік апатынан, жабық көлікте иіс тиуден және қар тазалау барысында жүрек талмасынан қаза тапқандар бар.
Ауа райының қолайсыздығынан туындаған әбігерге қарамастан ел тұрғындарының көпшілігінің көңіл күйі жақсы десек те болады. Олар әлеуметтік желілерде қар құрсауында қалған суреттерімен жиі бөлісуде.