«Әлем барысында» ел намысын кімдер қорғайды?

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 қазан күні Павлодарда тұңғыш рет өткелі отырған «Әлем барысы» додасында ел намысын кілем иелері ретінде 4 балуанымыз қорғайтын болады, деп жазады massaget.kz.

Кіл мықтылардың боз кілемдегі белдесулері жанкүйерлердің көңілін бір серпілтіп тастары анық. Қазіргі таңда еліміздің атынан сынға түсетін 6 палуанымыз таңдап алынды.

«Қазақстан Барысының» төрт маусымында жеңімпаз атанған Ұлан Рысқұл (2011), Бейбіт Ыстыбаев (2012), Айбек Нұғымаров (2013), Мұхит Тұрсынов (2014) және жүлдегерлер қатарында 2014 жылы финалда өнер көрсеткен Асыл Бәрменов пен қола жүлдегер Руслан Әбдіразақов бар.

Қазір аты аталған балуандар оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, «Әлем барысына» жанын салып дайындалуда. Жарыс жақындаған сәтте осы алты балуанның ішінен бабы келіскен төртеуі таңдалып алынатын болады.