Әлем бойынша 250 млн. бала күштеп еңбекке тартылады - ЕҚЫҰ арнаулы өкілі

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Әлем бойынша 250 млн. бала күштеп еңбекке тартылады. Бүгін елордада ЕҚЫҰ аясындағы Шолу конференциясында «Адам саудасымен күрес» сессиясы бойынша сөз сөйлеген ЕҚЫҰ адам саудасымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі Мария-Грация Джаммаринаро осылай мәлім етті.

«Бүгінгі күні адам саудасына, оның ішінде балалар саудасына қатысты жағдайға келетін болсақ, әрине бұндай «сауданы» сандық мәліметпен дөп басып, айқын айту қиынырақ. Дегенмен, бұл проблеманың ауқымына қатысты бағалаулары да баршылық. Мәселен, Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, бүкіл әлем бойынша шамамен 250 млн. бала күштеп еңбекке жегіледі. Олардың тең жарымы өте қиын жағдайда жұмысқа тартылып отыр», дейді арнаулы өкіл. Оның айтуынша, БҰҰ мәліметтері бойынша бүгінгі күні барлық адам саудасына ұқсас «құрбандыққа» түскендердің 40-50 пайызға жуығы балалар болып табылады.Әрине, бізде нақты мәліметтер жоқ, өйткені бұндай қылмыстың тек аз ғана бөлігі тергеуге алынатыны, қылмыстың шамалы ғана бөлігі анықталып жататыны белгілі. Зерттеуге сәйкес, балалар әсіресе қақтығыс алаңдарында көбірек «саудаға» түсіп отыр. БҰҰ бағалауы бойынша, жалпы әлемде 8 жастан жоғары 30 мыңға тарта бала «жауынгер» болып, қолына қару алуға мәжбүрленген. Бұндай мәжбүрлеушіліктер бір жерде көтерілісшілер тарапынан орын алса, кейбір өңірде үкіметтік билік тарапынан да жүзеге асқан», деді - Г. М. Джаммаринаро.