Әлем бойынша өтетін көрме өз жұмысын Астанадан бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Оқушылар сарайында «WEOM» - World Exhibition of masks" әлемдегі жалғыз маскалар коллекциясының эксклюзивті көрмесі өтіп жатыр. Шара барысында келушілер назарына жеке коллекция жиюшының дүниенің түкпір-түкпірінен жинаған 371 маскасы ұсынылады. Бұл туралы astana.kz сайтына Жастар саясаты істері Басқармасынан хабарлады.

«Аталған іс-шара адамдарды өзге елдердің тарихымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. 2017 жылы Астанаға жер-жерден түрлі ұлт өкілдері келеді. Сондықтан, алдымен осы мемлекеттердің тарихымен таныстырмақпыз. Бұл жастардың мәдениетін дамытуға, мәдени құндылықтарға дағдыландыруға, халықтың халықаралық және әлеуметтік жобаларға ниеттілігін дамытуға септігін тигізеді»,- деді astana.kz сайтына жобаның бас директоры Йохан Флайер. Оның айтуынша, дүние жүзінде маскалардың баламасы жоқ. Көрмеге Венеция, Қытай, Италия, Батыс Африка, Үндістан және басқа да мемлекеттерден әкелінген маскалар қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлем бойынша өтетін көрме өз жұмысын Астана қаласынан бастайды. Содан кейін Ресей, Украина, Белорусь, Қытай, Германия, Франция, Италия және АҚШ мемлекеттерінің ірі қалаларында ұйымдастырылады. Бірегей көрме Оқушылар сарайының галереясында 14 наурызға дейін жалғасады. Кіру бағасы - 200 теңге.