Әлем чемпионаты: АҚШ хоккей құрамасы Венгрияны ірі есеппен жеңді

Фото: Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионында 11 мамырдағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды. 

Бұл күні АҚШ құрамасы Венгрияны 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Кездесу барысында олардың қатарынан Фрэнк Назар 14, 16, Каттер Готье 30, 41, Конор Гарланд 41,Логан Кули 54-минутта мергендік танытты.

Тағы бір кездесуде А тобында ойнайтын Словакия хоккейшілері Словенияны 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ойында словакиялық құрамадан Себастьян Чедерле 8, Павол Регенда 9, Михал Криштоф 31-минутта қақпаны дәл көздесе, оған словениялық Кен Ограеншек 46-минутта бір голмен жауап қайырды. 

Дәл қазір А тобында Латвия құрамасы Канадаға 1:3 есебімен жеңіліп жатса, Қазақстан мен Германия кездесуінде 1:1 есебі тіркелген.

Сондай-ақ В тобында Норвегия мен Чехия, А тобында Финляндия мен Франция шеберлік байқасады.

Әлем чемпионаты 1920 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қазірге дейін Канада - 28 Ресей (КСРО) - 27, Чехия (Чехословакия)- 13, Швеция - 11, Финляндия - 4, АҚШ - 2, Ұлыбритания мен Словакия -1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.