Әлем чемпионаты алдында Астанада 350-ден астам балуан оқу-жаттығу жиынын өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Күрес түрлерінен әлем чемпионаты қарсаңында Астанада 350-ден астам балуан қатысатын халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл туралы Қазақстан күрес федерациясы бас хатшысы Гүлбарам Құлахметова хабарлады.

Фото: ҰОК

Оқу-жаттығу жиыны 18-23 қазан аралығында Астанадағы Халықаралық күрес академиясының базасында ұйымдастырылады.

— UWW талаптарына сәйкес сертификатталған заманауи Академияда бүгінгі жоспар бойынша 350-ден астам балуан дайындықтан өтеді. Олардың қатарында АҚШ, Жапония және басқа да жетекші күрес елдерінің өкілдері бар, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазақстан күрес федерациясы бас хатшысының айтуынша, әлемнің мықты балуандары Қазақстанға тек әлем чемпионатына қатысу үшін ғана емес, жарыс алдындағы соңғы дайындық кезеңін өткізу үшін де келеді.

— Әлемнің мықты балуандары Қазақстанға тек жарысқа қатысу үшін емес, чемпионат алдындағы соңғы дайындық кезеңін өткізу үшін де келеді. Бұл қазақстандық спортшыларға әлемнің үздіктерімен бірге жаттығып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, — деді Гүлбарам Құлахметова.

Сонымен қатар әлем чемпионатын өткізуге 250 волонтер жұмылдырылады.

— Бұл жастар үшін халықаралық деңгейдегі үлкен спорттық іс-шараны ішінен көріп, тәжірибе алудың мүмкіндігі. Біз үшін осы білім мен тәжірибенің чемпионатпен бірге кетпей, Қазақстанда қалуы маңызды, — деді федерация өкілі.

Оның айтуынша, әлем чемпионатының маңызды міндеттерінің бірі — балалар мен жастарды күреске тарту. Осы мақсатта күндізгі жарыс сессияларына спорт мектептері мен күрес секцияларында жаттығатын балалар үшін тегін билеттер қарастырылған.

Еске сала кетейік, жарысқа әлемнің жүзден астам елінен 1000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған.