Әлем чемпионаты: Алуа Балқыбекова екінші жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 11 наурызда Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының үшінші жарыс күнінде Алуа Балқыбекова марокколық Ясмин Мутакимен жекпе-жек өткізді.
Алғашқы екі раундта қазақстандық боксшының басымдығы байқалды. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан оның жеңісіне қолдау білдірді. Шешуші кезеңде де сол қарқыннан тайған жоқ.
Төрешілер шешімімен ол қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
Алуа бұдан бұрын 1/16 финалда кениялық Нзиваны жеңген еді.
Алуа Балқыбекова - ел құрамасындағы тәжірибелі боксшының бірі. Әлем чемпионатында 2022 жылы күміс алса, 2023 жылы қола жүлдегер атанды. 2021, 2022 жылдарда Азия чемпионы болды.
Енді Алуа ширек финалда түркиялық Айсен Таскинмен кездеседі. Бұл жекпе-жек 13 наурызға жоспарланған.
Сондай-ақ бүгін ел құрамасынан Виктория Графеева (60 кел) грекиялық София Легаки, Аида Әбікеева (63 келі) қытайлық Чжао Шуоюй, Жасмин Қизатова (66 келі) Кабо-Верде боксшысы Ивануса Морейра, Гүлсая Ержан (81 келі) қытайлық Ван Сяоменгпен қолғап түйістіреді.
Ал алғашқы жекпе-жегінде қарсыласы бас тартқан Жайна Шекербекова (54 келі) бүгін мексикалық Ариадна Хиль Алонсомен кездеседі.
Қазақстандық тағы бір боксшы Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) 13 наурыз күні сербиялық Сара Милковичпен шаршы алаңға шығады.
Алдағы күндері Назым Қызайбай (48 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Жасмин Қизатова (66 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі) сынға түседі.
Ел құрамасынан Анита Адишева (52 келі) 1/16 финалда/мексикалық Патино Хуарезге есе жіберді.