Әлем чемпионаты: Аустрия Сан-Мариноны ірі есеппен жеңді

Фото: Championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде Еуропа құрлығы бойынша кезекті тур ойындары өтті.

Бұл күні төрт топтағы құрамалар өзара шеберлік байқасты.

C тобында Шотландия Грекияны 3:1 есебімен жеңсе, Беларусь Данияға 0:6 есебімен есе жіберді. Турнир кестесінде үш турдан кейін 7 ұпаймен Дания мен Шотландия алғашқы екі орынды өзара бөліссе, Грекия 3 ұпай алды. Ал Беларусьтің қоржыны бос.

G тобында Мальта Нидерландқа 0:4 есебімен жеңілсе, Финляндия Литваны 2:1 есебімен қапы қалдырды. Бес ойында 13 ұпай алған Нидерланд көш басында келе жатса, Польша 10, алты турдан кейін Финляндия 10, Литва 3, Мальта 2 ұпай еншілеп тұр.

Ал H тобында Аустрия Сан-Мариноны 10:0 есебімен ойсырата жеңсе, Кипр мен Босния мен Герцоговина 2:2 есебімен тең түсті. Бес турдан кейін ұпайдан шашау шығармаған Аустрия 15 ұпаймен бірінші орынға жайғасса, алты ойыннан Босния және Герцоговина 13, Румыния 7, Кипр 5 ұпай алды. Ал Сан-Марино барлығына есе жіберіп, ұпайға қол жеткізе алған жоқ.

Сондай-ақ L тобында Фарер аралдары Черногорияны 4:0 есебімен тізе бүктірсе, Чехия мен Хорватия 0:0 есебіне қанағат білдірді. Турнир кестесінде бес турдан соң Хорватия 13, алты ойыннан Чехия 13, Фарер аралдары 9, Черногория 6 ұпай алса, Гибралтар бірде-бір ұпайға ие болған жоқ.

Айта кетсек, Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін, 10 қазан күні 19:00-де Лихтенштейнге қарсы ойнайды. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.