АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы бүгін әлем чемпионатындағы үшінші ойынын Аустрияға қарсы өткізеді.
Отандастарымыз бірінші дивизионның А тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Дания, Мажарстан, Словения, Австрия және Украина.
Екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесті. Барлығында қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетті.
Сондай-ақ аталған топта бүгін Украина мен Словения, Мжарстан мен Дания ойнайды.
Қазірге дейін қазақстандық хоккейшілер Словенияға буллиттен 2:3, Данияға 2:5 есебімен есе жіберсе, одан кейін Мажарстанды 4:0 есебімен тізе бүктірді. Турнир кестесінде төрт ұпаймен екінші орынға табан тіреді.
Көш басында 9 ұпаймен Дания құрамасы келеді. Одан кейінгі орындардағы Украинаның - 6, Словенияның -5 ұпайы бар. Ал бесінші орындағы Аустрия 3 ұпай еншілесе, әзірге Мажарстанның қоржыны бос.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.