Әлем чемпионаты: Канада хоккей құрамасы көш басына шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден 2025 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында 15 мамырдағы соңғы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.
Екі кездесудің бірінде А тобында Канада құрамасы Аустрияны 5:1 есебімен тізе бүктірді.
Ойын барысында алдымен аустриялық хоккейшілер есеп ашқан еді. Олардың қатарынан Винценц Рорер 11-минутта мергендік танытты.
Одан кейін Канада сапынан Натан Маккиннон 21, 33, Трэвис Конечны 48, Уилл Кайлли 51, Сидни Кросби 58-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша Канада 12 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.
Тағы бір ойында В тобында Чехия құрамасы Мажарстанды 6:1 есебімен жеңді.
Кездесуде чехиялық Давид Пастрняк 17, 43, Якуб Флек 19, Петр Кодытек 29, Ондржей Беранек 46, Лукаш Седлак 47-минутта қарсылас қақпасынан саңылау тапса, оған мажарстандық Андраш Михалик 35-минутта бір голмен жауап қайырды.
Сондай-ақ 15 мамырда А тобында Финляндия Словенияны 9:1 есебімен тізе бүктірсе, В тобында Швейцария Германияны 5:1 есебімен жеңді.
Енді бүгін, 16 мамырда А тобында Аустрия мен Франция, Швеция мен Словения, В тобында Венгрия мен Дания, Швейцария мен Норвегия ойнайды.