Әлем чемпионаты: Қазақстан атынан жүзу спортынан кімдер қатысады

Фото: kazswimteam

АСТАНА. KAZINFORM — Сингапурде өтетін су спорты түрлерінен әлем чемпионатында жүзуден еліміздің атынан кімдер сынға түсетіні белгілі болды.

Әлемдік додада биылғы жылдың негізгі спорттық оқиғасының біріне бағаланады. Беделді бәсеке алғаш рет Сингапурде жалауын көтерді. Онда 6 спорт түрінен 77 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Олардың қатарында суға жүзу, ашық суда жүзу, синхронды жүзу, суға секіру, хай-дайвинг, су добы спорты бар. Онда 100-ден астам елден 2500-дей спортшы сайысқа түседі.

Су спортынан ең көп 42 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Бұл бәсекеде жүзуден еліміздің атынан 6 спортшы жүлдеге таласады.

Айта кетсек, әлем чемпионатына тек арнайы нормативтерді орындаған жүзушілер ғана жолдама алды. 

Қазақстандық спортшылардың тізімі:

Әділбек Мусин (50 метр баттерфляй)
Ксения Игнатова (100 метрге шалқалай жүзу)
Аделаида Пчелинцева (50 метрге брасс әдісімен жүзу)
Софья Сподаренко (50 метрге баттерфляй әдісімен жүзу)
Арсен Қожахметов (50 метрге брасс әдісімен жүзу)
Глеб Коваленя (50 метрге шалқалай жүзу).

2023 жылы синхронды жүзуден Эдуард Ким қола алса, былтыр еліміздің атынан қатысқан Наргиза Болатова мен Эдуард Ким көркем жүзуден аралас сайыста жеңіс тұғырына көтерілді. 

Әлем чемпионаты 3 тамыз күні мәресіне жетеді. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы қызметіне жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин тағайындалды.