Әлем чемпионаты: Қазақстан гандбол құрамасы Конго Республикасынан жеңілді
Бүгін гандболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Конго Республикасына есе жіберді, деп хабарлайды Kazınform.
Қазақстандық гандболшылар жарыстың алғашқы сатысында G тобында сынға түсіп, Испаниядан 17:34, Бразилиядан 16:46, Украинадан 24:37 есебімен жеңіліп қалды.
Әлем чемпионатының алғашқы сатысында әрбір топта төртінші орынды місе тұтқан құрамалар енді Президент кубогында екі топқа бөлінді.
Жарыстың аталған сатысында екінші топтағы алғашқы ойында қазақстандық гандболшылар Конго Республикасына 36:37 есебімен есе жіберді.
Ойын барысында негізінен қазақстандық құрама алда тұрған еді. Ойын соңына қарай Африка құрлығынан келген гандболшылар жинақы қимылдап жеңіске қол жеткізді.
Енді ел құрамасы 9 желтоқсанда Чили, 11 желтоқсанда Иранмен шеберлік байқасады.
Әлем чемпионаты 17 желтоқсанда мәресіне жетеді.
Қазақстандық гандболшылар әлем чемпионатына жетінші мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары көрсеткіші – 2007 жылғы 18-орын.