Әлем чемпионаты: Қазақстан хоккей құрамасы Германияға жол берді

Фото: Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 17 мамырда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы бесінші кездесуінде Германияға қарсы ойнады.

Қазақстандық хоккейшілер элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін әрбір кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салатын анық еді. Бұл орайда Германияның ортанқол ұжым саналатыны белгілі. Сондықтан бүгінгі кездесуде ел құрамасы ұпай қорын молайтуға күш салатыны анық болатын.

Алғашқы кезеңде қарсыластар сапынан Максимилиан Шубер 1, Паркер Туоми 2-минутта мергендік танытса, оған қазақстандық Роман Старченко 7-минутта бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңде Германия құрамасынан Джон-Джейсон Петерка 21, Лукас Райхель 28, Лукас Кельбл 35-минутта үш шайба соғып кетті.

Үшінші кезеңде де германиялық хоккейшілердің қарқыны бәсеңдеген жоқ. Олардың қатарынан Лукас Райхель 50, Фредерик Тиффельс 54, Максимилиан Кастнер 58-минутта гол соқса, қазақстандық Артём Королёв 51-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша ел құрамасы қарсыласына 2:8 есебімен жол берді.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Францияны 3:1 есебімен жеңсе, Словакияға 2:6, Латвияға 0:2, Швецияға 1:3 есебімен есе жіберді.

Енді ел құрамасы 19 мамырда АҚШ, 20 мамырда Польша хоккейшілерімен шеберлік байқасады.