АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан құрамасының қатысуымен өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында 12 мамырдағы ойындардың нәтижесі белгілі болды.
10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өтіп жатқан дүбірлі додада қазақстандық хоккейшілер В тобында Франция, Словакия, Латвия, Швеция, Германия, АҚШ және Польшамен сынға түсіп жатыр.
Кеше, 12 мамырда қазақстандық хоккейшілер Словакияға 2:6 есебімен жеңіліп қалды.
В тобында Латвия Францияны овертаймда 3:2 есебімен жеңсе, Швеция Польшаны 5:1 есебімен тізе бүктірді.
Ал А тобында Финляндия Ұлыбританияны 8:0, Канада Данияны 5:1, Швейцария Австрияны 6:5 есебімен жеңді.
Енді 13 мамырда В тобында АҚШ пен Словакия, Германия мен Швеция, А тобында Швейцария мен Чехия, Норвегия мен Финляндия құрамалары ойнайды.
Қазақстандық хоккейшілер алдағы ойынын 14 мамырда Латвияға қарсы өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.