АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы бүгін әлем чемпионатындағы үшінші ойынын Данияға қарсы өткізеді.
Отандастырымыз бірінші дивизионның А тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Дания, Мажарстан, Словения, Австрия және Украина.
Қазірге дейін қазақстандық хоккейшілер Словенияға буллиттен 2:3 есебімен есе жіберсе, одан кейін Мажарстанды 4:0 есебімен тізе бүктірді. Турнир кестесінде төрт ұпаймен екінші орынға табан тіреді.
Дания алғашқы екі кездесуінде Аустрияны 5:3, Украинаны 5:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде бірінші орында келеді.
Екі құрама бұған дейін бес мәрте кездесті. Оның екеуінде отандастарымыз жеңіске жетсе, қалғанында қарсыласына есе жіберіп қойды.
Сондай-ақ бүгін аталған топта Украина мен Аустрия, Словения мен Мажарстан шеберлік байқасады.
Ал қазақстандық хоккейшілер 24 сәуірде Австрия, 26 сәуірде Украинамен кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.