Әлем чемпионаты: Назым Қызайбай жарысты жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 12 наурызда Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Назым Қызайбай (48 келі) жарысты жалғастырады.

Фото: Сали Сабыров

Ол бүгін 1/8 финалда Словакия боксшысы Николь Дуриковамен кездесіп, еш қиындықсыз келесі айналымға өтті. Үшінші раундта қарсыласын 3 мәрте нокдаунға жіберді. Жекпе-жектің аяқталуына 30 секунд қалғанда мерзімінен бұрын жеңісе жетті.

Енді ел құрамасынан күндізгі сессияда Карина Ибрагимова (57 келі) колумбиялық Валерия Арболеда, Надежда Рябец (75 келі) Сьерра-Леоне өкілі Коромамен шаршы алаңға шығады.

Ал Наталья Богданова (70 келі) кешкі сессияда испаниялық Мас Мартинезбен қолғап түйістіреді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Алуа Балқыбекова (50 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Жасмин Қизатова (66 келі) ¼ финалға жолдама алды.

Сондай-ақ алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваны тізе бүктірген Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) енді 13 наурыз күні сербиялық Сара Милковичпен кездеседі.

Бұған дейін 12 наурыз күні бокстан ел құрамасынан кімдер сынға түсетінін жаздық.